(«ПИК – күрмеуі күрделі кооператив», «Егемен Қазақстан», 26 желтоқсан, 2013 жыл)
Елімізде 2011 жылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты (ТКШ) жаңғырту мен дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтығаны мәлім. Реформа саланы заманауи сапалы деңгейге көтеріп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы толғақты да күрделі проблемаларды кешенді шешуге бағытталған болатын. Алайда, арада 3 жыл өтсе де, пәтер иелері кооперативтері (ПИК) жаңғыртудың ілкімді жолына ілесе алмай, күрмеуі күрделі күйінде қалып отырғанын Солтүстік Қазақстан облысынан үн қатқан мына топтамадағы пікірлер айғақтайды.
(«ПИК – күрмеуі күрделі кооператив», «Егемен Қазақстан», 26 желтоқсан, 2013 жыл)
Елімізде 2011 жылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты (ТКШ) жаңғырту мен дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтығаны мәлім. Реформа саланы заманауи сапалы деңгейге көтеріп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы толғақты да күрделі проблемаларды кешенді шешуге бағытталған болатын. Алайда, арада 3 жыл өтсе де, пәтер иелері кооперативтері (ПИК) жаңғыртудың ілкімді жолына ілесе алмай, күрмеуі күрделі күйінде қалып отырғанын Солтүстік Қазақстан облысынан үн қатқан мына топтамадағы пікірлер айғақтайды.
Сергей ХУДЯКОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық ПИК қауымдастығының төрағасы: – Иә, «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «ПИК – күрмеуі күрделі кооператив» атты мақалада баяндалғандай, бір кездері көпқабатты тұрғын үй қорын, барлық инженерлік-коммуналдық жүйелерімен қоса, тұрғындардың мойнына арта салғаны анық. Оның зардабын, бірінші кезекте тұрғындар тартып отыр. Енді, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Үкіметтің ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын қабылдап, реформа барысында тозығы жеткен коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңартуға мүмкіндік бергенін бәріміз де сезініп отырмыз. Көп жылдар бойы жинақталып қалған қордалы проблемаларды қысқа уақыттың ішінде шешу қиын. Қолдағы мәліметтерге қарағанда, облыс орталығындағы бір мыңнан астам көппәтерлі үйлердің үштен бірі күрделі жөндеуді қажет етеді. Міне, осынша үйлердің жартысында ғана ПИК жұмыс істейді. Жүзге жуық көпқабатты үйлер ешқандай басқару кондоминиумына тартылмаған.
Қарап отырсақ, әлі күнге дейін ПИК-терге жүктелетін міндеттер өте ауқымды да, соларды жүзеге асырудың бірыңғай тетіктері мен құқықтары қамтамасыз етілмеген. Атап айтар болсақ, шатырларды жөндеу, терезелер мен кіреберістердің есіктерін ауыстыру, жертөлелерді, дәліздерді жылыту, жылыту жүйелерін жөндеу, инженерлік, коммуникациялық желілерді ауыстыру секілді сан-алуан талаптар жүктелгенмен, айналып келгенде, тап-тұйнақтай атқаруға күштері жете бермейді. Бүгінгі тұрғын үй қоры жылу, су мен электр қуатын ең көп пайдаланатын тұтынушы екенін ескерсек, тиімсіз шығындар мөлшері 20-25 пайызға дейін жетеді екен. Соның салдарынан қаражат жетімсіздігі туындайды. Мұндай түйткілді мәселелерді тұрғындардан жиналатын жарна есебінен шешу мүмкін емес. Меніңше, алдымен ПИК-тердің немен айналысатындығын, атқаратын жұмыс, қызмет өкілеттігін жан-жақты айқындап алу керек. Күнделікті тәжірибеден білетінім, ПИК жетекшілерінің қабырғасына қанша сыздап батса да, шеше алмай келе жатқан басты проблемалардың бірі – үнем технологиялары. ПИК басшылары тарифті орынсыз көтеруге әуес деген сөздер жиі естіледі. Күн сайын өсіп келе жатқан қымбатшылық салдарынан мұндай қадамға амалсыз барады. Мен оларды ақтағалы отырған жоқпын. Ал өз күштерімен инвестициялар тартуға қауқарсыз, ондай өкілеттіктері де жоқ.
Мәселе басқару құрылымының атында емес, затында. Қалай аталса да, алдымен ПИК-тердің материалдық-техникалық және кадрлық әлеуетін нығайтуға назар аударған дұрыс. Олардың әкімшілік басқару құрылымына өзгерістер енгізбей болмайды. Бүгінде тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды жақсарту үшін кондоминиум өкілдеріне жеңілдіктер жасау, субсидиялау, несиелеу жайы да жетілдіруді, оңтайландыруды қажет етеді.
