
Аргентинада «Дакар-2014» ралли марафонына қатысып жатқан қазақстандық көлік жанып кетті. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Сан-Луистан Сан-Рафаэль қаласына келе жатқан кезде Бауыржан Исабаев пен Ғабдулла Әшімов мінген «Proto Overdrive» жол талғамайтын көлігінен өрт шықты. Абырой болғанда, жүргізуші мен штурман зардап шеккен жоқ. Алайда, олардың автокөліктері түгі қалмай жанып кеткен. Бұдан бөлек, айтулы додаға еліміздің тағы үш экипажы қатысуда. Оның екеуі жол талғамайтын көліктер сапында сайысқа түссе, біреуі жүк көліктерінің арасында бақ сынайды.
«Дакар-2014» ралли марафонының екінші кезеңі аяқталды. Қазақстан атынан өнер көрсетіп жатқан екінші жол талғамайтын көлік мәреге 31-болып жетті. Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко басқарған көлік 789 шақырымды 5 сағат 11 минут 9 секундта бағындырды.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: 24.kz
Фото: Vesti.kz