Экономика • 13 Шілде, 2021

Дамуға арналған көмекті қайтпек керек?

373 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ЧИКАГО. Дамуға көмек – бай елдердің кедей мемлекеттерге көмек ретінде қаржы аударуындағы маңызды саяси құралдардың бірі. 1960-2013 жылдары ЭЫДҰ елдері даму мақсатындағы ресми көмек (ODA) ретінде 3,5 триллион доллар (2009 жылы) бөлді. Африка елдеріне шамамен 568 миллиард доллар (2003 жылы) қаражат жіберілді.

Дамуға арналған көмекті қайтпек керек?

Бірақ даму мақсатындағы ресми көмекке бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуына сын айтатындар көп. Әлемдік банктің бұрынғы экономисі Уильям Истерли мен Нобель сыйлығының лауреаты, экономист Ангус Дитон кедей елдерге көрсетілген көмек дамуға даңғыл жол болмағанын алға тартады. Тіпті керісінше, олардағы ахуалды одан сайын күрделендіріп жіберуі мүмкін. Бұл аз десеңіз, экономист Дамбиса Мойо дамуға бөлінген көмек табысы төмен мемлекеттердің сыртқы көмекке тәуелдігін арттырғанына сенімді.

Есімдері аталған және басқа сарапшылар шетелдік көмектің қолжетімділігі оны алатын мемлекеттердің елдегі институттарды жақсартуға деген ынтасын төмендетуі мүмкін деп алаңдайды. Қаржылық көмекті билік басындағылар жымқыруы мүмкін. Иә, көбіне ұрлайды да. Бұл сыбайлас жемқорлықты күшейтіп, қарулы топтардың зорлық-зомбылық жасауына пайдаланылуы мүмкін. Көмек алу арқылы дәрігерлер, мейірбикелер мен мұғалімдер секілді мамандықтар адам капиталының бәсекелестігін күшейтудің орнына, мемлекеттік әлеуеттің дамуына кедергі келтіруі мүмкін.

Сәтсіз көмектің бәріне қатысты бір мәселе бар. Бүкіл елде ақша мен қызметтер басқарушы үкіметке трансферт ретінде беріледі. Немесе үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҮ) және үкіметпен ешқандай байланысы жоқ басқа топтар арқылы жеткізіледі.

Негізінде, үкімет шетелдік институттардан гөрі өз еліне не қажет екенін жақсы білуі керек. Қызмет көрсетуге қажетті қолданыстағы инфрақұрылымды пайдалану арқылы көмекті іске асырудың құнын барынша азайтуы тиіс. Сонымен қатар қаражатты билікте отырған үкіметке беру – донорлар үшін ең қарапайым жеткізу әдісі. Мұндағы мәселе мынада. Әрине, көмек беретіндер үкіметтің тиімділігі мен ізгі ниетті екеніне сенеді. Бірақ кедей елдердің бәрінде жағдай бұлай емес.

Керісінше, ҮЕҰ-лар қарапайым тұрғындарға тікелей көмек бере алады. Басқа көмек бармайтын өңірлерде жерлерде кедейлер мен мұқтаждарға қолдау көрсетуде оның тиімділігі де жоғары. Бірақ осындай ортада жұмыс істейтін ҮЕҰ-лар көбіне үкіметпен келісе бермейді. Осылайша, кедей елдерде мемлекеттік әлеуеттің дамуына кедергі келтіреді. Үкіметтік емес ұйымдар кейде мемлекеттік қызметтерді қайталау арқылы қаражатты ысырап етеді. Немесе үкіметпен сирек кездесетін кадрларға таласып, жағдайды қиындатып жібереді. Мысалы, мемлекеттік сектордың браконьерлікке қарсы күресетін білікті кадрларын өздеріне шақырып алады. ҮЕҰ жергілікті жердің билігіне қарағанда жоғары жалақы ұсынатындықтан, аталған елдер жергілікті деңгейде білікті мамандардан айырылып қалады.

Осылайша, ODA дилеммаға тап келіп тұр. Кедей елдердің билігінің көмекті тиімді қолдануға ынтасы немесе әлеуеті жетіспейді, ал тұрақты даму елдің үкіметі араласпаса жүзеге аспайды.

