Қазақстан • 15 Шілде, 2021

Асқақ мұраты орындалған қайраткер

502 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында егемен ел атанып, жаңа мемлекеттілікті қалыптастыру кезеңіндегі тағдыршешті тарихи қадамдарды бөлісе отырып, халық игілігі жолында бірлесе жұмыс атқаратын қажетті мамандардың тапшы болғанын айтады.

Асқақ мұраты орындалған қайраткер

«Менің кадрлық саясатым шу дегеннен-ақ қатал әрі жал­ғас­ты болды. Ол жауапты қыз­мет­терді, қажетті білім мен ма­шы­ғы болуымен қоса, бірінші ке­­зек­те мемлекет пен халықтың мүд­­десінен туындайтын реформа жұмыс­­тарына бүкіл күш-жігерін сар­қа жұм­сауға дайын мінсіз про­фессио­налдар атқаруы тиіс деген сенімге негізделді», дейді Тұңғыш Президент.

Елбасы сол уақытта асқан кө­регенділікпен тап басып таныған, сондай-ақ қандай күрделі, жауапты қызметтерге тағайындаса да, міндетін мінсіз атқаруға тырысқан білікті басшылардың бірі – Қанат Саудабаев еді.

Қанат Бекмырзаұлы 1968 жы­лы Ленинград мемлекеттік мәде­ниет институтын бітіріп келген­нен кейін алғашқыда Халық шы­ғармашылығы үйінде әдіскер, кейін М. Әуезов атындағы театрда режиссерлік қызметке кіріседі. Екі жылдан соң Қазақ мемлекеттік циркіне ауысып, 26 жасында ме­кеме тізгінін қолына алады. Тоқ­саныншы жылдардың басына дейін Мемлекеттік кинемато­графия комитетінің төрағасы, Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметтерін атқарып, кино және театр өнерінің дамуына тер төгеді. «Отырар сазы» оркестрі, «Сазген» ансамблінің құрылуына ықпал етіп, Әлібек Ді­ні­шев, Роза Рымбаева, Тимур Мың­баев, Рамазан Бапов сияқты табиғи таланттардың танылуына жағдай жасайды.

Ал 1991 жылы Елбасы се­ні­мімен Қазақ КСР-нің Мәскеудегі тұрақты өкілдігіне алғашқы өкіл болып тағайындалып, бұрынғы Одақтан еншісін алған еліміздің сыртқы саясатын қалыптастыруға және халықаралық аренадағы саяси міндеттерді шешуге білек сыбана кіріскені де көз алдымызда. 1992 жылы Қазақстанның Түр­киядағы елшілігі ашылып, Қанат Бекмырзаұлы тұңғыш Төтенше және өкілетті елші атанды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мо­йындаған туысқан мемлекетпен екі арадағы саяси байланыс­тар мен сауда-экономикалық, мә­дени-гуманитарлық қарым-қаты­настардың нығаюына қажыр-қай­ратын жұмсады.

Түркия Республикасын ха­лық­­аралық деңгейде мойын­да­тып, экономикасын алға сүй­ре­ген сол уақыттағы Президенті Тұр­ғыт ­Өз­ал­дың Қазақстанға ал­ғашқы ­ресми сапарын, сондай-ақ Қазақстан­ның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы­ның Анадо­лу­дағы іскерлік кезде­сулерін ұйым­дастырды. Түрік инвесторла­рын еліміздегі құрылыс, сауда, білім, медицина салаларына тартуға жол ашты.

Сол жылдары Елбасының се­німді өкілінің жанында Түркияда­ғы елшілікте қызмет атқарған ал­ғашқы жас дипломаттардың шо­ғырында жұмыс істеу бақыты біз­ге де бұйырған еді. Қанат Бек­мыр­заұлының мектебінен өтіп, тәжі­рибесін шыңдаған Бекжасар Нарбаев, Әбутәліп Ахметов, Өмір­тай Бітімов, Дулат Қуаныш, Қайрат Сарыбай сынды азаматтар уақыт өте келе, түрлі елшіліктерге жіберіліп, еліміздің беткеұстар тұлғаларына айналды.

Жұмыс барысында бай­қа­ға­­нымыздай, Қанат Бекмыр­за­ұлының Түркия Президентімен, Премьер-министрімен, Сыртқы істер министрімен және басқа да саладағы басшылармен тіке­лей қарым-қатынаста жұмыс істеуі орталықтан берілген тап­сыр­малардың жедел жүзеге асуына үлкен септігін тигізіп жататын. Анкарадағы саяси орта ТМД ел­шіліктері арасында Қазақстан елшісінің беделі жоғары әрі рухани жақын саясаткер екенін үнемі мойындап, тілге тиек етіп отыратын. Қанат Бекмырзаұлы сол кезеңде Сүлеймен Демирельдің қабылдауында жиі болып, пре­зиденттердің ресми сапарла­рын жыл сайын кезекпен өткізуді дәс­түрге айналдырды. Екі ел бас­шылары сыйластықтарының бауырластыққа ұласуына ұйытқы болды.

Өзара сенім мен келісім нә­ти­жесінде Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің іргетасы қаланды. Ахмет Хамди басқа­ра­тын «Ахсель Холдингі», Бекир Окан жетекшілік ететін «Окан Хол­дингі», сондай-ақ «Жейлан Хол­дингі», «Энка», тағы басқа құры­лыс компанияларының кәсіп­орын салып, өндірісте жұмыс істеуі жан­дана түсті. Екіжақты барыс-келіс, алыс-беріс нәтижесінде Қа­­зақстан мен Түркия қарым-қа­тынасы стратегиялық әріптестік дең­гейіне көтерілді.

Қанат Бекмырзаұлы Түркия елшілігінен кейін Сыртқы істер министрі, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Ко­­рольдігіндегі Төтенше және Өкі­­летті Елші, Премьер-Ми­нистр кең­сесінің басшысы – Үкі­мет мү­шесі, Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Америка Құрама Штат­тарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды және Қазақстан Республикасының Ка­на­дадағы Төтенше және Өкілет­ті Елшісі міндетін қоса атқарды. Англия мен Америка арасындағы қарым-қатынасымызға да қаяу түсірмей, мемлекеттер арасын жақындастыруды өзіне басты бағ­дар етіп алды. Британия Пар­ламентінде Қазақстанға тілектес адам­дардың бастамашыл тобы құ­рылып, екі ел депутаттары ара­сында алтын көпір орнады. Американың ең ықпалды саясат­керлері қазақ жеріне табан тіреп, маңызды мәселелерді ортаға сала бастады.

Қанат Бекмырзаұлы ұлттық мәдениетіміздің мұхиттың арғы бетінде танылуына еңбек сіңірді. Қазақ музыканттары алғаш рет Вашингтондағы Кеннеди орта­лы­ғында және Нью-Йорктағы Карнеги холда өнер көрсетті.

2010 жылы ел өмірінде және Қанат Саудабаевтың қызмет жо­лында тағы бір айтулы оқи­ға болды. Қазақстан ТМД ел­де­рі арасынан алға суырылып шы­ғып, ЕҚЫҰ ұйымына төр­ағалық ету мәртебесіне ие болды. Афинада өткен ЕҚЫҰ сырт­қы істер министрлерінің 17-ші отырысында грек тарапы ха­лықаралық деңгейдегі бе­дел­ді ұйымға жетекшілік жасау төр­ағалығын ресми түрде Қазақстанға тапсырғанда таңданысын жасыра алмағандар жеткілікті еді. Бұл туралы Елбасы: «ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалық Қазақстан үшін кезеңдік тарихи оқиға болды, біздің әлем­дегі орнымызды күшейте түсті. Бұл ірі халықаралық табыс еді», деген болатын.

Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басында­ғы төрағасы, Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Қа­зақстан кандидатурасын басқа елдер бірден қолдай кеткен жоқ. Елбасымыз жылдар бойындағы ресми сапарлары кезінде көптеген мемлекет басшыларымен кездесе жүріп, Қазақстанның осындай ұйымға төрағалық етуге қай жағынан да пісіп-жетіліп тұр­ғанын көз жеткізе дәлелдеді, ақы­ры Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығын қолдауына қол жет­кізе алды. Бұл арада Нұр­сұлтан Назарбаевтың халықара­лық аренадағы аса биік беделі­мен қатар, айтқан сөзіне елді ұйы­тып, ұсынысын өткізбей қой­май­тын қасиетінің, жоғары дипло­ма­тиялық шеберлігінің және елден ерекше харизмасының да үлкен рөлі болғанын айтқым келеді», деген еді.

Кезінде Сыртқы істер ми­нис­трі­нің орынбасары болған және Қанат Бекмырзаұлымен ұзақ жыл бірге қызмет істеген Роман Василенко: «Қанат Бекмырзаұлы Президент сенімін ақтау үшін жан терін сығып жүріп еңбек еткенінің куәсі болдым. 56 елдің әртүрлі деңгейдегі құрылым басшыларымен келіссөз жүргізіп, маңызды кездесулер ұйымдастырды. Қаз­ір-­­
гі таңда біз Нұр-Сұлтанда өткен ЕҚЫҰ саммитін және күр­делі келіссөздер нәтижесінде дү­ниеге келген Астана декла­ра­циясын мақтанышпен еске ала­мыз. Бұл құжаттың қабыл­да­нуы Елбасының, саммит қатысу­шыларының және ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нис­трі Қанат Саудабаевтың ерен еңбегінің жемісі болатын», деп еске алады. Сөзінің дәлелі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ара­да аз уақыт өткенде Қанат Сау­да­баевты мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңір­ген ерекше еңбегі үшін «Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев» орденімен мара­паттағанын алға тартады.

Қат-қабат жұмыстардан қо­лы босаған бір сәтте Қанат Бек­мыр­заұлының: «Мен Қазақстанның әлемдегі қазіргі құрметіне қол жеткізу Н.Назарбаевқа қандайлық күшке түскенін жақсы білемін. Сирек кездесетін стратегиялық ойтанымының, таңғаларлық ин­туициясының, дипломатиялық таланты мен айрықша жұмыс істеу қабілетінің арқасында Н.На­зарбаев елдегі жағдайды бақы­лауда ұстап қана қалған жоқ, соны­мен бірге елді әлеуметтік-эко­номикалық дамудың бірте-бірте жүзеге асатын, бірақ сенімді траекториясына алып шыға біл­ді, бұл үшін қажетті қолайлы сыртқы жағдайларды, ең алды­мен, халықаралық қоғамдастық­тың сенімін қамтамасыз етті.

Елбасымыздың сыннан өткен көшбасшылығының арқасында біздің халқымыздың алда әлі талай асулардан абыроймен асатынына күмән жоқ. Сондықтан да мен үшін Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстанның жаңа тари­хындағы ең маңызды және тағ­дыршешті оқиғалардың қаты­сушысы және куәгері болу мүм­кіндігін сыйлағанынан, күшім, мүмкіндігім жеткенінше осы жылдар ішінде туған еліме пайдалы болу бақытын бергенінен артық ештеңе болмақ емес. Өмірімнің кешегі, бүгінгі және ертеңгі ас­қақ мұраты – осы», деп ағынан жарылғаны есімізде.

Жетпістің жартысын бағын­дырып отырған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның дамуына қажыр-қайратын арна­ған ұлтжанды тұлға – Қанат Сауда­баев өмір жолында өзі айтып өткен осы асқақ мұраттарға қол жеткізе алды деп айтуға толық негіз бар. Ол туған еліне пай-далы болу бақытын сезінді және өзгелерге де сезіндіре алды деп есептеймін.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректоры