Үкімет • 15 Шілде, 2021

Баспана бағасы ырыққа көне ме?

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл қаңтар айында елдегі тұрғын үй бағасы кенет қымбаттаған еді. Мұндай жоғары өсім әу баста зейнетақы қорындағы ақшасын пайдаланатындар есебінен болған. Қазір қордағы артық ақшасын көбі алып алды. Енді жұрттың көкейіндегі бір сұрақ: үй арзандай ма? Бұл сауалға жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев нақты жауап берді.

Баспана бағасы ырыққа көне ме?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс материалдары мен жылжымайтын мүлік нарығы бағасының өсуін тежеу жөніндегі кешенді шаралар легін қабылдауға тапсырма бергені белгілі. Осыған байланысты ми­нистрлік бірқатар ауқымды жұмыстарды қолға алыпты. Бірінші вице-министрдің айтуынша, ведомство баспана бағасына үнемі мониторинг жүр­гізіп отыр. «Биылғы қаңтар айында жылжымайтын мүлік нарығы кенет қымбаттап, жаңа үйлердің бағасы республика бойынша бірден 3,8%-ға көте­рілді. Ал нарықтағы баға 7,2%-ға ша­рықтады. Маусым айындағы мо­ниторинг бойынша ескі үй­лер­­дің бағасы 1,2%-ға артса, жаңа пә­терлердің құны 0,9% өсті», деді министр Орталық ком­муника­циялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Еліміз бойынша, әсіресе Петро­павл қаласында үй қат­ты қымбаттаған. Мұнда қаң­тар-ақпан айларында үйдің на­рық­тағы бағасы 5,6%-ға дейін өсіп, сәуір айында 2,4%-ға тө­мендеген.

Қ.Өскенбаевтың айтуын­ша, жыл басында тұрғын үй нары­ғының қымбаттауы зейнетақы қорындағы ақшаны пайда­лануға байланысты болды. Қазір баға тұрақталып келеді. «Менің жеке болжамым бойынша күзге қарай тұрғын үй бағасы арзандай бастайды», деді ол.

Мемлекет басшысының тап­сырма­сынан кейін қазір құры­лыс материалдары мен баспана бағасын тежеу бойынша сең қозғалып жатқаны анық. Тіпті өндіруші мен құрылыс салушы арасында тікелей келісім жасау арқылы бағаны арзандату мәселесі «Атамекен» ұлт­тық кә­сіпкерлер палатасына жүктелді.

Негізі бұл шешімдер баспана бағасы қымбаттамай тұрып қабылдануы керек еді. Өкінішке қарай, бізде мәселе әбден ушық­қаннан кейін ғана сең қозғалады. Енді бір көтерілген бағаның қай­та түсуі екіталай...