Бай елдердің таңдау мүмкіндігі бар. Олар кедей елдердің өзін-өзі қамтамасыз етіп, дамуына арналған ұзақ мерзімді мақсатынан бас тарта алады. Сондай-ақ көмекті табысы төмен мемлекеттер тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағыттауы мүмкін. Немесе қысқа мерзімді мақсатқа жүгініп, көмекті «соңғы пайдаланушыларға» емес, әлсіз елдерге бағыттап, мемлекеттік әлеуетке инвестиция салуға ден қоя алады. Бұл жоспар сәтті жүзеге асса, ұзақ мерзімде тұрақты дамуға жағдай жасайды.

Мұның қалай жұмыс істейтінін білу үшін үкіметтің немесе мемлекеттің халыққа қызмет көрсету мүмкіндігін ескеру қажет. Бұған қол жеткізу үшін көмекпен айналысатындар мемлекеттік қызметшілерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, дайындықтан өткізуі тиіс. Даму жөніндегі экономистер жобаның табысты жүзеге асқанын анықтайтын бірқатар құралды белгілеп берді. Соның ішінде ұрлықты азайту үшін биометриялық маркерлерді немесе цифрланған шот-фактураларды, қызмет көрсетушілердің жұмыстан «қашып кетуін» азайту үшін уақытты көрсететін фотосуреттерді пайдалану, азаматтарды жергілікті басшыларды бақылауға шақыратын науқан жүргізу, жергілікті сыбайлас жемқорлықты азайту үшін жоғарыдан төмен аудит жасау, шенеуніктерді жауапкершілікке тарту үшін жергілікті сайлау өткізу секілді мәселелер бар.

Жергілікті әлеуетті дамытуға нақты назар аудару қазіргі тәсілден түбегейлі бас тартуды қажет етеді. Бұл жұмыс бағытын ғана өзгертіп қоймай, сонымен бірге демократиялануға көмек беру секілді биік саяси немесе идеологиялық мақсаттардан бас тартуға мүмкіндік жасайды. Қазіргі уақытта түбегейлі саяси өзгеріске қол жеткізу қиын, ұзақ уақыт бойы оны сақтау оңай емес екені – бөлек әңгіме. Қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі стратегияны жоққа шығаратын кез жетті. Көмекті саясатқа айналдыру дамуға ықпал етпейді. ODA шетелдік саяси күн тәртібіне иек артса, жоспарланған бенефициарлардың сенімін жоғалту арқылы тиімділігі төмендеуі ықтимал.

Сыйымдылыққа бағытталған стратегия екі шартты қажет етеді. Біріншіден, көмекті алатын елдердің билігін ынталандыру керек. Яғни аталған мемлекеттерде ең аз дегенде сәл де болса саяси тұрақтылық қажет. Көмекті үкіметтің ынтымақтастығына байланысты қарастыру ынталандыруды реттеуге жол ашады. Егер тұрақсыздық өршіп тұрса, саяси лидерлер бюрократиялық инфрақұрылымға қаражат салуы екіталай.

Екіншіден, көмекті алатын режім зиянды болмауы тиіс. Бюрократиялық қабілеттің артуы мемлекеттің адамдарға өз мақсатын тиімдірек жүргізуіне мүмкіндік береді. Осылайша тәуекелмен қоса, әлеуетті пайда әкеледі. Үкіметтер көмекті мектептерге, дәрі-дәрмекке және таза ауыз суға қолжетімділікті арттыруға немесе саяси қуғын-сүргін немесе геноцидке қарсы күресте қолдана алады. Донор елдер қай үкіметтердің мемлекеттік әлеуетке инвестиция салуға лайықты екенін шешкен кезде қырағы болуы қажет.

Осы тәсіл кей режімдерді мойындамайтындықтан, бұл панацея емес. Соған қарамастан, ХХI ғасырдың даму көмегі тап келген шырмаудан шығатын жол ұсынады. Мәселе мынада: егер үкіметтік емес ұйымдар айналып өтіп кетсе, ең мұқтаж елдердегі билік өз халқына тиімді көмек көрсете де алмайды, тиісті әлеуетті дамыта да алмайды.

Бұл түйткілді жергілікті басқару әлеуетін арттыруға бағытталған көмекті қайта қарау арқылы шешуге мүмкіндік бар. Мұны істеу «кедейлікті жою» және «демократияны тарату» секілді тартымды көрінбеуі ықтимал. Бірақ бұл тұрақты даму үшін қажет, әрі практикалық және жүзеге асырылу мүмкіндігі мол.

Нэнси ЦЯН,

Northwestern University-дің Келлогг менеджмент мектебінің менеджменттік экономика және шешімдер туралы профессоры, China Econ Lab және Northwestern University-дегі Қытай зертханасының негізін қалаушы директор 

Copyright: Project Syndicate, 2021.www.project-syndicate.org