Экология • 19 Шілде, 2021

Екі жылда 1 734 шақырым канал жөнделді

278 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бейнеконференция режімінде азаматтық сектор және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, онда су ресурстарын басқарудағы өзекті мәселелер талқыланды. Мұндай кездесу жылына екі мәрте ұйымдастырылады. Өткен жылы кездесуге қатысушылар қоршаған ортаны қорғау мәселесін назарға алған болатын.

Екі жылда 1 734 шақырым канал жөнделді

– Су – тіршілік көзі, ел эконо­ми­­­касының тұрақты дамуын қам­­­тамасыз ететін маңызды фак­тор­лардың бірі. Сондықтан су қауіп­сіздігі мәселесі үлкен маңыз­ға ие. Қазақстанның қолда бар су ре­сурс­тары жерасты сулары мен өзен ағысының қорларынан тұра­ды. Өзен ресурстарының нақ­ты көрсеткіштері кейінгі жыл­­дары шамамен 90-100 текше ша­қы­рым­ды құрайды. Соның ішін­де 50,8 текше шақырым – жер­­гі­лік­ті ағын, 39,2 текше ша­қы­рым – Қытайдан, Орталық Азия ел­дерінен және Ресейден транс­­ше­ка­ралық өзендер арқылы ке­ліп тү­седі. Сонымен қатар Ре­сей Фе­­де­ра­циясына кететін ағын жылы­­на орта есеппен 16,5 текше ша­­қы­­рымды құрайды, – деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, 3,5 мыңнан астам кен орындарында жылына 15,5 текше шақырым көлемде жерасты суларының расталған қоры бар. Географиялық тұрғыдан, бұл қор біркелкі бөлінбеген. Батыста кен орындарының саны – 20%-дан кем болса, орталық, солтүстік және шы­ғыс аймақтарда – 30%, ал елі­міз­дің оңтүстігінде шамамен 50% екен.

– Экологиялық қажеттіліктер­ге шамамен 50 текше шақырым су қажет. Ал пайдаланылатын судың жалпы көлемі шама­мен 25 текше шақырымды құрай­­ды. Соның ішінде ауыл ша­руа­­шы­лығына 15 текше шақы­рым, өнеркәсіпке 6 текше ша­қы­­­рым (немесе 30%) және ком­му­­­нал­дық шаруашылыққа 1 тек­ше шақырым (немесе 5%) тие­сі­лі. Сондай-ақ тасымалдау кезін­­дегі шығындар шамамен 3 ша­­қы­­­рым­ға тең. Елімізде сумен қам­­­та­ма­сыз ету ісі эко­но­ми­ка саласы мен халықтың сұ­ра­ны­сын өтеп отыр, – деді М.Мырзағалиев.

Министр еліміздегі вегета­ция­­лық кезеңнің барысына да тоқ­талды. Оның айтуынша, өзен бассейндері бойынша жүргізілген талдауға сәйкес, Қазақстан су аздығы циклін бастан кешіп отыр. 2019 жылы жалпы ағын 83 текше шақырымды, ал былтыр 93 текше шақырымды құрады.

– Шаруаларды сумен қам­та­масыз ету мақсатында бір­қатар жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, көрші елдермен қарым-қатынас жолға қойылған. Сырдария өзені бойынша біз қырғыз елімен қо­сымша су ағызу туралы келісімге келдік. Ве­гетацияның шарықтау шегі саналатын маусым-тамыз айларында «Тоқтағұл» су қоймасынан қо­сымша 330 млн текше метр су ағы­зылады. Осындай су көлемін Өзбек­стан аумағы арқылы өткізу тура­лы да уағдаластыққа қол жет­­кізілді. Сондай-ақ тәжік және өз­­бек тараптарымен бірлесіп, осы жылғы 16 маусымда «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс ре­­­жі­­­мін келісу бойынша, мау­сым-тамыз кезеңіне арналған жұ­­­мыс ке­ңесінің хаттамасына қол қо­­йыл­д­ы, – деді ведомство басшысы. 

М.Мырзағалиевтің айтуынша, осы жылдың маусым айын­да Орынбор қаласында су ша­руа­шылығы ұйымдарының кез­десуі өтіп, онда Жайық өзені бас­сейніндегі су шаруашы­лығы­ның жағдайы талқыланған. Кездесу қорытындысы бойынша, алдағы жаз-күз мезгіліне арналған «Ирик­лин» су қоймасының жұ­мыс режімі бекітілген.

– Ақпан-наурыз айларында біз Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігімен бірге өңірлерге барып, жиналыстар өткіздік. Қ­алып­­тасып отырған су шаруа­шы­­лы­­ғы­ның жағдайы туралы хабар­дар еттік. Суды көп қажет ете­тін дақылдардың егістігін азайтуды ұсын­дық. Күрделі жағдайдағы веге­та­цияға дайындалдық. Мәсе­лен, Қызылорда облысында биыл кү­ріш егу алқабы 82,4 мың гектар­ды құрады. Бұл былтыр­мен салыс­тыр­ғанда 7,6 мың гектарға аз. Соны­мен қатар колекторлы-дренаж­ды суларды қайта пайдалану тәжі­рибеленуде. Арналарды меха­ни­калық тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ суару кезегінің кестесі әзірленді, – деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, республикалық мен­шік­те ұзындығы 21,5 мың шақы­рымды құрайтын 3 298 суару желісі бар. Соның ішінде, 11,9 мың шақырым желінің жағдайы қанағаттандырмайды. Соның салдарынан, шаруаларға су тасымалдау кезінде көп шығын шығып жатыр. Айта кету қажет, суармалы егіншілік – негізгі су тұтынушы болып саналады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ведомство суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін 1,6 млн гектардан 3 млн гек­тарға дейін жеткізуі тиіс. 2019-2020 жылдары 1 734 шақырым канал жөнделді. 111,5 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Бұл қадам қосымша 22,3 мың жұмыс орнын құруға және ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін жыл сайын 95 млрд теңгеге ұлғай­туға мүмкіндік берді.