Оқиға • 16 Шілде, 2021

Алматы жұрты Әбсаттар қажыны ақтық сапарға шығарып салды

1220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы Орталық мешітінде көрнекті ғалым, академик, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2000-2013 жылдар аралығындағы Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәліні ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Egemen.kz. ҚМДБ-ның ресми сайтына сілтеме жасап.

Алматы жұрты Әбсаттар қажыны ақтық сапарға шығарып салды

Марқұмның жаназа намазын Әбсаттар қажының шәкірті, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оқып, қайғы жамылған әулетке сабыр тіледі.

«Әбсаттар қажы Бағысбайұлы еліміздің дін саласына ғана емес, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан бірегей тұлға еді. Тарихта аты қалған игі жақсыларды қайта тірілтіп, елмен қауыштырды. Қазақстан мұсылмандарының бірлігі мен білімді болуына көп күш салды. Құрбан айттың алғашқы күнінің мемлекеттік мереке ретінде қабылдануына атсалысты.

Кешеден бері Әбсаттар қажының әулеті мен өзі он жылдан астам уақыт басқарған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жан-жақтан көңіл айту жеделхаттары келіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек, алыс-жақын шетелдердегі Діни басқармалардың бас мүфтилері қайғымызға ортақтасып, көңіл айтуда. Тіпті Әбсаттар ағамыз ауруханаға түсті дегенде күллі Қазақ елі алақанын жайып, Алладан шипа тіледі.

Мінеки, Хаққа да, халыққа да қызмет еткен тұлғаның қандай абыройлы, жақсы азамат болғаны осыдан-ақ белгілі. Ағамыздың отбасы мен ағайын-туысына көркем сабыр, жеңілдік тілеймін. Рухыңыз шат, барар мекеніңіз жәннат болғай!», деді Бас мүфти.