Аймақтар • 13 Шілде, 2021

Қостанай облысында заңсыз жүрген 9 шетелдік елден шығарылды

276 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында полицейлер 5-12 шілде аралығында «Заңсыз мигрант-2021» жедел алдын алу шарасын өткізді. Бір апта ішінде көптеген заңбұзушылық фактісі анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында заңсыз жүрген 9 шетелдік елден шығарылды

Полиция департаментінің айтуынша, аталған шараны өткізуге мобильді топтар ұйымдастырылды. Олар базарларда, салынып жатқан нысандарда, шаруа қожалықтарында, шетелдік азаматтардың уақытша болу орындарында рейдтер жүргізген.

«Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 181 шетелдік азамат, оның ішінде 30-ы еңбек қызметін заңсыз жүргізгені үшін, 140-ы белгіленген мерзімде кетуден жалтарғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Аталған тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды. Қостанай облысының соттары 9 шетелдікті елден шығару туралы шешім шығарды», деп түсіндірді полицияда.

Сондай-ақ 106 шетелдік азаматтың уақытша болу мерзімі қысқартылды. Қазақстанның 108 азаматы шетелдіктердің келуі туралы ішкі істер органдарын уақтылы хабардар етпегені үшін әкімшілік жауапқа тартылды.

«Полиция департаменті «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының бабына сәйкес қабылдаушы тұлғалар өздеріне келетін иммигранттар туралы ішкі істер органдарын олар келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті. «ҚР ҚК 394-бабы («Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру») бойынша 4 қылмыстық іс тіркелді, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Осы баптың санкциясы екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды, қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеуді көздейді», деді ведомствода.