Экономика • 16 Шілде, 2021

Жеке кәсіпкерлікті жабу жолы жеңіл

1379 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде жеке кәсібін ашып, бизнес ашуға қызығушылық танытып жүргендер қатары көбейіп келеді. Кейбіреулер жеке кәсібін дөңгелеткісі келгенімен, оны ашу жолдарын білмейді. Ал ашқан кәсібін тоқтату туралы шешімге келгендер кәсіпкерлікті қалай жабатынынан хабарсыз. Ендеше, Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті мамандарының осы мәселе төңірегіндегі ақыл-кеңесіне назар салыңыз.

Жеке кәсіпкерлікті жабу жолы жеңіл

Бизнес жолы оңай емес. «Алғашқы кезде бизнесті сен асы­райсың, содан кейін бизнес өзін-өзі асырайды, сосын бизнес сені асырайды» деген сөз бекер айтылмаса керек. Кәсібі дөңгеленіп кеткендер де, орта жолдан тоқтап қалғандар да бар. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр күзде елімізде тіркелген жеке кәсіпкерліктің саны 1,2 млн-нан асыпты. Бірақ бір жылдың ішінде олардың саны 2,9%-ға қысқарған. Тіркелген жеке кәсіпкерліктің ішінде 200 мыңдайы жұмысын тоқтатқан. Олардың ішінде ресми түр­де кәсібін тоқтату туралы өтініш бермегендер де бар. Мем­лекеттік кірістер комитеті жеке кәсіп­керлік жабылған болса, міндетті түрде салық органдарына хабарласып, қызметі тоқтағаны жөнінде өтінім қал­дыру керектігін ескертеді. Кә­сіп­керлер бизнестің түріне қарай жылына екі рет декларация тапсырады. Осы есепті тапсырмағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан кәсіпкер қызметі жөнінде міндетті түрде тиісті мекемені хабардар етуі керек.

Мемлекеттік кірістер коми­теті басқарма басшысының орын­­­басары Айнұр Сартаеваның айтуынша, кәсіпкердің басында салық қарызы болмаса, онда жеке тұлғаны дара кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркеуден шығаруды салық органы жүзеге асырады. «Дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам қызметті тоқтату туралы ше­шім қабылдаған кезде тіркелген же­ріндегі салық органына барып, қыз­метті тоқтату туралы салықтық өтінішті, қыз­меттің жекелеген түрі­мен айналысатын салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаны, тарату туралы салық есебі және бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті (егер бар болса) тапсыруы керек», дейді А.Сартаева.

Жеке кәсіпкерлікті оңай­ла­тыл­ған тәртіпте жабуға бо­ла­ды. Бұл камералдық бақы­лау­сыз жүзеге асы­рылады. Оңай­латылған тәртіп­пен қызметті тоқтату үшін жеке кәсіп­кер қо­сым­ша құн салығын төлеуші ретінде тіркеуде тұрмайтын, бірлескен кәсіпкерлік түріндегі қызметті жүзеге асырмайтын болуы керек. Сондай-ақ кәсібі мына қызмет түрлерімен байланысты болмауға тиіс: бензин (авиациялықты қоспағанда), дизель отынын өндіру, бензинді, дизель отынын көтерме немесе бөлшек саудада өткізу, этил спиртін және алкоголь өнімін өндіру, оларды көтерме және бөлшек саудада сату, темекі өнім­дерін өндіру және оларды көтерме саудада өткізу, ойын бизнесі, тауарлардың элек­тронды саудасы. Бұған қоса, салықтық тексерулер мен тәуе­келдерді бағалау жүйе­сінің нәтижелері бойынша ірік­тел­ген салық тексерулердің тізімінде жоқтығы, салықтар мен әлеуметтік төлемдер бо­йынша қарыздары болмағаны ескеріледі. Қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті онлайн режімінде салық төлеушінің кеңсесі арқылы да беруге болатынын естеріңізге саламыз.

«Жеке кәсіпкер ретінде қыз­метін тоқтататын тағы бір әдіс патенттің қолданылу мер­зімі аяқталған күннен басталады. Алайда кәсіпкерлік қыз­метін тоқтата тұру мерзімі аяқтал­­ғаннан кейін патент құнының ке­лесі есебі күнтізбелік алпыс күн ішін­де ұсынылмаса, онда салық орга­ны патент бойынша жұмыс істейтін дара кәсіпкерлердің қыз­метін оңайлатылған тәртіппен тоқ­татады», дейді комитет өкілі.

Жеке кәсіпкерді немесе жеке практикамен айналысатын адамды тіркеуден шығару туралы ақпарат уәкілетті органның www.kgd.gov.kz интернет-ресурсында «Электронды сервистер/салық төлеушілерді із­деу» бөлімінде немесе «E-Salyq Азамат» мо­биль­ді қосымшасында есеп­тен шығарған күннен бастап, үш жұмыс күні ішінде орналастыры­лады.