Өнер • 18 Шілде, 2021

Өмірі өнермен өрнектелген

1480 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ұлттық мәдениетіміздің сәулетті ордасы – «Қазақ мемлекеттік циркі» 2020 жылы жарты ғасырлық белеске қадам басты.

Өмірі өнермен өрнектелген

Сол елу жылдықты арнайы халықаралық фестивальмен өткіземіз деген жоспарымыз мына дүниежүзілік індеттің кесірінен өз деңгейінде жүзеге аспағаны өкінішті. Дегенмен еліміздің қайталанбас мәдени ошағы, мыңжылдық Алматы шаһарының осынау көрнекті өнер ордасының іргетасын қалап, ғажайып манеж әлемінің пайда болуына, кәсіби цирк ұжымының қалыптасуына зор үлес қосқан, саналы ғұмырын сарп еткен өнер марқасқалары мен ел тұлғаларын келер ұрпақ ұмытпауы тиіс.

Солардың бірі де бірегейі еліміздегі тұңғыш Қазақ мемлекеттік цирк ұжы­мының іргетасын қалауға белсенді ат­­­са­лысқан, ұлтын шын сүйген, өне­рін ұлық­таған жайсаң – Қазақ­стан­ның ха­лық әртісі, қазақ қыздары­ның арасынан шыққан тұңғыш көркемсөз ше­бері, ұлағатты ұстаз Гүлжихан Ға­лие­­ва­ның туғанына 2017 жылы 100 жыл толды. Қазақ мемлекеттік циркі сол жылы сәуір айында 100 жыл­дық мерейтойға тарту ретінде манеж өне­рінің мұрасын, отандық цирк кори­фей­лерінің жәдігерлерін, өткеннен сыр шертетін естеліктерін жинақтап, елі­мізде бұрын-соңды болмаған тұңғыш экс­позициялық мұражайды ашып, Гүл­жиһан Қалиқызына арнайы жеке көр­ме ұйымдастырды. Көрмеде оның өмірі мен қызметі жайлы деректер, әр кез­дегі фотосуреттері топтастырылды. Бұл мұ­ражайдың ашылуына өнердегі Гүлжи­һан Ғалиеваның көзін көрген ақса­қал­дар мен зиялы қауым, ұзақ жылдар бойы Қазақстанның Мәде­ниет министрі болған Жексенбек Еркін­бекұлы ағамыз қатысты.

Заман талабына сай кәсіби цирк өне­рінің өмірге келуіне ұйытқы болған Гүлжиһан Ғалиеваның идеясы мен күш-жігері арқасында сол кездегі ҚазКСР ОК-нің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың тікелей қолдауымен және Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың пәрменімен Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік цирк ғимаратын салу туралы шешім қабылданды. Кәсіби цирк ұжымын құру жолында Гүлжиһан Ға­лиева орасан зор еңбек сіңірді. Осы ретте айта кету керек, сол кездері мә­де­ниет саласының жетекшілерінің ара­сындағы қазақ өнерін өркендетудегі бір­лік пен ұйымшылдықтың бастауын­да атадан балаға қанмен дарыған тек­тілік жатыр. Өйткені Дінмұхамед Қо­наев­тың әкесі Ахмет пен Гүлжихан Ға­лиеваның әкесі Ғали, би падишасы Шара Жиенқұлованың әкесі Баймолда бір-бірімен өзара аралас-құралас болған, сый­ласып өткен. Бала кезден әкелері дос болып әрі бірге ойнап өскен балалар, ке­йіннен ұлтының ұлы перзенттеріне айналған Гүлжихан, Шара, Димаш та әде­мі достық, ізгі сыйластықты өмір бойы арқау етіп, халықтың өнері мен мә­де­ниетіне өлшеусіз үлес қосты. Сол кез­дегі Орталық комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен бала күнгі шы­найы достық пен ұлттық өнерге деген ортақ жанашыр көзқарас сол кездері қазақ өнерінің жарқын көкжиегіне, «алтын дәуіріне» даңғыл жол ашты.

