Әлем • 18 Шілде, 2021

Климаттың өзгеруі: Еуропа ұсынған елеулі шаралар

949 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таяуда Еуропалық комиссия климаттың өзгеруіне қарсы тұру мақсатында қабылданатын шаралардың жаңа легін жариялады. Қазіргі таңда бұл бастама қарт құрлықта қызу талқыланып жатыр.

Климаттың өзгеруі: Еуропа ұсынған елеулі шаралар

Еуропалық одақ елдері 2050 жыл­ға қарай парникті газдар шығару көле­мінің деңгейін нөлге түсіруге уәде берген. Соған сәйкес, 2030 жылға дейін көмір­тегі газдарының шығарылымын 55 пайызға азайту керек.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ЕО тарапы ауаны ластайтын жанармай құнын көтеріп, мүше мемлекеттерден өмір сүру сапасын жақсартуды талап етіп отыр. Мәселен, көлік жүргізу, үйді жы­лы­ту, болат және цемент сияқ­ты зат­тар­ды өндіру, ормандар мен жер­лерді басқару секілді мәселелер қайта қаралуы қажет.

«Қазіргі таңда қазба отын пайдалану бойынша шегіне жеттік. Еуропа – өз міндетіне алған климат мақсатына сай кешенді жоба ұсынған тұңғыш құрлық», деді Еуропалық Комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен.

Fit for 55 деп аталатын құжатқа сонымен қатар 2035 жылға дейін бензин және дизельмен жүретін автокөліктерді сату­ға тыйым салу енгізілген. Бұл қадам электр көліктерінің дәуірлеуіне жол ашпақ.

Сондай-ақ Еуропалық одақ энергия­ны тиімді пайдалануға, жаңартылатын энергия көздеріне басымдық беріп отыр. Көміртегі нарығын бақылауға теңіз тасымалын да қоспақ. Яғни кеме­лер­дің қаншалықты парникті газдар шы­ға­ратыны да жіті назарда болады.

Бұдан бөлек, энергетика мен өнер­кәсіп секторына қойылатын талаптар күшейтілмек. Автомобиль көлігі мен құрылыс саласына парникті газдар шығару бойынша жеке сауда жүйесін құрмақ. Шетелден келетін, бірақ өн­діруге көміртегі газы жұмсалған тауар­ларға арнайы салық салынады.

Жаңа жоспардың тағы бір парасы халықтың тұрмысына байланыс­ты. Брюс­сельдегі шенеуніктер арнайы әлеу­меттік қор құрады. Мұндағы қаражат аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасыларды жанармай бағасының өсуінен қорғау мақсатында жұмсалады.

Әйтсе де, Еуропалық комиссияның ұсынысы қазірдің өзінде Одаққа мүше мемлекеттер тарапынан сынға ұшы­рады. Мәселен, мүше елдердің басшы­лары жанармай бағасының өсуі тұрғын­дар­дың наразылығын туғызуы мүмкін деп алаңдайды.

Польша, Словения, Латвия, Люк­сем­бург премьер-министрлері Ма­теуш Моравецки, Янез Янша, Ар­турс Кришьянис Кариш, Хавьер Беттель құжатқа сын көзбен қарап отыр. Олар бұл жоспар табысы төмен тұрғындарға қатты әсер етеді деп есептейді. Франция да қаупін жасырған жоқ. Өйткені 2018 жылы бензин бағасының өсуіне байланысты аталған елде жаппай наразылық акциялары өткен.

Еуропалық комиссияның атқару­шы вице-президенті, «Жасыл келісім» бас­шысы Франс Тиммерманстың айтуынша, Брюссель бастаманың тиім­ділігін дәлелдеуі тиіс. «Егер мұны дәлел­дей алмасақ, онда қарсылық күшейе түсе­ді», дейді ол.

Әзірге Еуропалық комиссия ұсын­ған құжат толық қабылданған жоқ. Бүкіл қарт құрлық бетке ұстайтын заң­ға айналуы үшін оны Еуропалық Пар­ламент пен Еуропалық Кеңес мақұлдауы тиіс. Ал бұл бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Fit for 55 көпшілік үшін тосын бол­ғаны рас. Өйткені мұнда айтылғандардың біразын орындау оңайға соқпайды. Мәселен, 2035 жылы бензин және дизель арқылы жүретін көліктерді сатуға тыйым салуға қол жеткізу жеңіл шаруа емес.

Рас, қазіргі таңда Volkswagen, Volvo секілді Еуропадағы жетекші ком­­паниялар электр қуатымен жүретін кө­­лік­­терге ерекше назар аударып, оның өндірісін арттырып келеді. Бірақ қарт құрлықтағы автокөліктерді құ­рас­тыруға қажетті басқа бөлшектерді шы­ғаратын компаниялар жанармаймен жү­ретін қозғалтқыштың орнына электр қоз­ғалтқыштар өндіруге ықыласты емес. Әрине олар амалсыз бұл қадамға барады. Бірақ бұған біршама уақыт керек.

Кейінгі кезде Еуропа елдері кө­лік­­тен бөлінетін парникті газдарды азайтуға белсене кірісе бастады. Мәсе­лен, Еуропа қоршаған орта агент­тігі­нің мәліметіне сай, 2017 жылы Еуро­па одағы елдері шығарған парник­тік газдардың 27 пайызы көліктерге тиесілі. Соның ішінде 72 пайызы авто­көліктерден келеді.

