Солардың бірі «жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек» деген ұранмен астасып жатты. Сол сияқты «Шаруашылық бабындағы құлдық – ешбір емі табылмайтын құлдық», деген екен Алаш қайраткерлерінің бірі Мұхамеджан Сералин. Бұл жерде шаруашылық деп отырғаны – экономика. Демек экономика азат болмай, толық тәуелсіздікке қол жеткізу – өте күрделі мәселе. Бұл идея қазірдің өзінде өте өзекті.
Еліміз егемендік алған 30 жылда ұлттық экономикамыз жоғарыда алаштықтар айтқан ұстын мәселелердің бәрін бастан өткеріп келеді десек қателеспейміз. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тәуелсіздіктің елең-алаң шағында «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымы ғасыр басындағы алаштықтардың экономикалық көзқарасымен ұштасып жатты. Яғни тәуелсіздіктің тұғыры алаштықтар айтқандай, «экономикалық құлдықтан» құтылмай, кемелдену болмайтыны түсінікті.
Сол сияқты Алаш қайраткері Ә.Бөкейханов өндіріс пен өнеркәсіп ісінің ұлт болашағына қажет екендігі жайлы терең толғап: «Завод ісі жұрттың жалпы шебер, көнбіс, ұста болуына байлаулы» деген екен. Мұндағы «көнбіс» ұғымы мамандық игерудегі табандылық пен талмай ізденіс жолындағы жанкештілік жайлы айтылып отыр. Бұл идея, бұл бағыт – қазірдің өзінде жастар, болашақ ұрпақ үшін де құнды.
Тәуелсіздік алған 30 жылда еліміздегі жастардың техникалық мамандықтарға ден қоймауы анық байқалды. Шетелден жұмыс күшінің көптеп тартылуы, оларға жергілікті мамандарға қарағанда еңбекақының көбірек төленуі – ұлттық маман-кадр мәселесінде ойланарлық жағдай. Біз ұлттық мемлекет құрып, ұлттық біртекті экономикалық жүйе қалыптастырғымыз келсе, ұлт мүддесін ойлайтын, ұлттық мүддеге қызмет ететін ұлттық санадағы кадрлар даярлауымыз қажет. Allur Group компаниясының басшылығы осы мақсатта ұлттық кадрлар даярлауды қолға алып, Қазақстандағы ең ірі автомобиль жасау кәсіпорны «СарыарқаАвтоПром» ЖШС дистрибьюторы ретінде осы «СарыарқаАвтоПромдағы» екі мыңға жуық қарапайым жұмысшыны техникалық мамандықтарға оқытты. Заманауи мамандықты игеріп, техниканың тілін тапқандардың 1400-ге жуығы – өзіміздің қаракөздер.
Десек те, санға қарап марқайғанымызбен, сапалы, бәсекеге төтеп беретін өнім дайындалуы үшін өз ісінде білікті маман даярлануы әр кезде қажет-ақ. Қостанай автомобиль зауыты мамандарын оқып, үйренуге, тәжірибе алмасуға шетелге шығарып тұрады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ұлттық кадр жасақтау үшін Allur Group компаниясы Қостанай автомобиль көлігі колледжімен дуальды білім беру аясында өзара келісім жасап, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қазақ тобының ашылуына мұрындық болды. Колледжде биылдан бастап «Техник-механик», «Автомобильдерді жөндеу жөніндегі слесарь», «Автомобиль электр жабдықтарын жөндейтін электрик» біліктіліктері бойынша қазақ тобына үміткерлерді қабылдау басталды.
Оқу орнында техникалық мамандықтар бойынша оқытылатын қазақ тіліндегі оқулықтар тапшы болғандықтан, зауыт басшылығы қажетті оқулықтармен қамтуды да өз мойнына алған. Әзірге «барымен базар» дегендей, автомобиль саласына қатысты оқулықтарды қазақшаға аудартып, ұсынып отыр.
Басталған істің бабы таймаса, ілгері басқан сайын күрмеуі шешілмеген мәселе шығып тұрары сөзсіз. «Ол – техникалық салаларға бейімделген қазақтілді оқулықтардың жоқтығы. Қазіргі қарыштап дамыған заманда, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салаларда терең және қарқынды өзгерістер, цифрландыру кезеңінде дендеп енген термин сөздерді ауыл баласының аузына қалай салып береміз», дейді зауыт директоры Сырым Семейбаев.
Айтса айтқандай, ұлттық кадр мәселесін шешу барысында төл тіліміздегі техникалық термин ісін жүйелеген дұрыс. Өйткені тіл – қоғамдық қатынас құралы. Тіл түзелмей, іс түзелмейді. Демек қазіргі қоғам алдында шешімін күтіп тұрған бір мәселе осы. Бұйырса, бұл да оң шешілер деген үміттеміз.
Машина жасау саласында оңды қадамға бет бұрған бизнестің осы бастамасы басқа салаларда да жалғасын тапса дейміз.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасының кеңесшісі