Жақында Ақтөбе қаласында бірегей «Достық» су спорты орталығы пайдалануға берілді. Орталықтың кіреберісіне керілген көк лентаны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен спорт ардагері Кәдіржан Ізғарин қиды.
Жақында Ақтөбе қаласында бірегей «Достық» су спорты орталығы пайдалануға берілді. Орталықтың кіреберісіне керілген көк лентаны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен спорт ардагері Кәдіржан Ізғарин қиды.
50 метрлік бассейні бар су спорты орталығының ашылуында өңір басшысы 2012 жылы 40-тан астам жасанды жамылғылы шағын спорт алаңдары, ат спорты мектебі, «Авиатор» стадионы іске қосылғанын тілге тиек ете келіп, Елбасының бұқаралық спортпен айналысушылардың санын 2020 жылға қарай 30 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасын мерзімінен бұрын орындаудың алғышарты бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазірдің өзінде өңірде бұқаралық спортқа тартылғандар облыс халқының 25 пайызын құрайтын көрінеді. Мұндай бірегей су спорты орталығы облыста бірінші рет пайдалануға беріліп отыр.
Әкімшілік корпус пен бассейн залынан тұратын орталықтың құрылысын жүргізген «Интерсталь» ЖШС бір жарым жылда осындай бірегей нысанды іске қосты. Ғимараттың аумағы 9182,5 шаршы метрді құрайды. Бұл бассейнде спорттық және синхронды жүзумен, су добымен айналысуға болады. Ұзындығы 50 метрлік он жолы бар бассейн заманауи құралдармен жабдықталған. Суының тереңдігі 2-3 метр болады. Мұның өзі су добы, жүзу және синхронды жүзу сияқты спорт түрлерінен Азия және Қазақстан чемпионаттарын, ашық турнирлер мен облыс және қала біріншіліктерін, халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда жарыстардың нәтижелері көрсетілетін көлемі 9х6 метрлік электронды табло орнатылған. Бассейн тәулігіне 16 сағат жұмыс істейді. Бір ауысымда жүзу спортымен 250 адамға дейін айналыса алады.
Су спорты орталығында заманауи спорттық құралдармен жабдықталған ауданы 203 шаршы метр спорт, гимнастика және спорталды дайындық залдары, ер адамдар мен әйелдердің киінетін және жуынатын орындары мен сауналар, буфет, дәрігерлік және басқа бөлмелер бар. Бұл орталықты салып, керек-жарақпен қамтамасыз етуге 1 400 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.