09 Қаңтар, 2014

«Пекин үйректері» қайда кетті?

335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біз жуырда Успен ауданына барып қайттық. Жаңадан тағай­ын­далған ауданның 37 жастағы әкімі Айбек Солтанғазиев іске кірі­сіпті. Ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша ау­данға қарасты 22 ауылдың 13-і жоғары әлеуетті, 9-ы орта әлеуеттілер қатарына алыныпты. Енді әлеуетті ауылдар қатарын 18-ге жеткізу үшін аудандық әкімдік тарапынан жұмыстар жасалуда екен.

Біз жуырда Успен ауданына барып қайттық. Жаңадан тағай­ын­далған ауданның 37 жастағы әкімі Айбек Солтанғазиев іске кірі­сіпті. Ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша ау­данға қарасты 22 ауылдың 13-і жоғары әлеуетті, 9-ы орта әлеуеттілер қатарына алыныпты. Енді әлеуетті ауылдар қатарын 18-ге жеткізу үшін аудандық әкімдік тарапынан жұмыстар жасалуда екен Жалпы, бұл аудан күнбағысқа, ірімшікке, сары майға, шұжыққа бай. Ауданның әр шаруашылығы күнбағыс өсіріп, майын өндіреді. Ауылдары өздерінің жерінде өскен таза, дәмді, ешқандай қоспасыз жасалған күнбағыс майын пайдаланады. Ал алдыңғы жылы Ғалымжан Біләлов басқаратын «K&G Grop» серіктестігі «Пекин үйректерін» шығаратын қуаттылығы 36,0 мың жұмыртқаға арналған инкубаторды іске қосты. Солтүстік Қазақстан облысы жақтан «Пекин үйректерін» де алып келді. Үйрек тұқымдастардың бұл түріне жататын бұл үйректердің бастары үлкен, түсі сарғылт. Салмақтары 3 кило тартады. Инкубатордан шыққан үйректер 6-8 айға жеткенде жұмыртқалай бастайды екен. Сол жылы салынған 30 мың инкубаторлық жұмыртқадан 16 мың «Пекин үйрегінің» балапандарын да шығарды. Ауылдың оншақты адамы жұмыс жасайды. Ал өнімдері аудан ішінде саудаға түскенін де білеміз.

Әкіммен әңгіме барысында сөз болған Николай Штрек бас­қа­ратын «Штрек Н.П.» шаруа қо­жалығына келдік. Өмір бойы ауылда өскен неміс жігіті өзге­лер елдеріне қайтып жатқанда Май­қа­мысын қимай қалып қойған еді. Біз кезінде бұл жігіт жайлы жаз­ған­­быз да. Қазір Николайдың 5 122 гек­тар жері бар. Қорасы толы мал – 280 сиыр, 20 жылқы, 90-ға жуық қойы бар екен. Жылына 400 тон­на шөп дайындап алады. Шаруа­­­шылық «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың қолдауымен жаңа құрал-жабдық­­­тарға қол жеткізген. «Мал шаруа­­­шы­лығы өнімінің сапасын және өнімділігін арттыру» бағдар­лама­­сына қатысып, 585 мың теңге көле­­мінде мемлекеттік қолдауға ие болыпты. Қазірде Штректің қарауында 15 адам жұмыс жасауда. Арзан жанар-жағармайды пайдаланады.

Келесі көргеніміз – Конс­тан­ти­новка ауылында орналасқан Эвальдт Руфф басқаратын «РЭГТайм» шар­уа қожалығы болды. Штрек сияқты Эвальдт та туған ауылында тұып жатыр. Германия жаққа кету мүлде ойында жоқ көрінеді. Сүт және ет өнімдерін дайындайтын шаруашылықта 30-ға жуық адам еңбек етуде. Бір ауысымда 10 тонна сүт өңделіп, одан 1 тонна ірімшік және сары май өндіріледі. Биыл шаруашылыққа сүт өндірісін қолдау мақсатында мемлекеттен 2,4 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Ауылдарды күнделікті аралап сүт жинайды. Өнімді дайындау барысында қандай да бір консерванттар мен қоспалар қолданылмайды. Оны біз өзіміз дәмін татып көрген ірімшік пен сары майдан-ақ білдік.

Шаруашылық басшысының орынбасары Владимир Сиворакшаның айтуынша, сүт, ет, шұжық өнімдерін біздің облыстан басқа Семей, Өскемен, Астана тұтынушылары сатып алады. Шұжық өнімдерін неміс технологиясы бойынша дайындайтын цех жұмыс жасап тұр. Шаруашылықта 250 бас қара мал, 450 шошқа өсіріледі. Қысқа деп 800 тонна шөп әзірлеп алыпты. Оңтүстік өңірге барып 8 түйе сатып алып келіпті. Еңбек етеміз, ауыл халқын асыраймыз деген кәсіпкерлерге жұмыс та бар, қолдау да бар. Бір өкініштісі, басқа ауылдардағы секілді Константиновкада да бос тұрған көпқабатты үйлер, ғимараттар баршылық. Алып ғимарат ішіндегі суы жоқ, бос тұрған балаларға және үлкендерге арналған екі бас­сейнді көріп қайран қалдық. Іске қосылса, ауыл балаларына нағыз дайын тұрған демалыс орны, спортпен шынығуларына қолайлы-ақ. Ғимарат ештеңесі де бұзылмай сол күйі сақталып тұр. Бір ауылдың пош­тасы, әкімдігі, балалар бақшасы, дәрігерлік бөлімше, кітапхана дейсіз бе, түгел дерлік сыйып кететін-ақ екен. Амал қанша, иесі қыруар қаржы сұрап отыр екен.

Ауданда аяғынан нық тұрып алған, жоғарыда біз жазған кәсіп­орындар бар. Құрамында мал азы­ғын өндіретін шағын зауыт, тауарлы-сүт фермасы бар Алек­сан­др Касицын басқаратын атақты «Галицкое» серіктестігі бар. Өкінішке қарай, бұлармен қатарлас нарыққа шыққысы келетін шағын кәсіпорындар бір күн бар, екінші күні жоқ. Ел-ауыл іші жобалар жолға түсті деп қуанады. Бірақ, ашылады, содан бес күн өтпей жатып-ақ қайта жабылады. Мәселенің мәнісі сонда, олар облыс, республика аумағын айтпағанның өзінде, жергілікті ауылдық нарық бәсекесінің өзіне шыдамай жол ортада қалады. Тағы бір өкінішті жайт, өз көзімізбен көріп, «Ауылдағы инкубатор» деп газет жоспарына сәйкес мақала жаз­ғымыз келген «Пекин үйректері» бар «K&G Grop» серік­тес­тігінің жұмысы біз қайта айналып келгенше, бір жылға жетер-жетпестен тоқтап қалыпты. Қолдау жоқ па, жоқ әлде, қолда аудандағы нарық аясын зерттеген жоспар жоқ па?.. Өзге ұлт өкілдері жасап жатқан кә­сіпкерлікті қолға ала алмай-ақ келеміз. Керісінше, соңымызға бас­тал­­май жатып аяқсыз қалған шала­жансар жобаларды қалдырып кете береміз. Ауыл әкімі Күлжазира Құрман­бае­ваның айтуынша, инкубатор бір маусымдай уақыт қана жұмыс жасапты. Содан кейін тоқтаған.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Павлодар облысы.

Соңғы жаңалықтар