
Қазақ қоғамының қай саласын алмаңыз, оның бастауында іргетасы нық бекуіне өз өмірлерін арнаған ерен еңбектің иелерін көреріміз хақ. Олар жайлы жазу бүгінгі буын өкілдері үшін қиын да қызықты. Қиын болатыны, бүгінгі дамыған заманның биігінде тұрып кешегі кем-кетік кезең туралы елестету санаға салмақ әрі қиялға күш түсіреді. Ал қызық дейтініміз, техника түгілі шаруа басына адам жетіспей тұрған тұста жүздің ісін, мыңның күшін бір адам Толағайдай көтеріп, абыроймен алып жүргенінде болса керек.
Міне, біз бүгін еңбек пен ерлікті ұштастырып, елдігіміздің ертеңі үшін бүкіл өмірін азаматтық өресінде қалыптастырған жан туралы қалам тербемекпіз. Ол – Айса Махамбетов.
Қазақ қоғамының қай саласын алмаңыз, оның бастауында іргетасы нық бекуіне өз өмірлерін арнаған ерен еңбектің иелерін көреріміз хақ. Олар жайлы жазу бүгінгі буын өкілдері үшін қиын да қызықты. Қиын болатыны, бүгінгі дамыған заманның биігінде тұрып кешегі кем-кетік кезең туралы елестету санаға салмақ әрі қиялға күш түсіреді. Ал қызық дейтініміз, техника түгілі шаруа басына адам жетіспей тұрған тұста жүздің ісін, мыңның күшін бір адам Толағайдай көтеріп, абыроймен алып жүргенінде болса керек.
Міне, біз бүгін еңбек пен ерлікті ұштастырып, елдігіміздің ертеңі үшін бүкіл өмірін азаматтық өресінде қалыптастырған жан туралы қалам тербемекпіз. Ол – Айса Махамбетов.
Сонау революция жылдарында, тағдыры талайлы Қазақ елінің басына алыс-жақынның ауыр салмағы түсіп тұрған 1917 жылы қазіргі Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы 15-ауылда дүние есігін ашқан Айса Махамбетов заманның ыстық-суығы мен бейнетіне пісіп ержетеді. Туған жердің топырағынан нәр алып, қазақ көгіне самғап ұшсам, маң даланы малға толтырып, ұлтымыздың ықылым заманнан келе жатқан ата кәсібі ауыл шаруашылығын көгертсем деген ниетпен ол 1935 жылы Ашғабадтағы Ауыл шаруашылығы академиясына оқуға аттанады. Зоотехник мамандығын алып, қызығы мен қиындығы мол саланы ғылымдандырсам деген ұлы мақсаттың жетегінде елге келіп, еңбекке араласқан Айса атамыз 1940 жылы әскер қатарына шақырылады.
Заман тыныш тұрса ел қатарлы еңбегін еміп, оқығаны мен тоқығанын өзі қалаған ауыл шаруашылығы саласына еркін пайдаланар ма еді. Әттең, ол жылдары Жаратқанның бұйығы жатқан тыныш елге дайындағаны бөлек екен. Адамзатқа ауыр салмағын артып екінші дүниежүзілік соғыс аналардың жасын ағызып, әкелердің қаны мен терін төгіп, кісі күтпеген керімсал кезде кенеттен басталып жүре береді. Ел шетін қорғау жолында кеудесін от пен оққа тосу үшін Айса атамыз да қан майданға қасқая қарап, жол тартты.
Өмірге үлкен махаббатпен ұмтылып өскен өр халықтың баласы қан-қасап соғыста да алғы шепте жүрді. Айса Махамбетов командир ретінде әрбір жауынгер, әрбір іс-қимыл үшін жауапты болып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Үш мәрте жау оғынан жараланса да, басқыншылық ниетпен тарпа бас салған фашистерді түре қуып, Айсекең соғысты Шығыс Пруссияда аяқтайды. Отан қорғау жолында көрсеткен ерен ерлігі мен жанкешті еңбегі үшін Айса атамыз І-ші дәрежелі «Отан соғысы» және «Ерлігі үшін» медалімен, бейбіт кезеңде екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды.
