Аймақтар • 15 Шілде, 2021

Атырауда шетелдік азамат елді арандату үшін өтірік ауырған

978 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда «Дина» базарындағы бекетте вакцина алуға келген шетел азаматы дәрігерлерге дөрекілік танытқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда шетелдік азамат елді арандату үшін өтірік ауырған

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Өзбекстан Республикасының 1998 жылы туған азаматы биылғы 16 маусымда «Спутник V»  вакцинасының I компонентін ектірген. Содан кейін жігітте жанама әсерлер мен асқынулар тіркелмеген.

«Бұл азамат 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 15:00-де вакцинаның ІІ компонентін салдырған. Алайда, вакцинаны алғанға дейін кезекте тұрған шетелдік азамат медицина қызметкерлеріне дөрекілік танытқан. Вакцинаның жанама әсері туралы арандату мақсатында бейнежазба түсіремін деп қорқытқан. Демалыс бөлмесінде 30 минуттай уақыт болып, үйге жіберілді» деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, 14 шілдеде жергілікті уақытпен 18:30-да «Дина» базарынан жедел жәрдем қызметіне қоңырау түскен. Онда диспетчерге вакцина алған адамда құрысу белгісі байқалғаны туралы хабарланған.

«Жедел жәрдем үш сағат бұрын вакцина алған және дәрігерлерге дөрекілік танытқан  Өзбекстан азаматына шақырылғаны белгілі болды. Шетелдік жігіт облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізіліп, 30 минуттан кейін үйіне жіберілді. Себебі, оның  жағдайы тұрақты, ауруханаға жатқызуға нақты дәйек болған жоқ. Осыған байланысты тұрғындардан арандатушылыққа ден қоймай, тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз», деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметінен.