Оның құрамына термометрлер, бетперделер, дезинфекциялық құралдар мен нестероидтік қабынуға қарсы препараттар кіретін дәрі кобдишалары коронавирус ауруының одан әрі таралуының алдын алуға ықпал ету үшін Қазақстанның барлық өңіріне жөнелтілді.
«Бұл халықтың ең осал тобын қолдауға бағытталған маңызды және қажетті жоба. Алғашқы медициналық көмек қобдишалары біздің азаматтарға COVID-19 ауруының алдын алуда көмектеседі деп үміттенеміз», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабагина.
«Пандемия басталғаннан бері БҰҰ ДБ дағдарыс салдарын жұмсарту мақсатында Қазақстан Үкіметіне жедел көмек көрсетуде. АДБ-мен бірлесіп біз ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің төтенше жағдайларға тұрақтылығын нығайтуға жәрдемдесіп келеміз. Осы жолы біз Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне дәрі-дәрмек пен жеке қорғану құралдарын сатып алу бойынша қолдау көрсеттік», деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰ ДБ Тұрақты өкілі Якуп Бериш.
Қазақстандағы АДБ Өкілдігінің басшысы Нариман Манапбеков: «Әлемдегі бірде-бір ұйым және ел пандемияны жалғыз өзі жеңе алмайтыны анық болды. БҰҰ ДБ-мен және басқа да даму жөніндегі серіктестермен тығыз ынтымақтастықта бола тұра, АДБ Қазақстан Үкіметіне пандемиямен күресінде қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Осы жобаның шеңберінде біз Қазақстанға вирустың таралуын тежеуге және пандемияны жеңуге көмектесе отырып, неғұрлым осал отбасыларына қолдау көрсетеміз», деді.
Денсаулық сақтау министрлігі Халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаментінің директоры Гүлнәр Мұқанова ведомство атынан бүкіл ел бойынша аз қамтылған азаматтарға дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жеткізу жөніндегі жобаны іске асырған серіктестерге ризашылық білдірді. Оның пікірінше, бұл бастама мемлекет қабылдаған коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл және экономикалық тұрғыдан қалпына келу жөніндегі іс-шараларға жақсы қосымшаға айналады.
Бұл жобаның іске асырылуы Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ), әсіресе саламатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жастағы аман-саулыққа ықпал ету жөніндегі 3-мақсатқа және олардың «ешкімді артта қалдырмау» деген түйінді қағидатына сай келеді.