
Жуырда Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин Премьер-Министр Серік Ахметовке Парламент Сенаты мінберінен депутаттық сауал жолдады.

Жуырда Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин Премьер-Министр Серік Ахметовке Парламент Сенаты мінберінен депутаттық сауал жолдады.Сенатор мырзаның Үкімет басшысына қарата: «Құрметті Серік Нығметұлы! Жазушы қауымы әдебиетті жаратар кәсіп иесі ғана емес, ұлт рухы мен қоғам тынысына дем беретін, заман өмірін қозғайтын қуатты күш. Сөз өнерін жаратушы жазушы болғанда, оның алтын бесігі – әдебиет. Менің депутаттық сауалыма арқау болған мәселе – әдебиет тағдыры мен болашағына тікелей әсері бар – қаламақы мәселесі! Бұл пісуі жеткен мәселенің арғы-бергі тарихын өзіңіз де, сіз басқарып отырған Үкіметтің біраз мүшелері де жақсы біледі. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін көркем әдебиет туындыларына осыған дейін тиісті мөлшерде төленбей келген, заңдық тұрғыдан алғанда төленуі тиіс қаламақы қолына қалам ұстаған жазушы дейтін қауымның жанайқайына айналғалы біраз болды. Көп айтылып, қоғам мен билік дәліздерін кезген қаламақы жөніндегі әңгіме Елбасыға да жетті. 2007 жылдың 1 маусымы күні Нұрсұлтан Әбішұлы тиісті орындарға тапсырма берді. Сең орнынан қозғалды. Құжат түрінде өрнектелген айтулы мәселе республика Парламентінің қос палатасында қаралып, 2008 жылдың бюджетінен 193 миллион теңгенің бөлінгені ел есінде. Өзгелер ұмытқанымен, бөріктерін аспанға атқызған бұл қуанышты жағдайды жазушылар ұмыта қойған жоқ. Өкінішке қарай, сол бөлінген қаржы әртүрлі себептермен із-түзсіз кетті. Ең қиыны – Президент тапсырмасы орындалмай қалды. Әрине, бұл жылдар ішінде кітап шығару ісі үзілген жоқ, жандану үстінде. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптар аз таралыммен болса да, республика кітапханаларына жол тартып жатты. Бірақ сол мемлекет сатып алып жатқан кітап иелерінің жанайқайы жауапсыз қалып отыр. «Бұлбұлды мысалмен алдарқатудың» заманы өтті! Сондықтан Мемлекет басшысы тарапынан 2007 жыл мен 2012 жылғы әдебиетті өрістету мақсатында берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынып отырған 2014-2016 жылдардың бюджетіне тек қаламақыға жұмсау мақсатында 560 (бес жүз алпыс) миллион теңгені үстеме қаржы ретінде бөлуге ықпал етуіңізді сұраймын. Қай кезде де, қандай қоғамда да еңбек көркі – өтеу! «Өтеусіз еңбек – қор еңбек», деген сөзінде жазушылар еңбегіне қаламақы төлеудегі оралымсыздықтарға байланысты ащы шындық айтылды. Ал ел жазушылары бұл сөзді Парламент мінберінен қашан айтылады деп көптен бері күтіп жүрген болатын. Осы тұста Жазушылар Одағының басшысы мен сенаторлықты бір адам атқарғаны түптеп келгенде әдебиеттің пайдасына шығатынына да жұрттың көзі жете түскен еді. Сондықтан сенатор сауалын қазақстандық әрбір қаламгердің жанайқайы деп қабылдаған жөн. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген қағидаға жүгінсек, Үкіметке қаламақы қажеттігін бұдан артық жеткізу де мүмкін емес шығар. Енді сенатор сауалы жауабының оңды шешімін күту ғана қалған сияқты. Өйткені, осыдан біраз жыл бұрын ел баспаларынан жарық көретін кітаптарының әр баспа табағына 150 000 теңгеге дейін қаламақы төлеу туралы шешім қабылданғанын естіген жазушылар сол қомақты қаламақыны ұстап көрмесе де одан үміттерін әлі үзген жоқ.
