Үкімет • 13 Шілде, 2021

Үкіметте халық санағына дайындық мәселесі талқыланды

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкіметте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында 2021 жылы ұлттық халық санағын өткізуге дайындық және ұйымдастыру мәселелерін шешу бойынша арнайы комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкіметте халық санағына дайындық мәселесі талқыланды

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары санақ құрамын толық қамтамасыз ету және вакциналау мәселелеріне баса назар аударуды тапсырды. Тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге еріктілер ұйымдарын, студенттер мен жұмыссыз тұрғындарды сұхбаттасушы ретінде тарту бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Санақ жүргізіліп жатқан кезде персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жосықсыз адамдардың алаяқтық әрекеттерін тоқтату ескертілді. Ә.Смайылов өңірлердің басшыларына бұқаралық ақпарат құралдарындағы баннерлер мен билбордтарды, жарық диодты экрандарды, үнпарақтарды, тиісті ақпараттық хабарламаларды ғана емес, сонымен қатар хабарлау құралы ретінде тұрғын үйлердің топтық чаттарын да қарастыру арқылы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Санақ науқаны аяқталғанға дейін елді мекендердің құрамдас бөліктерінің атауларын өзгертуге мораторийді сақтау мәселесі де қайта көтерілді.

Сондай-ақ әңгіме мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасы шеңберінде, шалғай аудандар мен ауылдарда жоғары сапалы Интернетке қосылуды қамтамасыз ету үшін «egov.kz» веб-порталы мен «sanaq.gov.kz» сайтын интеграциялау аясында атқарылған жұмыстар бойынша ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы болды.

Қорытындылай келе, Ә.Смайылов жеке тұлғалардың құпия ақпаратын сақтаудың маңыздылығын тағы бір атап өтті және мұндай мәліметтер «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңымен қорғалатынын еске салды.