Аймақтар • 15 Шілде, 2021

Алматы әкімі азық-түлік бағасының қашан төмендейтінін айтты

674 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын айттып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы әкімі азық-түлік бағасының қашан төмендейтінін айтты

Алматы әкімінің айтуынша, шілденің бірінші аптасында тұтыну бағалар индексі 0,4%-ға төмендеді. Бұл қаланың позициясын 4 тармаққа төмендетуге мүмкіндік берді. Жеңілдетілген несие бойынша шамамен 8 миллиард теңге берілді.

«Бұған сауда желілері мен өндірушілер қатысты. Мысалы «Magnum Cash & Carry» ЖШС-ға 12 атаулы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, атап айтқанда: ұн, күріш, қарақұмық жармасы, макарон өнімдері, қант, күнбағыс, сары май, айран, сүт, сүзбе, тауық пен сиыр етін осы жылдың соңына дейін белгіленген бағамен алуға және ұйымдастыруға 3,1 миллиард теңге бөлінді», деп түсіндірді ол.

Биыл қараша айына дейін «Тоймарт» сауда желісінің сөрелеріне қойылатын 10 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын белгілеу үшін 245 миллион теңге пайдаланылады.

1 млрд теңге - «Ақсай «ХБК» ЖШС 23,8 мың тонна нанды белгіленген нақты бағасымен жеткізу үшін, 75 тг/бөлке осы жылдың желтоқсан айына дейін.

800 млн теңге - «Алсад Қазақстан» ЖШС-не 49,6 млн жұмыртқа жеткізу үшін, белгіленген нақты бағасы 400 тг/ондаған 3 жыл ішінде.

«Union Products» ЖШС-не 2730 тонна ет өнімін (1365 тонна сиыр еті мен тауық еті бойынша) 132 дүкенге белгіленген баға бойынша (2050 – сиыр еті, 782 тг-тауық еті) 2022 жылдың наурызына дейін жеткізу үшін 250 млн теңге берілген.

«Асыл Meat» ЖШС фирмалық дүкендеріне 2022 жылдың маусымына дейін 2050 тг/кг бағамен 90,5 тонна сиыр етін жеткізу үшін 88 млн теңге бөлінді.

255 тг/кг-нан 5 мың тонна қант жеткізу үшін ірі қант өндіруші - «Меркі қант зауытына» «айналым» заемын беру пысықталып жатыр.

«Қаланың жеті негізгі азық-түлік базарларында (Көк базар, Жаңа Ақбұлақ, Сары-Арқа, Тастақ, Таусамалы, Алматы-1, Түрксіб жәрмеңкесі) «әлеуметтік дүкендер» жұмыс істейді. Бұл базарларда ӘМАТ-тың 10 түрі орташа нарықтық бағадан төмен бағамен сатылады, бұл сатушылар арасында бәсекелестік ортаны қалыптастыра отырып, халықты қолжетімді бағамен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді Бақытжан Сағынтаев.

2021 жылғы 24 маусымда Алматы қаласы мен Алматы облысының өңіраралық кооперациясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Картоп пен сәбіз бағасының өсуіне байланысты жедел түрде Түркістан облысынан көкөністерді тікелей жеткізу мәселесі де шешілді. Бұл картопқа көтерме бағаны 260 теңгеден 125 теңгеге дейін, сәбізге 450 теңгеден 200 теңгеге дейін төмендетуге ықпал етті.

Болашақта нарықтың толығуына байланысты бағаны төмендету тенденциясы сақталмақ.