1917 жылы 11 қарашада дүниеге келген Гүлжиһан Ғалиева Жетісу өңі­ріне аты әйгілі Қали Ордабаев деген бай­дың жалғыз қызы еді. Сұңғыла, ке­мел ойлы әкесі жалғыз қызына шетел­ден мұғалім алдыртып еуропаша оқытып, сауат аштырады. Жастайынан ұлттық мәдениеттің уызына жарып, Еуропа мәдениетінің қайнарларына қанып өскен Гүлжиһан мен өнерпаз шәкірт­тері кейіннен Мәскеудің менмін деген өнер тарландары мен майталмандарын мойындатқан феноменге айналды. Тау тұлғалы Қали Ордабаев кедей-кепшік, жоқ-жітікке әрдайым қолұшын беретін рақымшыл ғазиз жан болған еді. Өз заманының атымтай жомарты атанған Қали байдың қаржысына Алматыда ең алғаш күмбезді мешіт бой көтерді, ағаштан жер үйлер салынды. Қазіргі Мәдениет министрлігінің ескі ғимараты тұрғызылды, Баум бағының көшеттері отырғызылды, Орталық демалыс саябағының іргесі қаланды, сол маңнан оның қолымен аққулары қиқулаған айдын-шалқар көл жасалған. Жұрт аузында Қали байдың соғыс жылдары майданға шынжыр табан танктер сатып алуға 1000 рубль ақша жібергені туралы да айтылып жүр.

Алайда қазақ жұртының игі жақсы­ларын жалмаған зобалаң жылдар Қали байдың әулетін айналып өтпеді. Қар­шадай қыз Гүлжиһан Ленинградта заң инс­титутында оқып жүрген кезінде әкесі Қали мен ағасы Рамазанға «халық жауы» деп нақақтан нақақ жала жабылып, айдалып кете барды. Гүлжиһанның ағасы Рамазан кезінде Орман шаруашылығы министрі, Нарынқол ауданының басшысы болған еді. Әкесі мен ағасы айда­лып кеткен соң оқудан шығып қалған Гүлжиһанға Мәскеуде ағасының айнымас досы болған Тұрар Рысқұловтың көп көмегі тиеді. Оның ақыл-кеңесі­мен, жол сілтеуімен тегін өзгертіп, КСРО ас­та­насындағы ГИТИС жанындағы театр студиясына оқуға түседі. Иә, текті әулеттің ақтамақ қарлығашы қара бұлт­тай төнген тағдырдың ауыр сынына мо­йымады, қанатын жазып, қияға самғай берді. 1938 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдап, қазақ қыздары арасынан Мәс­кеудегі ГИТИС-ті бітірген тұңғыш көр­кемсөз оқудың кәсіби маманы атанады. Жас маман алдымен Ташкентте бір-екі жыл жұмыс істеп, кейін Алматыдағы Қазақ драма театрында актриса болып қызмет істейді. 1941-1946 жылдары со­ғыс кезінде Мәскеуден Алматыға көш­кен Орталық біріккен киностудияда ак­терлер бөлімін басқарды, 1946-1965 жыл­дары қазақтың Жамбыл атындағы фи­лар­мониясында конферансье болып, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев шығармаларын шебер орындады, Қазақ радиосының балаларға арналған бағдарламасында аңыз-әңгіме, ертегілер оқып, әуезді дауысымен бүл­діршіндердің жүрегіне жол тапты.

Дәл осы күрделі кезең Гүлжиһан Қа­л­и­қызының шығармашылық ізденіс­те­рі­не серпін беріп, ұлттық өнер жолында­ғы тынымсыз күрескерлік, көшбасшы­лық дара қасиеттерінің қалыптасуына алғы­шарт жасады.

50-60 жылдары кеңестік солақай саясаттың салдарынан қазақтың қара домбырасының күмбірі жоғалып, ұлттық дәстүріміз бен өнеріміздің көмескіленіп, ұлттық сананың мәңгүрттеніп бара жат­қаны текті әулеттің жауқазын гүлі – Гүлжиһанды бір орында отырғызбады, күні-түні қазақ өнерінің өзегін сақтап қалуды ойлады, Алаш жұртын ұлттық әуенге ұйытатын, төл өнердің өрісін кеңейтетін ұлы арман жолында аянбауға кі­рісіп кетті. Кеңестік режімнің қаһа­рынан қаймықпастан ұлттық намыстың туын биік ұстап, өгейдің күйін кешкен қазақ өнерін тарыдай шашырап жүрген нағыз дарын иелерін бір ар­наға топтастырғанда ғана кәсіби негіз­де дамытуға болатынын түсінді, осы жолда бар күш-жігерін сарп етті. Қа­зақ даласын шарлап, ұмыт қалған өнер­дің інжу-маржанын тірнектеп жинады. Дүбәраланып бара жатқан қазақ тілінің жайы да Гүлжиһанды бейжай қалдырмады, «Көркем сөз» деген бөлім ашып, «Көркем сөйлеудің техникасы» атты пәнді енгізді, соның нәтижесінде көркем сөздің көрігі қыза түсті, қоңыр үнді қазақ тілі, әсем қазақ әуені биік мін­берлер мен мәртебелі сахналардың тө­рінен орын алды.

Гүлжиһан Ғалиева – кеңестік ортақ мәдениеттің асау толқынында қазақ өнерінің ақжелкенін адастырмай, батыл сеніммен тура жолға бастады. Оның жүздеген шәкірті қазақтың көр­кем сөзін безбендеді, тұнық тілін ұш­тады, әлемнің айтулы сахнасында қаза­қы әуезді әуелетті, мың бұралған биі­мен тәнті етті, ұлттық өнердің сан көр­месін қайта жаңғыртты, қызғалдақ қыз­дарымыздың өрнекті өнерін, бөрі текті жігіттердің отты жігерін шыңдап, күллі әлемге Қазақстан мәдениетінің дүр жау­һарларын, кемел құдіретін паш етті.

Ілкі заманнан мирас болған саф өнердің үзігін, төл мәдениеттің сарқытын бүгінге жеткізіп, кешегі Ақан сері, Бір­жан сал, Үкілі Ыбырай мен Мұхиттан қалған дәстүрлі ән-күйдің мектебін ашып, кәсіби тұрғыда дамуына көл-кө­сір еңбек сіңірген Гүлжиһан Ғалиева 1965 жылы республикалық эстрада-цирк студиясының тұсауын кесті, қаншама өнер мұзбалақтарының томағасын сыпырып, талай дүлдүл мен бұлбұлдардың бағын ашты.

Ал 1969 жылы Гүлжиһан Ғалиева­ның ұйымдастыруымен «Гүлдер» – республи­калық мемлекеттік эстра­далық жастар ансамблі құрылды. 1976 жылы Гаванада өткен Дүние жүзілік жастар фестивалінде топ жарып, лауреат атанды, әлемнің әйгілі сахнала­рында қазақтың ән-би өнерінің құді­ретін мойындатты. Қайыңдай тербел­ген қазақ қыздарының өнерін бүкіл әлем таныды. Қазақтың күміс таңдай әнші, мың бұралған қаракөз аруларының айтұ­марындай болған «Гүлдер» ансамблі ешкімге ұқсамайтын, өзгелерге ұл­ты­мыздың ән-би өнерін паш еткен шоқтығы биік, бағы мен бабы келіс­кен жұлдызды ұжым болды. Қазақ эстра­да­сының алғашқы қарлығаштары, ха­лықтың ыстық ықыласына бөленген Халық әртістері Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Қанат және Айткүл Құдайбергеновтер, Меңтай Өтепбергенов, Бақтияр Тай­лақбаев, Сембек Жұмағалиев, Айжан Нұрмағамбетова, Бақыт Шадаевалар «Гүлдер» ансамблінен түлеп ұшып, өнер­дің көгіне қанат қақты. Сонау 60-70 жылдар қазақтың ән-би, цирк өнерінің «алтын ғасыры» десек, бұған бүкіл өмірі мен қажырлы еңбегін арнаған Гүлжиһан Ғалиева сынды шебер ұйымдастыру­шы менеджер, жанашыр жандардың зор үлес қосқанын бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс.

Қазақ өнерінің қара қазанын қай­натқан Гүлжиһан Ғалиева 1968-1970 жылдары кәсіби отандық цирк өнері майталмандарының жарқын шо­ғы­рын, жаңа тұрпаттағы толқынын қа­лып­тастыра білді. Ол болашақ цирк өнерпаздарын Мәскеу, Саратов қала­ларына дайындыққа аттандырды, тіп­ті кейбір жастарды өз ақшасымен оқыт­ты, тәлім-тәрбие берді. Мәскеудегі Вла­­димир жылқы зауытынан 15 сәй­­гүлікті өзі мінген пойызға тиеп әкел­­ді. Мәскеуден алтынға да айырбас­та­майтын нағыз цирк үшін жаралған тұл­­парларды әкелу деген ерлікпен пара-пар іс еді. Одан қала берді Жамбыл об­лысындағы Луговой жылқы зауыты­нан да ауыздығымен алысқан асау ар­ғымақтарды сатып алу үшін үкіметтен 40 мың рубль бөлгізді. Бұл сол кез үшін қыруар ақша еді.

