Аймақтар • 19 Шілде, 2021

Қуаңшылықтың аяғы молшылыққа ұласар

1006 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан бойынша 30 жыл бұрынғы ыстықтың рекордын жаңартқан биылғы аптап Солтүстік Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Елімізде жиналатын барлық астықтың төрттен бірін беретін өңір егіншілері 10-15 күн бойы тұрып алған 30-35 градустық ми қайнатар ыстықтан, құрғақшылықтан жарыла бастаған жерлерді көріп қатты сасқан.

Қуаңшылықтың аяғы молшылыққа ұласар

Алғашқы ыстық тіпті мамыр айында болып, егіс жүріп жат­қандағы топырақ қара боран болып аспанға көтеріліп жатты. То­пырақ басқан диқаншылардың көзі шахтерлерден кем болған жоқ. Дән байлана бастаған сүт тә­різдес ақ уыз шақтағы ыстық, ма­мандардың айтуына қарағанда, оның 20-30 пайызын буландырып жіберді. Қазақ ауылдары ғана емес, мұсылман тұрғындары бар бар­лық елді мекен жаппай тасаттық беріп жатты. Кейбір ауылдарда халықтың тілегі қабыл болып, қара нөсер құйып кеткендері де болды. Бірақ аптап ыстықтың беті ұзақ уақыт қайтпады. Шөп күйіп кетті. Құрағы белуардан келіп, жайқалып тұратын алқап­тар жарылып, шөбі сары күйікке айналған.

Бірақ ауырын берген Жаратқан жеңілін де беріп жатыр. Қазір – шілденің ортасы. Дәннің толыға бастаған шағы. 11-нен бастап үз­бей жауып тұрған жаңбыр егістің өсуімен қоса дәнінің толығуына да жақсы ықпал етіп тұр. Сондықтан солтүстікқазақстандық диқандар биылғы астықтан да дәмелі. Масақ аз болғанымен дән толық болып, бидайы сапалы болар десіп жүр.

Облыстағы 7 мың гектар ал­қапқа астық егетін даңғайыр ди­қан­дардың бірі Жомарт Омаров күзгі берекесі болса биылғы астық жаман болмайды деп жорамалдайды. Ол шөптің де қайтадан қаулап шығып кетуінен үмітті.

Солтүстік өңір диқандары қазір егіс даласын әртараптандыруға қатты кіріскен. Қазір мұнда бір млн гектар алқапқа дейін майлы дақылдар егілген. Республикада­ғы барлық майлы дақылдардың үш­тен бірін осы облыс береді. Со­ның ішінде күнбағыс, қарақұ­мық, бұршақ алқаптары жыл сайын артуда. Бұлар дәнді дақылдардан кеш жиналады. Қазіргі жаңбырлар олардың толығуына да игі әсерін тигізуге тиіс.

Былтыр солтүстікқазақ­ста­н-­
дықтар 4,5 млн тонна астық алған. Гектар берекелігі 15 центнерден айналған. Бірақ биыл ол межеден 20 пайыздай төмен болатыны қазірдің өзінде көрініп тұр. Биыл Қазақстан 8 млн тонна астықты экспортқа шығаруды жоспарлаған. Әрине, биылғы аптап бұл меженің орындалуына жібермесі хақ.

Облыстық ауыл шаруашылы­ғы басқармасының агрономия бө­лі­мінің басшысы Бақтияр Тоқжігітов биылғы қуаңшылық біздің облыс диқандарына бәлендей зиянын тигізбей, астық былтырғы межеден сәл кем болғанымен жалпы жаман болмайтынына сенімді. «Зенченко и К» КС, «Тұқым» ЖШС, «Новомихайловское 2003» ЖШС сияқты тұғыры берік, шаруасы мығым деп есептелетін агроқұрылымдар биыл да биік межеден табылуы тиіс. Олар химиялық тыңайтқыштарды да дәл уақытында сіңіріп, астық алқап­тарын мерзімінде күтіп отырғанын айтады ол. Біз де маманның айт­қаны орындалуын тілеп отырмыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы