
Қызылордаңызға газ әлдеқашан келген. Қала көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Дегенмен, бұрнағы жылдары қақаған аязда жылусыз қалған кездер болған. Ол да себепсіз емес. Қыс мезгілінде газды тұтыну көбейеді де, оны таратып тұрған желілерге артық салмақ түседі. Сондықтан жылу сөніп, жұрт әбігерге түседі. Ендігі жерде мұндай келеңсіз жағдаяттар болмайды. Өйткені, республиканың оңтүстік аймақтарын газдандыруға бағытталған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры құрылысының бірінші кезеңі аяқталды.
Қызылордаңызға газ әлдеқашан келген. Қала көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Дегенмен, бұрнағы жылдары қақаған аязда жылусыз қалған кездер болған. Ол да себепсіз емес. Қыс мезгілінде газды тұтыну көбейеді де, оны таратып тұрған желілерге артық салмақ түседі. Сондықтан жылу сөніп, жұрт әбігерге түседі. Ендігі жерде мұндай келеңсіз жағдаяттар болмайды. Өйткені, республиканың оңтүстік аймақтарын газдандыруға бағытталған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры құрылысының бірінші кезеңі аяқталды.

Жалпы ұзындығы 1475 шақырымды құрайтын бұл желінің 846 шақырымы Қызылорда облысынан өтеді. Онымен қоса аталған құбыр өңірдің барлық аудан орталықтарына жағалай тартылған. Енді осы негізгі газ желісіне қосылу арқылы кезең-кезеңімен облыстың барлық елді мекендерін көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр.
Қызылорда облысын кешенді газдандырудың бірінші кезеңі 2013-2015 жылдары аралығында жүрмек. Сол кезде 21 ауыл отынның осы түрімен қамтамасыз етіледі. Бұл жұмыстар тиісті дәрежеде жүзеге асырылған жағдайда 2015 жылы аймақ халқының 70 пайызын газбен қамтуға мүмкіндік туады. Аталған жоспарды жүзеге асыру мақсатында, 2013 жылы облыстық бюджеттен 623,6 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда бұл қаржыға елді мекендердің 5 техникалық-экономикалық негіздемелері мен 10 жобалау сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жоғарыда айтқанымыздай, Ақшабұлақ кенішінен берілетін газ Қызылорда қаласының қажеттілігін өтеуге жетпей келді. Тіпті алдымен тұрғын-үй секторына көгілдір отын жеткізу үшін өткен жылдары кәсіпорындар мен бизнес субъектілерін газдан ажыратып, облыс орталығын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылорда жылу электрорталығы» мен «Оңтүстік жылу орталығын» шектеуге мәжбүр болған кездер өтті. Аталған түйткілді мәселені шешу үшін облыстық бюджеттің есебінен Қызылорда қаласына екінші автоматтандырылған газ тарату стансасын салу керек еді. Оны «Ақшабұлақ–Қызылорда» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырлары түйіскен жерде біріктіріп, құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қаржысы есебінен жүргізілді.
Осының негізінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 4,3 миллиард теңге инвестициялық қаржы салып, екінші автоматтандырылған газ тарату стансасы мен редуциялық түйіннің құрылысы жасалды. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы Қызылорда қаласына жетіспейтін газ мөлшерін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, қыс мезгілінде күн суытып, қалада газ тұтыну мөлшері артқан кезде Қызылорда қаласының шет аймақтарында оның қысымы азайып, шалғай жатқан шағын аудандарды көгілдір отынмен қамтамасыз етуде қиындықтар туындап келген. Осы орайда, Қызылорда қаласының ішкі желілеріндегі газды бірқалыпты қысымға келтіру үшін биыл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 1,7 миллиард теңгеге ұзындығы 20,4 шақырымды құрайтын жоғарғы қысымды айналдырма газ құбырын салды. Осы арқылы қаланың газ желілеріндегі қысымды бірқалыпты деңгейде ұстап тұруға болады.
Мұнымен қоса Қызылорда облысындағы жерасты шикізат өнімдерін тиімді пайдалану мақсатында Оңтүстік Торғай ойпатындағы кен орындарындағы ілеспе газды аймақтың қажеттілігіне кешенді пайдалануды қамтамасыз ету үшін, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-пен жаңа жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұл жоба арқылы «Арысқұм», «Кеңлік», «Қызылқия», «Бектас», «Қоныс», «Солтүстік Батыс Қызылқия» кен орындарындағы газды «Арысқұм» кен орнына жинақтап, сол жерде жаңадан газ дайындау қондырғысын салу көзделген. Әрі қарай өндеуден өткен газды болашақта салынатын «Арысқұм» кенішінен «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырына дейін жеткізу жобасын жүзеге асыру жоспарда бар.
Сонымен, өткен жылдың соңында Қызылорда қаласына тікелей көгілдір отын жеткізіп тұратын екінші автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылды. Соның нәтижесінде Қызылорда қаласы бүгінгі аяздарда жылудан ажырамай, қыстан қиналмай келеді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.