Осылайша, 1970 жылы Қазақ мем­ле­­кеттік циркінің кәсіби ұлттық өнер ұжы­мы Қазақ КСР-нің Халық әртісі Гүл­жиһан Ғалиеваның жетекшілігі­мен ұйым­дастырылды. Алматы қаласында­ғы эстрадалық цирк студиясының ал­ғашқы әртістері бірінші қойылымын Ресейдің Саратов қаласындағы цирк манежінде қазақтың ұлттық «Медеу» бағдарламасымен ашты. 1970 жылдың 24 шілдесіндегі осы қойылым қазақ ұлттық цирк өнерінің туған күні ретінде тарихта қалды. Қойылымның режиссері РФ-ның еңбек сіңірген қайраткері Г.Перкун, сценарийін жазған Ю.Благов, көркем­деп безендіру жұмыстарын жүргізген өнерге еңбегі сіңген қайраткер суретші А.Фальковский мен Е.Кирик, музыкасын КСРО халық әртісі Н.Тілендиев, Қазақ КСР еңбек сіңірген қайраткерлері Л.Хамиди, А.Ботбаев, М.Моллер жазды. Дайындық жаттығуларын педагог-режисерлар, ұстаз-жаттықтырушылар В.Ревякин, Г.Тоқаев, А.Соколов, Ю.Ка­цуба, А.Гутовскийлар жасады. Хо­рео­графия сабағын – А.Габаева мен А.Бо­цановский, грим сабағын – Г.Ды­бов жүргізді, акробаттарды тәжірибе­лі спорт жаттықтырушысы Г.Корнев да­­йындады. Қазақ циркінің алғашқы құ­­­ра­­мының негізін қалаған әртістер Ал­маты республикалық эстрада цирк сту­­диясы мен мемлекеттік эстрада цирк учи­лищесінің (ГУЦЭИ Москва қ.) тү­лектері болатын.

1970 жылдың тамыз айында қа­зақ цирк ұжымының алғашқы тұсау­кесер қойылымы Спорт сарайында өтті. Содан бастап Қазақ мемлекеттік цир­кі­нің әртістері Кеңес Одағы бойын­ша гастрольдік сапарға аттанып, көрер­мендер тарапынан әрқашанда жоғары бағаға ие болды. Аз уақыт аралығында талайды таңдай қақтырған цирк ұжымы 1972 жылы ерекше архитектурамен салынған «киіз үй» ғимаратына көшті. Цирк кешенінің жобасын іске асырған бас сәулетші В.З.Кацев, бас инженері С.Б.Матвеев еді. Сол жылдың 10 мау­сымында ақын Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай, жаңа цирк ғимаратының ашылу салтанатында Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін «Ғажайыптар жері» бағдарлама­сы көрсетілді. Бұл тарихи қойылым қа­зақ цирк өнерінің қалыптасуының негі­зін қалады. Бағдарламаның қоюшы ре­жиссері КСРО халық әртісі В.В.Го­­ловко болды. «Ғажайыптар жері» бағ­дарламасы 1976 жылы құрылып 6 новелладан тұратын, ұлттық бояуына қанық еліміздің жетістігіне арналған болатын: «Эпос», «Жердің гүлі», «Дала», «Медеу», «Байқоңыр» және «Керуеннің аялдауы» атты қойылымдардың сценари­йін ақын О.Сүлейменов пен О.Левиц­кий бірлесіп жазды. «Дала қызғалдақ­та­ры» цирк ансамблінің алғашқы жеке да­уыс­тағы әншісі Н.Есқалиева болды. Бүкіл­одақтық цирк өнері байқауында осы бағдарламамен Қазақ циркі I орынды жеңіп алды. Шымылдығы ашылған күннен бастап «Жылқышылар», «Қыз қуу», «Ат ойыны», «Жер жәннаты», «Бай­қоңыр», «Атамекен», «Түйелер мен аюлар» сынды қойылымдар қойған Қазақ циркі көрермен көңілінен шыға білді.

1978 және 1982 жылдары Бүкіл­одақ­тық цирк байқауында жеңімпаз атанды. Бүкілодақтық ұлттық цирк өнері бай­қауларында 10 жыл бойы КСРО-дағы цирк ұжымдарының ішіндегі ең үздік ұжым болып танылған. Қазақ циркінің әртістері кезінде әлемнің ешбір циркі қайталай алмаған «Қос аттың астынан өту» дейтін рекордтық трюкті жасағаны жұртшылықтың жадында. Монте Карло сынды әлемнің ең әйгілі аренасында жұлдызы жарқырап жүрген Қазақ циркінің алдында Қазақ елі ғана емес, әлем бас иетін еді.

