Жер бетіндегі 200-ден астам елдің қай-қайсысын алсақ та, жақын және алыс шетелмен экономикалық байланыс жасауға мүдделі екені рас. Тіпті, АҚШ пен Қытай сияқты алпауыт мемлекеттердің өздері де сауда-саттығының, экспорт-импортының дұрыс жолға қойылуының арқасында көшбасшылардың қатарында келеді. Әрине, бұл орайда дамыған елдердің экономикасы әбден қалыптасып, жүйеленгенін де ескеру керек.
Жер бетіндегі 200-ден астам елдің қай-қайсысын алсақ та, жақын және алыс шетелмен экономикалық байланыс жасауға мүдделі екені рас. Тіпті, АҚШ пен Қытай сияқты алпауыт мемлекеттердің өздері де сауда-саттығының, экспорт-импортының дұрыс жолға қойылуының арқасында көшбасшылардың қатарында келеді. Әрине, бұл орайда дамыған елдердің экономикасы әбден қалыптасып, жүйеленгенін де ескеру керек.
Қазақстан сияқты дамушы елдер үшін көршімен тату болудың, мүмкіндігінше экономикалық одақ құрудың тиімділігі мол. Еуропалық Одақ (ЕО, ортақ рынок) - батысеуропалық Франция, ГДР, Италия, Бельгия, Нидерланды, Люксембург, Ұлыбритания, Дания, Ирландия, Грекия, Испания, Португалия секілді 28 елдің экономикалық топтасуы болып отыр. Одақты құраушылардың арасында саудада кеден алымдарын жою, үшінші елдерге қатысты келісілген сауда саясатын жүргізу, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік салаларында шараларды бірлесіп өткізу, ортақ экономикалық және әлеуметтік саясатты үйлестіріп отыру арқылы тауарлардың, капиталдар мен жұмыс күшінің ортақ нарығын құру мақсаты қойылып, ұйымдастырылған. Көптеген елдердің ЕО-ның ассоциацияланған мүшесі деп аталатын мәртебесі бар. Одақтың шеңберінде оған кіретін елдердің салалық халықаралық ұйымдары: Еуропалық көмір мен болат бірлестігі (ЕКББ) және Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қоғамдастық (Еуротом) жұмыс істейді.
Еуроодақтың ерекшеліктері неде? Біріншіден, Еуроодақ экономикалық, саяси және әлеуметтік интеграцияға түскен мемлекеттердің бірлестігі. Дамыған Еуропа елдеріндегі бұл ықпалдастық өзара жақындасу үдерістерін әлі де жалғастыруда.
Екіншіден, ЕО мүшесінің халықаралық еңбек бөлінісінде өз орны, өзіндік ерекше мүдделері бар. Олардың ұлттық мүдделерін қорғауы толық бірлесіп кетуіне кедергі келтіруде.
Үшіншіден, ЕО елдерінің даму деңгейлері әртүрлі. Әсіресе, ЕО кейінірек кірген Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің даму деңгейі төмен. ЕО тірегі Германия мен Франция сияқты қуатты экономикалық державалар.
Төртіншіден, 1951 жылы құрылған Еуропадағы көмір мен болат бірлестігі негізінде пайда болған ЕО өзінің ғаламдық мәселелерге қатысты саясатын АҚШ-тың ұлттық мүдделерін қорғау саясатымен тығыз байланыстырады. АҚШ пен ЕО экономикалық қана емес, әскери де одақтар.
Бесіншіден, ЕО мемлекеттері Қазақстанның мұнай, газ, түсті металдар секторына қызығушылық танытады. Атом электр стансалары аса көп Франция, Ұлыбритания сияқты мемлекеттер Қазақстанның уран өнімдеріне зәру. Еуропалық трансұлттық компанияларды Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал қызықтырады.
