Қоғам • 14 Шілде, 2021

Қосшы күрмеуі

1569 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан жиырма жыл бұрын елордаға көшіп келгенімізде бір шаруаның ретімен қала іргесіндегі Қосшы ауылы­на барғаным есімде. Сол кезде ол бір кеңшардың орталығындай ғана шағын ауыл екен. Ауылдың орталық бөлігінде Хрущев, Брежневтер заманындағы бес қабатты төрт-бес үй тұрды. Қалғанының бәрі жатаған үйлер еді. Уикипедия деректеріне қарағанда, 1999 жылы мұнда 1742 адам болса, 2009 жылы тұрғындар саны 4527 адамға жеткен. Ал қазір кент туризмді дамытуға лайық көз тартарлық шағын қалаға айналып үлгерген.

Қосшы күрмеуі

Міне, сол уақыттан бері Қосшының даму дүмпуі үзілген емес. Осыдан бір-екі жыл бұрынғы бір әңгімелерде Қосшыда қазір 52 мың адам тұрады деген деректер айтылып қалды. Бәлкім, тіпті мұнан да көп шығар. Қазір 60 мыңға жетіп үлгерген шығар. Мұның анығын ешкім біле бермейді. Өйткені көп уақыттан бері жергілікті билік органдарының Қосшының дамуына жеткілікті көңіл бөлмегендігі, тіпті көңіл бөлген жағдайдың өзінде шамасының жетпегені анық сезіледі. Сондықтан бұл мәселеге мемлекеттік билік органдары араласып отырса дейсің. Қосшының дамуы Үкімет назарынан тыс тұрмауы керек. Негізінде елорданың дамуынан іргедегі Қосшы кентінің дамуын бөліп қарауға болмайды. Өйткені күні ертең ол бас қалаға қосылуы бек мүмкін. Әзірге Үкімет Қосшыға облыстық маңыздағы қала мәртебесін берумен ғана шектелді. Біздің ойымызша, мұның өзі түпкілікті шара емес.

Қосшы кенті атақты Нұра өзенінің жағалауында орналасқан. Егер Үкімет мәселені күні бұрын ойластырып, дұрыс шешкенде еліміздің заңдарында көрсетілген өзен мен құрылыс жүргізудің 50 метрлік қашықтығын сақтай отырып, Нұраның осы бөлігін жаппай демалыс орындарына айналдырған болар еді. Сонда Қосшының 52 мың тұрғыны үшін кәсіптің үлкен көзі ашылып, кент туризмі дамыған елді мекенге айналар еді. Миллионнан астам халқы бар Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары үшін де жазда демалу, суға түсіп, күнге қыздыру мәселесі шешілер еді. Бюджетке де көлемді ақша түсер еді.

Өкінішке қарай, қазіргі картина олай болып отырған жоқ. Мұндағы екі-үш демалыс орны мен жағалаудан салынған тұрғын үйлер өзенге итініп тұр. 50 метрлік қашықтық талабы мүлдем сақталмаған. Өзеннің өн бойын тұрғын үйлер басып қалған. Егер Нұра өзенінде үлкен тасқын болса, ол үйлердің кейбіреуі суға кетуі де мүмкін. Бір жақсысы, өзеннің кент жа­ғындағы жағалауының көп жері биік. Әзірге үйлерді осы жағдай ғана сақтап тұрған секілді.

Ал енді Қосшы кентінде демалыс орындары тым аз шоғырланғандықтан, олардың қызмет көрсету бағасы удай. Мәселен, олардың аумағына кіріп-шыққаныңыз үшін ғана 7 мың теңге төлейді екенсіз. Ағаштан салынған шағын үйлерінің бірін бір тәулікке жалға алсаңыз, оған 100 мың теңге төлейсіз. Әрине, мұндай қаржыны аста­наның көп тұрғынының қалтасы көте­ре бермейді. Сонда да демалыс орындарында, әсіресе сенбі, жексенбі күндері халық көп. Тіпті шілденің шіліңгір ыс­тығында ондағы бассейндерге шомылуға адам­дарға орын жетпей, үлкендер жағы бассейндерді балаларға қалдырып, өздері өзенге түсе береді.

Осының өзі бей-берекеттіктің, жос­парсыздықтың, мәселені күні бұрын ой­ластырмаудың анық көрінісі. Халық демалыс орындарын сұрап тұр. Қазақстанның басты қаласының тұрғындары жылт етіп өте шығатын жаз қызығын пайдалана алмауда. Сондықтан алыстағы Түркияға, Араб әмірліктеріне, Египетке, Грузияға сапар шегеді. Себебі өзіміздегі демалыс орындарының бағасы тым қымбат. Туризмнен түсетін қаншама ақша шетел­дерге кетіп жатыр. Ал осы мәселені ас­тананың дәл іргесінен, Қосшы кентіндегі Нұра жағалауы арқылы шешуге болар еді.

Осыдан оншақты жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қосшы іргесінен демалыс орындарын көбейтіп, оған электричка жүргізу, басқа да инженерлік желілер тарту жөнінде тапсырма берген болатын. Ұмытпасам, тіпті осы мәселеге 4-5 миллиард теңге көлемінде қаржы да бөлінген еді. Бұл – ол кезде көп қаржы. Бірақ өкінішке қарай, мәселе аяқсыз қалды. Енді осы мәселені қайтадан қолға алатын, Қосшының даму жоспарын Үкімет деңгейінде қабылдап, бекітетін уақыт болды деп ойлаймыз.