1980 жылы цирк өнерінің дамуына қосқан еңбегі үшін Қазақ циркіне «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ұжымы» атағы берілді. Қазақ циркінің шығармашы­лық өрлеуі мен зор жетістіктеріне мәде­ниет жанашыры Гүлжиһан Ғалиқызы­ның қосқан үлесі қомақты. Бүгінде Қазақ мем­лекеттік циркі әртүрлі жанрда өз мектебін қалыптастырған киелі өнер ордасына айналды. Тіпті ондаған жыл­дар бойы көрерменге жаймашуақ күлкі сыйлаған «Тамаша» ойын-сауық отауының пайда болуына да Гүлжиһан апамыздың себепкер болғанын көпшілік біле бермейді.

Сәулелі ғұмыр кешіп, сәулетті өнер ошақтарының негізін салған, ұлт өне­рінің алтын бесігін тербеткен алып жү­рек иесі Гүлжиһан Қалиқызының бо­йын­дағы ең асыл қасиет – өз ұлтын, өз жұр­тының бай мәдениетін шексіз сүй­гендігі дер едік, ұлттық өнерді тәңі­ріндей құрметтеп, жаңа сарындағы жанр­лардың өркендеуіне орасан зор ең­бек сіңірген, нағыз қамқоршысы, шын жана­шыры болды.

Гүлжиһан Ғалиева – 1965 жылы рес­публикалық эстрада-цирк студиясын ашты, оған 20 жылдай басшылық етті. 1969 жылы аты аңызға айналған «Гүлдер» республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблінің уығын шаншып, шаңырағын көтерді, 1970 жылы тұңғыш Қазақ циркінің іргетасын қалады. Гүлжиһан апамыздың төл перзентіндей болған осы үш өнер ор­дасының әрқайсысы бүгінде қазақтың маңдайына біткен киелі қарашаңыраққа айналды. Айналдырған 5-6 жыл мер­зім ішінде осынау өнер ошақтарын құру Гүлжиһан Қалиқызының ерен еңбе­гінің жемісі, тағдырдың сыйы, күллі қа­зақ­тың бағы. Олай болса, қазақ өнерін өркендетуді өмірлік парызы еткен, маң­дай тері сіңген Гүлжиһан Ғалиеваға қазақ өнері, оның ішінде қарашаңырақ Қазақ мемлекеттік циркінің әрбір кірпіші, одан түлеп ұшқан, тәлім-тәрбиесін көрген сайыпқыран шәкірттері қарыздар деп санаймын.

Сондықтан ұлылардың есімін мәң­гілік ету мақсатында өзге өркениетті елдердің игі дәстүрімен (мәселен, Ресейде Никулин атындағы Мәскеу циркі, Олег Попов атындағы Самара мемлекеттік циркі, ағайынды Никитиндер атындағы Саратов циркі, Б.Н.Тезиков атындағы Симферополь мемлекеттік циркі, Дуров атындағы Воронеж мемлекеттік циркі, В.И.Филатов атындағы Екатеринбург циркі бар) Қазақ мемлекеттік циркіне Гүлжиһан Ғалиеваның есімін беруді қанша уақыттан бері ұсынып келеміз. Өйткені мәңгілік елдің тұғыры жасампаз тұлғаларымен, айтулы есімдермен асқақтай бермек. «Ұлттық салт-дәс­түрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әде­биетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс».

Қорыта айтқанда, 60-70 жылдардағы қазақ өнерінің «алтын дәуірінің», рухани ренессансының көш басында Д.Қонаев, Ілияс Омаровтармен бірге Гүлжиһан Ға­лиева сынды ұлтым деп соққан тұл­ғалар тұрды десек артық айтқандық емес. 2010 жылы Алматы қаласының «Өжет» ықшам ауданындағы бір көшеге Гүлжиһан есімі берілді, дегенмен ұлтын сүйген ұлы жүрек иесінің алдындағы перзенттік парызымыз толық өтелген жоқ. Мәңгілік ел тұғырын биіктететеміз десек, қазақтың кәсіби цирк өнерінің негізін қалап, қара нардай өрге сүйреген Гүлжиһан Ғалиеваның есімі ел жадында мәңгі сақталуы тиіс деп санаймыз. 

Нұрбақыт БӨКЕБАЕВ,

Қазақ мемлекеттік циркінің директоры, мәдениеттанушы