10 Қаңтар, 2014

Кешегісіз бүгін, бүгінсіз келешек жоқ

411 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

...Жасың сексеннен асқан қарттық шағыңда жақын араласқан кісілердің де азаятыны заңдылық. Кетіп жатыр, кетіп жатыр... Бәрі де өткен күннің елесіндей, бір-бір сағыныш, сарғайған бір-бір жапырақ қағаз. Ұрпақтарың бол­ға­нымен, кейде өзіңді қатарыңнан қол үзіп, жалғыз қалған жандай сезінесің. Кешегі өткен құр­бы-құрдас, замандастарыңды аң­сайсың. Есіңнен кетпейтін ерекше бір тұлғалар кейде өң мен түс арасынан қылаң бергендей болады. Солардың бірі елес беріп жүрген ардақты Молдағам – Әжібек бейнесі (Біз сияқты жасы кішілер оны Молдаға дейтінбіз). Ол мен үшін кім еді?

...Жасың сексеннен асқан қарттық шағыңда жақын араласқан кісілердің де азаятыны заңдылық. Кетіп жатыр, кетіп жатыр... Бәрі де өткен күннің елесіндей, бір-бір сағыныш, сарғайған бір-бір жапырақ қағаз. Ұрпақтарың бол­ға­нымен, кейде өзіңді қатарыңнан қол үзіп, жалғыз қалған жандай сезінесің. Кешегі өткен құр­бы-құрдас, замандастарыңды аң­сайсың. Есіңнен кетпейтін ерекше бір тұлғалар кейде өң мен түс арасынан қылаң бергендей болады. Солардың бірі елес беріп жүрген ардақты Молдағам – Әжібек бейнесі (Біз сияқты жасы кішілер оны Молдаға дейтінбіз). Ол мен үшін кім еді? Әкем бе, әлде ағам ба, тіпті, екеуі де шығар. Арада қаншама жылдар өтсе де, мен оны сағынамын, аңсаймын, үні құлағымнан, бейнесі көз алдымнан кетпейді.

Әжібек менің туған әкем Құ­сайынмен немере ағайын. Ба­бамыз Нұрдан өрбіген алты ұл­дың бірі Садықтан – Құсайын, екіншісі Ыбырайдан Әжібек туады. Құсайыннан жалғыз туған мені Молдағам бірде сұрап, бірде зорлап туған ошағымнан алып, өз бауырына басып, Күлжай шешеймен екеуінің алданышы, қуанышына айналдым. Бұған әкем Құсайын, анам Айсұлу қарсы болмайтын, қарсы бола алмайтын. Өзінің туған ағасы Сүлейменнен ұлдан жалғыз Ақанды жөргегінен бауырына басып еркелетіп, еркін өсірді. Атқамінер азамат шағында, екі отбасына айтқанын орындатып, балалықтан гөрі базыналығы басым, өктемдігі айқындала бастауы себеп болды ма, әйтеуір бар пейілін маған арнайтын.

Молдағам ағайын-туыс­тары­ның арасынан ширақ­тығы, өжет, өткірлігімен ерекшеленетін еді. Мәймөңкесіз тік сөйлеп, адамның жағымсыз мінез-құл­қын, жаман ойын айтқызбай танып, бетіне айтатын қасиетінен көпшілік кәдімгідей қаймығатын. Әсіресе, пи­ғылы таза емес, қолы арам адам­дар ол кісінің алдында дегбір­сізденіп, қипақтап, өзінен-өзі қысылып, қапысын тауып, кеткенше асығатын. Сүйіндік руының ішінде Күлік тармағының ұрпағы, жасынан қасиет қонған нағашысы – Баймағанбет қажыдан ауысқан қасиет он төрт-он бес жасында біліне бастапты. Әртүрлі науқасқа шалдыққан адамдарды емдеп, шипасы, дұғасы дарып, атағы сол кездердегі Баян, Қу, Қарқаралы, Шет, Абыралы маңайына әйгілі болыпты. Басына қонған бұл қасиет кеңес заманындағы бай, молда, бақсыларды қуғындау нау­қанына дейін үзілмепті. Молдағам қазіргі «экстрасенс» деп аталатын емшілерден артық болмаса, кем емес еді.

