Көрме Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдениет орталығымен бірлесіп, Нұрсұлтан Назарбаев қорының көмегімен ұйымдастырылды.
Көрме қазіргі заманғы көркем тілге, тың техника саласына қызығатын көрермендерді қызықтыруға бағытталған. Ли Инамның цифрлы туындылары бейне, дыбыс, қозғалыс арқылы көрерменнің шығармамен байланыс орнатуына, өзін кеңістіктің ішінде сезінуге мүмкіндік береді.
Көрмені Елбасы кітапханасының Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева ашты: «Бұл көрменің ерекшелігі неде? Мұнда жиырма жылдан бері белсенді дамып келе жатқан бағыт ұсынылады. Оны кейбіреулер медиа-өнер десе, енді бірі диджитал өнер деп атайды. Біз жоба авторы Ли Инам мырзамен хабарласып, оның жұмысын терең зерттей келе, жалпы бір арнаға тоғысу идеясын көтердік. Көрмеде адамның күнделікті күйбең тіршіліктен сәл аяңдап, ертеңгі күн туралы ойға шомып, кез келген кедергілерге қарамастан алдағы мүмкіндіктердің шексіздігін көрсететін бес картина ұсынылды».
Өз кезегінде Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-сок Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстанның астанасында ашылған көрменің ерекше мәнге ие екендігін айтты.
«Көрме әлемге әйгілі кореялық медиа-суретші Пэк Нам Джунның мұрасын жалғастырушы Ли Инамның ең алғашқы әрі жаңа туындылары арқылы сіздерге Кореяның мәдениеті мен сұлулығын жеткізу үшін ұйымдастырылды», деді елші.
Жаһандық сын-қатерлер әлемдік экономикаға ықпал етіп қоймай, өнерде де революциялық өзгерістер тудырды. Мұны Ли Инамның Signal of Light цифрлы өнер туындыларының көрмесі дәлелдейді. Видео-арткеңістіктегі түс, пішін, жарық ұғымдарын қабылдау бейнелеу өнерінің ауқымын кеңейтеді.
Ол үйреншікті емес палитраны негізге алады. Бейнематериалдарды тамашалайтын көрермендер сиқырлы фонарьдан кинотеатрға, оптикалық иллюзия мен панорамалық кескіндемеден виртуалды өмірге дейінгі медиа-өнердің дамуын бақылай алады. Бейне сюжеттері көрерменнің мұқият қарап, тереңірек және ұзақ сезінуіне мүмкіндік береді.