Айса атамыздың соғыстағы ерлігі туралы Горимир Черныйдың естеліктері кеше Кеңес Одағын кезсе, бүгін ТМД төңірегінде кеңінен тарап жатыр. Ұлы Отан соғысында Айса Махамбетовтің қарауында сержант болып, кейіннен КСРО-ның бетке ұстар академигі болған Черный былай деп жазады. «Айса аса қамқор жан еді. Немістердің кезекті шабуылында ол қатты жараланса да, өз көйлегін жыртып, қансыраған әскерлердің жарасын таңып жүр екен. Мен оған өзінің де қатты жараланғанын айттым. Ол болса тек достарға көмектесе берді. Бір жолы Гумбиннен түбінде Айса басынан ауыр жараланды. Дәл жанынан жау снаряды жарылған. Жарасын таңып біз оны тылға жөнелттік. Содан кейін мен оны көрмедім. Тек 1981 жылы ғана Теориялық және қолданбалы механиканың бүкілодақтық съезінде біз ойламаған жерден кездесіп қалдық. Ол кездесуді ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Айса соғыс даласында қандай өжет, қандай еңбекқор болса, бейбіт өмірде де сондай азамат бола білді. Ол соғыстан кейін басында қалған снарядтың жарықшағымен жүріп өзінің туған халқына аянбай еңбек етті. Оның сүйген жары, балалары Айсаның майдандас достарын өз әкелеріндей құрметтеуші еді. Нағыз азамат қайда жүрсе де мықты болатынына мен Айсаны танығаннан кейін көз жеткіздім».
Жеңіске жеткен ел еңсе тіктеуге бет бұрды. Қызу еңбектің бел ортасында жүрген Айса Махамбетов өзінің Отан соғысынан кейінгі еңбек жолын Түркіменстанда қаракөл қой шаруашылығын өркендету ісімен бастап, сосын 1951 жылдан бері қарай туған елі Қазақстанда жалғастырды.
1965 жылы ол басқаратын шаруашылық Бүкілодақтық жарыста мал тұқымын асылдандыру саласында үздік деп танылып, жеңімпаз атанды. 1973 жылы Айса Махамбетов пен басқа да еңбеккерлерге қара түсті қаракөл қойының бір түрін тегін өсіріп шығару құқығын берді. Мал шаруашылығына сіңірген еңбегін ескеріп Айса атамызға «КСРО-ның еңбек сіңірген зоотехнигі» атағы берілді. Бұл маман біліктілігін мемлекет мойындады деген үлкен мәртебе еді.
Соғыс жылдарында-ақ партия мүшесі қатарына қабылданған Айса Махамбетов халық тұрмысы мен қоғам әлеуетін көтеруде алдыңғы қатарда болып, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болды. Оның республика экономикасын көтеру жолындағы еңбектері Қызылорда облысының ауыл шаруашылығына әкелген үлкен жетістіктері үшін 1951, 1962, 1965 жылдары КСРО-ның «Үлкен күміс медалімен», 1963, 1966 жылдары екі «Құрмет Белгісі» орденімен және көптеген медальдармен аталып өтілді.
Иә, өмір жолы – еңбек жолы, осындай үлкен мәртебеге лайық болып, ел ықыласына бөленгенде Айса атамыз мен ерлік жасап ел көзіне түсейін деп, не болмаса алған білім мен жинаған тәжірибені атақ-даңққа бөлену, қызмет пен мансап жолына жұмсау деген ойда болмағаны анық. Ол кездің адамдары өзгеше еді. Күллі адам баласы азаматтық жауапкершілікті туабітті сезінетіндей, өмірдің көлеңкелі тұсынан бойларын аулақ ұстап, еңбекте, жақсылық жасауда және мейлінше қарапайым болуда бәсекеге түсетіндей мінезге ие еді. Әрине, бұл біздің өмірден өткен ілгері буынға көрсетер құрметіміз бен ата-аналарымыздың қанымен, тәрбиесімен сіңген, әр кез айтып отыратын әңгіме-насихатынан пайда болған көзқарас, пікіріміз екені де рас. Десек те, қазақ қоғамының әр саласында шоғыр-шоғыр боп жарып шыққан текті азаматтарымыздың легі мен ел басқару ісінде өнегелі із қалдырған ұлтын сүйер ұлылар шеруі осы пікірімізді нықтай түсетінін де мойындауымыз керек.
Айса Махамбетов өмірінің соңына дейін өзінің майдандас достары мен еңбекте бірге тізе қосқан замандастарын құрметтеп өткен жан. Әр жылда 9 мамыр – Жеңіс күнінде қарулас достарымен байланысып, арнайы бас қосып, сонау сұрапыл жылдары бір болған, жау шебіне атой салған достарын еске алуды әдетке айналдырып отырған.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».