Емші болғандығы үшін айыпталып, 1936 жылы Қу ауданының түрмесіне қамалғанда түрменің құлпы ашылып кете бергенінен қорыққан милиция кезекшісі бастығына шағымданады да, оған көзі жеткен милиция бастығы қолхат алып абақтыдан шығарып жібереді. Бұл хабар жерде жатпай, ауданға прокурорлыққа жаңадан орналасқан атқамінер естіген соң, қасына милиция қызметкерін ер­тіп алып, өзі тұтқындамақ болып Молдағаның үйіне барады. Үйге кіре ағаның қолын алып оның тұтқындалғанын жарияламақ бол­ғанда, қару ұстаған қолы жансызданып, қатты қиналса да сездіргісі келмей қасындағы милицияға қаруын ұсынып, Молдағаны дереу тұтқындауды бұйырады. Үйінде жайбарақат отыр­ған Әжібек:

«Кім болсаң да босағамды ат­тадың, мейманымсың, жолдасың да өзің сияқты бір пәлеге ұшы­ра­масын десең, жөнге кел, құрметті қонағым бол, отырып сөйлесейік, жаныңызға батып тұрған кеселдің шипасы болар», деп орнынан тұрып, мейманының шешінуіне көмектескен болып қозғалыссыз қалған қолын сипап өткенде, қолы жанданып қақсағаны басылады. Болған істі басынан өткерген про­курор шешініп, жайғасқан соң кешкі ас үстінде әңгімесін жалғас­тырып, «Мені қамаған абақтының құл­пының ашыла беруі жебеушілердің әрекеті, ол үшін біреулерді жаз­ғыр­мағайсыз. Сізді маған қарай аттанған сапар үстінде жазаламақ болған жебеушілерді тоқтаттым. Өйткені, оның соңы қасыңызға ерткен азаматқа пәле болар, не де болса жүздесейін, тілдесейін дедім. Қазіргі мына қым-қуыт заманда іс басында жүрген сіздерге не кінә? Сізден бұрынғы азаматтар да мені мазалап баққан. Тіпті, менің Жүсіпбек Аймауытовпен таныстығым үшін жазғырды. Одан да аман қалып отырмын. Қазір бойыма қонған қасиеттен арылу қамында адамды емес, тірі жан иесі – малды емдеуге бой ұрдым. Олай етпесем, менің иелерім өзімді мерт етуінен қауіптендім. Ал ол үшін жазғырсаңыздар алдыңызда отырмын. Бірақ жебеушілер мені оңайлықпен бере қоймайтынын сезген боларсыз», деп қонағын құрметтеп, ертеңіне аттандырыпты.

1945-1946 жылдардың жаз айларында мені жанынан қалдырмай, ат-арбамен ел аралаған сапарымызда жол үстінде әртараптан әңгіме қозғайтын еді. Соның есімде қалған бірі:

 «Жүсіпбек Аймауытов – мына Баянауыл ауданының азаматы. Менен бір жас үлкен болатын. Біздің үйдегі Күлжай апаңмен ауылдас. Нағашым Баймағанбет қажы­ның ауылымен іргелес бол­ған­дықтан, жиі кездесіп сырла­сатынбыз. Өжет, өнерлі, ағаш­тан түйме түйетін шебер, ал­ғыр да дарынды азамат еді. Біз Күлжай екеуміз шаңырақ көтер­генде, бізге жасау ретінде оюлы шкаф сыйлаған болатын (ол естелік мүлік менің үйімде сақтаулы, ол біз үшін аса құнды мүлік). Жү­сіп­бекті «алашордашы, халық жауы» деп атып тастады ғой. Оны сендер білмейсіңдер. Са­ған оңашада айтып келемін. Иә, небір білгірлеріміз бен дүлдүл­дері­міздің көзі жойылып, арман­да кетті. Ал біз сияқтылар соларға та­ныстығымыз үшін қаншама қы­сым көріп, осы күнге дейін се­нім­сіздер қатарындамыз. За­ман өтіп, жас шаулана бастады. Енді қанша өмір кешеріміз бір Жаратқанның құзырында. Ел басына түскен ауыртпашылық, заман қыспағы салдарынан қан­шама жандар жүйкелері сыр беріп, ұстамалы кеселден жапа шегушілер жиілеген тұста, жәрдем күткендерге қолымнан келген көмегімді көрсеттім. Басқадай ау­ру­ларға қолдан дәрі жасап емде­дім. Сол үшін мені білетін ел-жұрт құрметтейді, сыйлайды. Оларға еңбегімді сатып, күнкөріске ай­нал­дырған емеспін. Туған аға-іні­лерім, ағайындардың арқасында мұқтаждық көргенім жоқ. Бар байлығым – көпшіліктің ілтипаты, батасы. Ендігі бар тілек-арман адамдарға жасаған тірліктегі жақсылық, шипалық дұғаларым бақида алдымнан шықса екен. Мені ұмытпай, дұғаларынан қал­дыр­маса деп тілеймін», дегені есімнен кетпейді.