Ағыбай ТӨЛЕУҰЛЫ, Петропавл қаласының тұрғыны: – Тұрғын үйдің жайлы, жылы болғанын, төбеден су ақпағанын, саңылаудан жел соқпағанын кім қаламайды дейсіз? Жарна төлемейтін, пәтерлерін, ортақ дәліздерін күтіп ұстауға жүрдім-бардым қарайтын тұрғындардың жауапкершілігі қандай деген сауал қойылса, олардың баспаналарын, ортақ мүлікті күтіп-ұстау және жөндеу міндеттеріне салғырттық, масылдық пиғылмен қарайтыны жасырын емес. Өйткені, кондоминиум нысандарын басқаруға белсене қатыспайды. Үйлерді жөндеуге қажетті қаржы толық жиналмағандықтан қандай жұмыс тиімділігін күтуге болады?
Десек те, жауапкершілік, алдымен, ПИК жетекшілерінен, әкімдіктердің тиісті бөлімдерінен сұралуы керек. Менің бір байқағаным, басшы көп те, бақылау жоқ. Тұрғын үй инспекциясы немесе ПИК қауымдастығы немен айналысады? Мен тұратын үйде тариф осымен үш рет қымбаттады. Екіншіден, ақау шыға қалса, оны қалпына келтіру бір машақат. ПИК сантехник жоқ деп аузын қу шөппен сүртіп отырғаны. Сонда оларға не үшін жарна төлейміз деген сауал туады.
Жақында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңесі мен қаржы полициясы 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй шаруашылығын жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасының орындалуына қатысты рейд жүргізіп, соңғы екі жылда 27 жемқорлық қылмысты анықтаған. Бірқатар үйлерде жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. Демек, бұл салада да «бармақ басты, көз қыстылық» өршіп отыр деген сөз.
Меніңше, республикалық бюджет есебінен ТКШ-ны, оның ішінде ПИК-терді қаржыландырудың тұрақты тетігін енгізген абзал. Әзірге, өз басым, ПИК-тер көпқабатты тұрғын үйлердің шатырын, лифтілерін күрделі жөндеуден өткізді дегенді естіген емеспін. Көп болса, ағымдық жөндеулермен, жыртығын жамаумен ғана шектеледі.
Александр ТУГУЧЕВ, Петропавл қаласындағы «Мирный» ПИК-інің төрағасы: – «ПИК – күрмеуі күрделі кооператив» атты мақалада бәрімізді көптен бері толғантып жүрген мәселелер орынды қозғалған. ТКШ ел экономикасының аса маңызды саласы болумен қатар тәуекелдік сипаты басым құрылым екенін де естен шығаруға болмайды. Өйткені, салынған, жұмсалған қаражаттың қайтарымы әзірге шамалы болып, желге ұшқандай әсер де қалдырып тұр. Неге дейсіз ғой? Басты себебі, мақала авторы атап өткендей, біріншіден, көп жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген тұрғын үй қорының әбден тозығы жеткен. Бұған мемлекет араласпайынша тұрғындардың күшімен шешем деу бос әурешілік. Бір ғана мысал айтайын. Петропавл қаласында жылу есептегіш құралын орнату жұмысы 1996 жылы басталған екен. Содан бері 226 көпқабатты тұрғын үйге ғана қойылған. Көрсеткіш – 27,7 пайыз ғана. Үкіметтің міндетті түрде орнату туралы қаулысы бола тұра! Тағы да қаражат тапшылығы кесе көлденең шығады. Бір ғана жылу қуаты қондырғысының бағасы 360-520 мың теңге тұрса, жанама шығындарды қосқанда аспандап кетеді. Түсіндіру жұмыстарын қанша жүргізсек те, тұрғындардың бәрі келісе бермейді. «Аист» ПИК-іне қарасты тұрғындар жылу есептегіш қойдырып алып еді, төлемақы екі есеге дейін арзандады.
Мақаладағы ПИК-тер жарна жинаумен ғана шектеледі деген сықылды пікірлермен келісу қиын. Әрине, «бір қарын майды бір құмалақ бүлдіреді» дегендей, өз істеріне салдыр-салақ қарайтын ПИК-тердің кездесетінін жоққа шығармаймыз. Дегенмен де, қиын кезеңде мехнаты, бейнеті бастан асатын саланы тоқырауға ұшыратпай, сақтап отырғанымызға шүкіршілік дейік.
Екіншіден, жарна төлемейтін тұрғындарды міндеттейтін, жауапкершілікке мәжбүрлейтін тетіктер қарастырылғаны жөн. Ондайлар жетіп артылады. Кей ПИК-терде қарыздары жүздеген мың теңгеге жеткен тұрғындар бар. Меніңше, бар ауыртпалықты ПИК-терге тели салғанша, мемлекет пен жеке әріптестік тетігін жан-жақты қарастырған дұрыс болар еді. Алдымен кондоминиумдық келісімшарттар мен сенімді басқаруды заманауи сапалы деңгейге көтеру қажет. Әлі күнге дейін көпқабатты тұрғын үйлер қоры (коммуналдық-инженерлік жүйелер, ағымдық жөндеу жұмыстары, су, жылу, кәріз құбырларын ауыстыру қызметі... айта берсе, толып жатыр) ПИК-тердің мойнында асулы тұр. Күші келмесе де, ауқымды жұмыстарды атқаруға тура келеді. Жалғыз ПИК жетекшісі қайда жетеді? Есепші жарна жинаудан босамайды.
Солтүстік Қазақстан облысы.