Соңғы тәулікте жаман індетпен тіркелгендер саны 55-ке жетіп, республиканың басқа аймақтарына қарағанда аз болғанымен эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес тұрақты өсім болып отырғандықтан, облыс «қызыл аймақ» қатарына жатқызылды. Бұған 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанғандар саны, сондай-ақ инфекцияның таралу деңгейін көрсететін репродуктивті көрсеткіш те әсер етеді.
Өткен тәулікте облыстағы барлық сырқаттанғандар саны 15 675 адамға жетті. Ал соңғы тәулікте тіркелген 55 жағдайдың 51 немесе 93%-ы ауру белгілері бар және 4 жағдай немесе 7%-ы ауру белгілері жоқ. Соның ішінде сырқаттанғандар Петропавл қаласында – 24, Айыртау ауданында – 10, Қызылжар ауданында – 5, Есіл мен Ақжар аудандарында – 4, Шал ақын ауданында – 3, Жамбыл және Уәлихан аудандарында – 2 және Ғабит Мүсірепов ауданында 1 жағдай тіркелді.
Сырқаттанғандардың жасы да өзгерді. Қазіргі уақытта ауырғандардың 57%-ы 40 жастан кіші, бұрын бұл көрсеткіш 40%-дан аспаған. Солтүстік Қазақстан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуына қарағанда, сырқаттың көбеюі республика аумағында «Дельта» штамының айналымымен, сондай-ақ халықтың карантиндік шараларды сақтау жөніндегі тәртібінің төмендеуімен байланысты екен. Бұл ретте облыстық ведомствоаралық комиссияның шешімімен 14 шілдеден бастап жаңа шектеулер енгізілді.
Облыста вакцинаның бірінші компонентін алғандар саны – 165 525 адам. Бұл барлық алуға тиісті халықтың 53,2%-ы деген сөз. Соның ішінде 83 725 адам екінші компонентті алды немесе бұл 26,9%.
Солтүстік Қазақстан облысы