Қазақстан Еуропа елдерімен тек экономика саласында ғана емес, сонымен бірге, саясат пен қауіпсіздік, экология, демократия мен адам құқықтары саласында беделді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шеңберінде ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Тіптен осы беделді ұйымға Қазақстан 2010 жылы төрағалық етті. Бұл құрмет пен сенімнің Қазақстанға оңайлықпен келмегені рас. Қазақстан төрағалық еткен мерзімде ЕҚЫҰ көлемінде шешетін мәселелері де аз болмады. Қалайда, бүгінгі күні Қазақстан Еуроодақтың Орталық Азиядағы негiзгi сауда және инвестициялық әрiптесi болып отыр. Екiншi жағынан, Еуроодақ Қазақстанның ең iрi сауда әрiптесi болып табылады, 2008 жылы оның көлемi 39 миллиард долларды құрады, яғни елдiң барлық сыртқы саудасының 40 пайызы болды. Еуроодақ елдерi бiздiң елiмiздiң экономикасына 40 миллиард долларға жуық тiкелей инвестиция әкелдi, ол Қазақстанға келген шетелдiк тiкелей инвестициялардың жалпы көлемiнiң жартысынан астамын құрайды. Осы инвестицияның басым бөлiгi отын-энергетика кешенiне салынды. Көлiк, жаңа технологиялар, таза энергетика салаларында әлі iске қосылмаған резервтер бар екенi де осы тұста айтылуы керек.
Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ өкілдігі бүкіл дүние жүзінде әрекет ететін 130 өкілдіктердің бірі және Орталық Азиядағы бірінші өкілдігі болып табылады.
Қазіргі Еуропалық Одақ Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін АҚШ-тың батыс әлеміне ұсынған экономикалық даму моделі негізінде құрылды. 1957 жылы Еуропалық экономикалық қауымдастықтың ұлы идеяны іске асырушы құрылым ретінде беделі бар еді. Бүгінгі Еуропалық Одақ әлемдік қауымдастықтың сынына ұшырап, әлемдік дау-жанжал, дағдарыстардың себепкері ретінде көрініп отыр.
Еуропалық Одақ Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Көп деңгейлі қолдау жүйесін құрдық. Соңғы жиырма жылда Еуропалық Одақ Қазақстанға түрлі салаларда қолдау көрсетіп келеді. Біз 2011 жылдан Қазақстандағы сот жүйесіндегі және мемлекеттік қызметтегі реформаға қолдау көрсетіп келеміз. Бүгінгі күні Еуропалық одақпен әріптестікті және ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім жасау жалғасуда. «Инновациялық-технологиялық әріптестіктен бөлек, келісімшарт аясындағы аса маңызды бағыттардың бір бөлігі біздің азаматтарымыз үшін визалық режімді бейтараптандыру жөніндегі сатылы жұмыстарға қатысты болмақ. Жалпы, Азиядағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды даму барысы шын мәнінде Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерімен екіжақты және көпжақты байланыстардың кеңеюін талап етеді. Сондықтан да, сыртқы саясат ведомствосы Азия-Тынық мұхит өңіріндегі елдермен сауда-экономикалық, инвестициялық-технологиялық ынтымақтастықты сақтауда.
Еуроаймаққа мүше елдер банктік одақ құру туралы уағдаласты. Енді бұл келісімге сәйкес еуропалық банк жүйесіне едәуір өзгерістер енгізілмек. Олардың ең бастысы, қаржылық мәселелерді шешудің бірегей тетігінің іске қосылуы.
Сарапшылардың мәлімдеуінше, бұл механизм банкротқа ұшырау қаупі төнген банктерді жауып, олардың салымшыларын қорғау режімін енгізуге мүмкіндік беретін көрінеді. Ал осы кезде салық төлеушілер банктерді құтқару төлемін төлеуден босатылады. Сондай-ақ, салымдарды сақтандырудың бүкіл еуроаймақ үшін бірдей жүйесі де құрылмақ. Банктік одақтың ережелері еуроаймаққа кіретін 17 елдің аумағында орындалуға міндетті. Айта кету керек, таяуда Еуроодақтың қаржы министрлері Еуропалық Орталық банкке аймақтағы қаржылық бақылауды жүргізуші негізгі орган мәртебесін берген болатын. Аталған келісімге Брюссельде ашылатын Еуроодақ саммитінде қол қойылады деп күтілуде.