Осыған байланысты құрлықта ха­лықты жанармаймен жүретін «темір тұл­парларға» емес, электр қолдана­тын көліктерге бейімдеу басталды. Мы­салы, Португалия қоғамдық көлік­терге, соның ішінде трамвай қызметіне басымдық бермек. Бір Лиссабон қала­сының өзі шаһардағы осы көлік түрін жаңартуға 43 миллион еуроны санап беруге әзір.

Германия да осындай желіні қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр. Берлин қаласының әкімшілігі қала­дағы қоғам­дық көлікке бөлінетін қара­жат­тың біразы трамвай қызметіне жұмсала­тынын хабарлаған. Атап айтқанда, ал­дағы 15 жылда 70 шақырым желі салы­нып, оған 28 млн еуро жұмсалады.

Страсбург қаласының билігі 2017 жылы Рейн арқылы өтетін трамвай желі­сін қайта іске қосты. Аталған жүйе 1945 жылы жабылып қалған еді. Ұлы­британияның Ноттингем қаласын­да да 70 жыл бойы тоқтап тұрған трамвай желісі қайта жүре бастады.

Мұндай бастама Италияның Милан және Рим қалаларында да жалғасын тауып отыр. Ал Испания билігі таяуда Севилья қаласындағы трамвай қыз­метін қайта жаңғыртуға 20 млн еуро бөлінетінін хабарлады.

Алаңдататын тағы бір мәселе мынада. Еуропалық комиссия темір, болат, цемент, алюминий, тыңайтқыштар мен электр энергиясының импортына салық салмақ. Оның көлемі Еуропалық одақ өндірушілері төлейтін көміртегі тарифінің құнына сай келеді. Жоспар бойынша салық 2026 жылдан бастап кезең-кезеңмен жүзеге асады.

Көміртегімен күресудің бір бағыты – оның бағасына да қатысты. Еуро­палық одақ «қара отынның» бағасын арттыру арқылы парникті газдар шығарылымын азайтуды көздейді. Еуропалық комиссияның президенті Урсула вон дер Ляйеннің айтуынша, ЕО осыған басымдық беріп отыр.

«Көміртегі шығарылымының баға­сын бақылау жасыл энергияға ин­вес­тиция салуда маңызға ие. Біз көмір­тегін бизнес жоспарымыздан сызып тастауымыз қажет», дейді Еуропалық Кеңестің президенті Чарльз Мичел.

Қарт құрлықтың бұл мәселеге екпін беріп, сырттан келетін тауарларға көміртегі тарифін енгізуінің өзіндік се­бебі бар. Германия, Ұлыбритания және Франция секілді Еуропа елдері пар­­ник­тік газды шығару көлемін айтар­лық­тай азайтты. Осылайша, Тұманды Альбионнан тұман тарқап, Эйфель мұнарасын түтін баспай, немістер таза ауамен тыныстай бастаған.

Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Қарт құрлық тұтынатын тауарлар әлемнің басқа бөлігіндегі көмірқышқыл газының артуына сеп болып отыр. Мәселен, 2015 жылғы Париж келісімінен кейін Батыс Еуропа елдерінің Қытайдан сатып алатын тауарлары күрт артқан. Бұл өз кезегінде Қытайдың парниктік газды көп шығаруына жол ашты. Сондықтан елдің географиялық шекарасынан ғана шығатын көмірқышқыл газын ғана емес, сол мемлекет тұтынатын бүкіл тауарды өндіруден шығатын парниктік газдың көлемін бақылау өте өзекті.

Әлемдегі ауаға таралатын парникті газдардың басым бөлігі көмір жағудан шығады. Оның үстіне, электр энергиясын өндіруге қажетті зат та осы – «қара отын». Бүгінде Азия мен Еуропаның даму­шы елдері, тіпті АҚШ та әлі күнге көмір жағып отыр. Жыл өткен сайын атал­ған мемлекеттер одан бас тартып, тұты­ну көлемін азайтып келеді. Мәселен, 2007 жылы АҚШ-тың көмір тұтыну көле­мі 1 миллиард тоннаны құраса, 2018 жылы 700 миллион тоннаға дейін азайған.

Қазіргі таңда көмірді ең көп тұты­натын ел – Қытай. Ол жыл сайын 4,3 миллиард тонна «қара отын» жаға­ды. Бұл әлемдік көмір тұтыну мөл­шері­нің шамамен жартысына жуығын құ­райды. Оның үстіне, Қытайдың көмірге деген құмарлығы бәсеңдер емес.

Еуропалық комиссия ұсынған құ­жатта импортталған тауарларға салы­натын салық туралы айтылса да, оның Қытайға қаншалықты әсер ететі­ні белгісіз. Өйткені қарт құрлыққа келе­тін импорттың басым бөлігі осы елге тиесілі. Ендеше, Еуропалық одақ Бей­жің билігін қаншалықты ырқына көндіре алады?

Қорыта айтқанда, Еуропалық комис­сия ұсынған Fit for 55 жобасы бүкіл Одақты дүр сілкінтіп таста­ды. Құжатта көрсетілген шаралар қан­ша­лықты қабылданатыны алдағы уақытт­а өтетін келіссөздер барысында айқын­далмақ. Бастысы – Еуропалық одақ климаттың өзгеруіне қарсы білек сыбанып күресіп жатыр.