Өнер • 12 Шілде, 2021

Елордалықтар корей суретшісінің цифрлық туындыларын тамашалай алады

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан тұрғындары 2021 жылдың 12 қыркүйегіне дейін корей суретшісі Ли Инамның цифрлық өнер туындыларының көрмесін тамашалай алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордалықтар корей суретшісінің цифрлық туындыларын тамашалай алады

Елордадағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығы Елбасы кітапханасы және Нұрсұлтан Назарбаев қорымен бірлесіп ұйымдастырған корей суретшісі Ли Инамның цифрлық өнер туындыларының көрмесі ашылды.

Көрме аясында әлемге әйгілі корей бейне суретшісі Пэк Намджунның мұрагері, әйгілі корей медиа өнерінің шебері Ли Инамның жұмыстары ұсынылды. Автор Ли Инам Шығыс Азияның классикалық кескіндемесінің әйгілі картиналарын негізге ала отырып, шығыс және батыс өнерін үйлестіріп, цифрлық өнерді ұсынды.

«Мен пандемияға байланысты ашылу рәсіміне қатыса алмағаныма өкінемін. Бірақ соған қарамастан, Қазақстанда корей классикалық кескіндемесінің танымал картиналарын пайдалана отырып, цифрлық өнер туындыларын көрсететін көрменің маңызы зор деп санаймын. Осы көрме үшін мен «Жарықтың жандануы» тақырыбына жұмыстар дайындадым. Оның басты идеясы көрме кеңістігін және Корея мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынастардың тарихи сипатын «жарықтандыру» болды. Сол арқылы екі ел арасындағы берік достық пен ынтымақтастықтықтың мәні ашылды», деді көрме авторы Ли Инам онлайн байланысқа шығып.

Корей мәдени орталығының директоры Ли Херанның айтуынша, бұл көрме Корея туралы негізінен K-pop және корей сериалдары арқылы білетін қазақстандықтар үшін цифрлық өнер арқылы корей сұлулығын сезінуге және білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері дамып келе жатқан екі ел арасындағы мәдени және экономикалық алмасудың жандануына ықпал етеді.

«Біздің мәдени орталық Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында қазақстандықтарға корей медиа өнерінің туындыларын ұсынуға қуанышты. Автор Ли Инамның еңбектерінің арқасында Корея туралы көбірек біле аласыз, сондай-ақ орталықтың алдағы іс-шараларына үлкен қызығушылық танытып, қатыса аласыз деп үміттенемін», деді Ли Херан.