Қазақстан мен Еуропалық Одақтың екіжақты қарым-қатынасы тәуелсіздік жылдарынан бері нәтижелі дамып келеді. Сауда-экономикалық айналым айтарлықтай жоғарылады және халықаралық саясат, қауіпсіздік, қорғаныс салаларындағы ынтымақтастық биік деңгейге жетті. Қазақстан жер байлығының, ауыл шаруашылығының арқасында ЕО-ның Орталық Азиядағы негізгі және маңызды әріптесіне айналды. Еуроодақ елдерінде Қазақстан тұрақтылықтың белгісі, сонымен бірге, Шығыс пен Батысты байланыстырушы көпір ретінде мойындалып отыр. Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы осы қарым-қатынастардың іргесін қалаушы құжатқа 1995 жылы қол қойылып, 1998 жылы күшіне енгені мәлім. Бұл құжат ЕО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық пен серіктестік жайындағы келісім болып табылады. Алайда, соңғы жылдары ЕО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық және серіктестік туралы бұрынғы келісімнің орнына жаңа, күшейтілген келісімді жасау қажеттілігі туындады. Жаңа, күшейтілген келісім саяси үнқатысу және ішкі істер, құқық қорғау салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға қажетті шараларды қамтамасыз етіп, өзара сауда мен инвестицияны тартуға үлесін қосады, Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қазіргі қарым-қатынасты нығайтады. Сондай-ақ, Қазақстан мем-лекеті қабылдаған 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» атты мемлекеттік бағдарлама да мәні терең құжат болып табылады. Айтпақшы, Қазақстан осындай құжатты қабылдаған әлемдегі жалғыз ел екен. Сол арқылы Еуропалық Одақпен ынтымақтастық құруға өте ықыласты болып отырғанын осы құжаттары арқылы дәлелдеп отыр.
Бүгінде Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 30 млрд. АҚШ доллары көлемінде. Қазақстан мен Еуропа Одағының арасында энергетикалық саладағы ынтымақтастықты тереңдетудің мәні зор болмақ. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің еліміз ОПЕК-ке мүше елдерден Еуропаға энергия көздерін жеткізетін Ресей, Норвегиядан кейінгі үшінші ірі ел болып саналады. ЕО-ның бірқатарында қазақстандық мұнайдың үлесі едәуір мол. Мәселен, Румынияда – 30 %-ды, Австрияда 25 %-ды құраса, Швейцарияда біз 2-ші орын аламыз. Тұтастай алғанда, Қазақстан ЕО-ға шығарылатын энергия көздері импортының жалпы мөлшерінің 20 %-ына дейін қамтамасыз етеді», деп атап өткен. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында осы аймақтағы басты қозғаушы күш бола тұрып, Еуроодақпен ерекше серіктестікке мұқтаж болып отыр. Мұндай пікірді, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша стратегиясын іске асыру нәтижелеріне арналған «Берлин Еуразиялық клубының» Брюссельдегі үшінші отырысы барысында «Eurasian Transition Group» президенті Михаэль Лаубш айтып өтті. Оның пайымдауынша, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша қазіргі стратегиясы – Еуропалық Одақтың барлық 27 қатысушы мемлекетінің Орталықазиялық бес республикаға (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан) қатысты жалпы позициясын көрсетеді. Алайда, көршілерінен даму бойынша алға озып отырған Қазақстанға қатысты құжат жеткілікті түрде көлемді емес.
Еуроодақ үшін Қазақстан Түркия және Мексика сияқты елдермен бір деңгейде тұр. Еуропадағы ұшақтарды жасауға пайдаланылатын барлық титанның 50 пайызы бір Қазақстаннан алынады, ал, Германия және Австрияда пайдаланылатын жалпы бензиннің әрбір үшінші литрі де Қазақстанда өндіріледі. «Еуроодақ осындай елмен Өзбекстан немесе Түркіменстанға қарағанда өзгеше байланыста болуы тиіс. Ал Орталық Азияның басты қозғалтқышы болған Қазақстан Еуроодақпен ерекше серіктестікке мұқтаж», дейді М.Лаубш. Бүгінде Қазақстан орталығы Брюссельде орналасқан Еуроодақпен тек «Еуропа – Кавказ – Азия» көлік дәлізі – ТРАСЕКА, «Мұнай мен газды Еуропаға тасымалдау» – ИНОГЕЙТ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы секілді мегажобаларға қатысумен шектеле алады. Еуроодақ бүгінгі күні өз инвестициясын Қазақстанның газ, мұнай, көмір, металл және уран өндіру салаларына ғана салып отыр. Ал Қазақстан «Еуропаға жол» бағдарламасы шеңберінде Еуроодақ елдерінен жаңа технология, инвестиция, қоғамның барлық саласындағы еуростандарт, сапалы құқықтық нормалар, білімді профессорлық база алуға дәмелі болып отыр. Бiздiң елiмiз үшiн еуропалық инвестицияны ғылыми ауқымды және өнеркәсiптiң инновациялық салаларына шоғырландыру маңызды. Елiмiзде индустриялық-технологиялық дамудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыруда Еуроодақ Қазақстанның пайдалы әрі маңызды әрiптесi бола алады.
Сәкен ӘБДІБЕКОВ,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қаржы кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты.
Алматы облысы.