08 Қаңтар, 2014

Түркия полициясы қатарында кең ауқымды тазалау жүргізілді

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

09 01 - Turkiya police

Кеше Түркия үкіметі елдің 16 провинциясында полиция бастықтарын орындарынан алды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасаған Ras.kz хабарлады.

Түркия ішкі істер министрлігінің бұйрығымен қызметтен шеттетілгендер арасында Анкара, Анталья, Измир және Диярбакыр полиция басқармаларының бастықтары бар болып шықты.

Дүйсенбіден сейсенбіге дейін полиция қатарында кең ауқымды тазалау жүргізілді. Осы дүрмекте 350-ден астам полиция қызметкері орындарынан алынды немесе төменгі қызметтерге жіберілді. Бұлардың арасында жемқорлықпен және ақша айналымы мәселелерімен айналысатын уәкілдер де болды.

Құқық қорғау органдарындағы бұл тазалау үкіметтің олар өткен жылғы 17 желтоқсанда жоғары жақпен келіспей, өз беттерінше құпия жүргізген «Үлкен пара» операциясына қайтарған жауабы болып табылады. Сол жолы полиция 50-ден астам шенеунікті, банк құрылымдары қызметкерлерін, сондай-ақ үш министрдің ұлын қамауға алған болатын.

Нәтижесінде премьер-министр Тайип Эрдоған Министрлер кабинетіндегі 10 мүшенің орындарын ауыстырып, біраз кадрлық өзгерістер жасауға мәжбүр болған. Түрік лидері сонда бұл жемқорлыққа қарсы операцияны «үкіметті құлатуға бағытталған арандату» деп бағалаған еді. Ол «мемлекеттің ішінде мемлекет құрылуына жол бермейтінін» мәлімдеп, жағдайды өз бақылауында ұстап тұратынына сенім білдірді. Оның 17 желтоқсаннан бергі тазалау науқаны барысында құқық қорғау органдарының жүздеген қызметкерлері орындарынан кеткен-ді.

Бұдан бөлек, жемқорлыққа қатысты жанжалдан кейін билеуші партияның 5 депутаты парламенттен шықты.

Айдар Өрісбаев.

Дереккөз: Ras.kz

Фото: Newsfiber.com

Соңғы жаңалықтар