Аймақтар • 12 Шілде, 2021

Аялдама аялайды уақытты

469 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемен аялдамаларында сарылып автобус күтетін уақытыңызды босқа жібермеу үшін Оралхан Бөкейдің шығармаларын оқи отыруыңызға болады. «...Мәре-сәре қаланың тіршілігіне араластым. Бәрібір ауылдың ақ ниетті абзал жандарын ұмытпа алмадым. Ұмыту қиын да ғой...» деуші еді жазушы.

Аялдама аялайды уақытты

Айтқандай, Оралханның шығармаларына бас қойсаңыз, қаланың қауырт тіршілігін бір сәтке ұмытып, ауылдың кең көшесін кезіп жүргендей күйде боласыз. Енді өскемендіктер жазушы шығармаларын аялдамада тұрып-ақ оқуларына болады. Нақтырақ айтсақ, Ертісті жаға­лай жатқан Е.П.Славский кө­ше­сіндегі аялдамалар кі­тапхана үлгісінде қайта жасалды. Аялдамадағы көрнекілік тақтасында көрсетілген QR-код арқылы Оралхан Бөкейдің шығармаларын таңдап алып, оқи бересіз. Бұл игі бастамаға қала тұрғындары риза.

– Кімнің ойына кел­се де, дұрыс бастама болды. Аял­­да­мада босқа телефонға телмір­генше, онлайн болсын әңгіме оқып тұруға болады. Оның үстіне, Өскеменде автобустар сирек жүреді. Керек бағытың келгенше, бір кітапты аударып тастауға болады, – дейді әзіл-шынын араластыра пікір білдірген Назерке Тоқанова.

Ұялы телефонда ақпарат жетіп артылады. Керегінен керексізі көп-ау. Тұрғындар қауызы бар, дәні жоқ жазбаларды санасына сіңіргенше, жазушының жан дүниесіне үңіліп, рухани азық тапқаны әлдеқайда тиімді емес пе?! Әйтеуір телефонға тәуелді екенбіз, ішінен аз да болса керек дүние алуға талпынған жөн. Оралхан Бөкей атындағы кітапхана басшылығының айтуынша, бұл бастама әлі де жалғасын таба бермек.

 

Өскемен