Ойды ой қозғайды. Біздің білетініміз, қаламақы мәселесінде ұсақ-түйек жоқ. Себебі, авторларына қаламақы төлемейтін немесе төлей алмайтын тек қана баспалар мен баспагерлер ғана емес, сонымен бірге, тәуелсіз газеттер мен журналдар да (бұған тәуелсіз радио, телеарна, интернет ресурстарын қосыңыз) көптеп саналады. Осындайда тағы да кеңес заманы еске түседі. Жаңа жаза бастаған кезімізде ауылда тұрсақ та пошта арқылы астанадағы, облыстағы және аудандағы газет, журналдардан қаламақының түбіртегі келіп тұратын. Ал қазір қай оқушы немесе қай студенттен сұрасаңыз да тәуелсіз газет, журналдарда жарық көрген шығармаларына қаламақы алдым деп мақтана алмайды. Өйткені, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған тәуелсіз газеттер мен журналдардың қаламақы төлеуде қалыптасқан тәртібі мен табан тірейтін құжаты жоқ. Тоқсаныншы жылдардың «жабайы нарығы» түлеткен кәсіпкер-баспагерлер, кәсіпкер-редакторлар авторларына қаламақы төлеу керектігі туралы, тіпті, ойларына да алмайды. Қазір олардың алдында жампоз жазушы да жасқаншақтық танытып, арқалы ақын да абдырап қалған. Мысалы, «Нарықтық экономикаға өткенге дейін баспалар мемлекеттік меншік нысанында болды және кітапты басып шығару республикалық бюджеттен қаржыландырылып, авторлық қаламақының көлемі тиісті мемлекеттік органдармен бекітілді. Ал қазіргі таңда авторлық қаламақы мәселесі «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес, автор мен баспа арасында жасалған авторлық келісімшарттың талаптарымен реттелуі керек», дейді заңгерлер. Оларға сенейін десең, өмірде олай емес. Жақында бір жас жазушы келіп, баспадан жаңа шыққан кітабын ұсынды. Алматыдағы кеңес өкіметі кезінен келе жатқан белгілі баспа екен. Әлгі белгілі баспа басшысы жас жазушыға кітабының 50 данасын ғана ұсыныпты. «Қаламақы берген жоқ па?» деп сұрасам, «жоқ» дейді күмілжіп. «Қаламақы жөнінде шартқа отыр деп айтқан жоқ па еді?» деген сауалыма да «жоқ» деген жауап алдым. 50 кітапты азсынған жас жазушы әлгі баспадан тағы 25 кітабын өз ақшасына сатып алыпты. Мұндай жаға ұстатар мысалды ел баспалары бойынша мыңдап келтіруге болады. Бірақ одан не пайда? Тәуелсіз газеттер мен журналдардың, сондай-ақ, баспалардың белгілі бір мөлшерде қаламақы төлеу жөнінде кітап авторымен шартқа отырмайтыны, соның салдарынан қаламақы төлеуден жалтаратыны өзіміздің елді қойып, шетелдегі авторларға да мәлім бола бастаған кезде мұндай мысалдар Үкіметке де, оқырмандарымызға да таңсық емес деп ойлаймыз. Біз бұл арада баспаны жазғырудан аулақпыз. Олар қайдан қаламақы төлесін? Қаржы солай ғана бөлінген.
Қаламақыға байланысты ала-құлалықты қалай түзеуге болады? Біздіңше, ол үшін біріншіден, баспалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының жарғыларына авторларға қаламақы төлеу мен оны төлеудің механизмдері және қаламақының көлемі нақты жазылуы тиіс. Екіншіден, республикалық, облыстық және аудандық прокуратура қызметкері осы құжатқа байланысты газеттер мен журналдар редакцияларының қаламақы төлеудегі заңдылықтарды сақтауын жоспарлы түрде тексеріп отырғаны жөн. Үшіншіден, осы ойды түпкілікті түрде жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңына орай жекелеген авторлардан, шығармашылық одақтардан келіп түскен ұсыныстар негізінде заңға жаңа толықтырулар мен өзгертулер енгізу қажет деп білеміз. Әйтпесе, Қазақстан Республикасының Қаламақы туралы заңын жеке, өз алдына бөлек қабылдау керек шығар. Бұлай болмаған жағдайда тәуелсіздігіміздің баяндылығын жырлап, ел рухын көтеретін, оқырмандарды сөз сиқырымен баурап, оларға эстетикалық тәрбие беретін, ұрпақтардың бойындағы отаншылдық сезімін оятатын көркем туынды авторларына төленетін қаламақы мәселесіндегі бейберекеттік жалғаса беретін сияқты.
Тағы да айтамыз: бұл кілтипанның негізгі түйіні Үкімет тарапынан кітап шығару ісіне бөлінетін қаржыда қаламақы төлеу қарастырылғанда ғана тарқатылатын болады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.