Қоғам • 19 Шілде, 2021

Елімізде 168 мың отбасы әлеуметтік көмек алды

408 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

1 шілдедегі жағдай бойынша 168,3 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде 168 мың отбасы әлеуметтік көмек алды

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 168,3 мың отбасындағы 816,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

2021 жылдың басында осы мақсаттарға бюджеттен 122,8 млрд теңге бөлінді. АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына толмаған балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

2021 жылғы 1 шілдеде АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 201,5 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия заттарының жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, АӘК алушыларға ТЖ режимі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты 2020 жылғы II, III және IV тоқсандарда, сондай-ақ 2021 жылғы I, II тоқсандарда көмек тағайындау ұзартылды.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.