Оқыдық, мамандық алдық, сол бойынша еңбекке араластық. Партия мүшелігіне қабылданып, белсендісіне айналдық. Оңашада Күлжай апаның дастарқанында оқылған дұғаға қол жайып, жақсылық тілеуден аса алмадық. Қазіргі замандағыдай ас беріп, құран оқытсақ, өкімет ататындай көрдік. Құдайды танымайтын өкіметті Құдай атып көзі жойылған кезде шау тартып, қайрат қайтты. Қоғамның өзгеріске бет бұрған шағында бар қолымнан келгені Егіндібұлақ аудандық «Балқантау» газетінде 1993 жылдың 3 мамырында «Әжібек Ыбырайұлы» атты естелігім жарық көрді.

Қояндыдағы зиратына жібі түзу ескерткіш тас қою ойымнан кетпегенімен, заман таршылығы, адамдардың басына түскен ауыртпалық қолбайлау болған еді. Дегенмен, марқұмның ерекше қасиетінің әсері болар және ел есін жинап жоғалтқанын түгендеп жатқанда балам Саябек пен жақын бауырымның ұлы Рым­бек екеуі келіп, Қояндыдағы ата­ның бейіті құлап, тастары шашы­лып, мүрдесі аяқасты болатын түрі бар. Көзін көрген сіз тұр­ғанда, атағы, қасиетінен хабар­дар ұрпақтары жиналып кесе­не­сін қайта қаламасақ та бір көр­некті белгі қойсақ деп сізге кел­дік. Батаңызды беріңіз, өзіңіз сөзіңіз өтетін ағайындарға ай­тып ұйымдастыруға басшы болыңыз», деп 2012 жылдың 8 қыр­күйе­гінде ойларын жүзеге асырып, көпшіліктің ризалығына бөленді. Ескерткіш тас қойылып, ескі зиратының сыртынан жаңа қоршау жасалды. Арнайы ас берілді.

Осы сауапты іске Молдағаның ұрпақтары, аталас туыстары мен тілектес ағайындар қаржылай қолдау көрсетіп, көмектерін аяған жоқ. Қоянды ауылында тұратын қандас бауырымыз Тарғын Нүгіри­денұлы сол қасиетті атаның шы­рақ­шысы есепті. Әжібек ата зиратына келіп мінәжат, дұға етушілерді құрметтеу, жағдай жасауды парызы санайды. Жасы жетпістен асса да еңбектен қол үзбей, балаларының басын біріктіріп, шағын шаруа қожалығын дамытып игілігін көруде. Қарқаралы ауданының ауыл шаруашылығы ішінде өзіндік орны, маңындағыларға игілік шуағын шашқан жайы бар.

Әжібек ағамның дүниеден қайтқанына талай жыл өтсе де, емінің шипасы тиіп, шарапатын көрген адамдар және олардың ұрпақтары, Молдағамды көрген-білген, ол туралы естіген адамдар әлі күнге жан-жақтан келіп, зиратының басына құран оқып кетеді. Ешкімнің нұсқауынсыз-ақ ата-баба әруағын құрмет тұту – қазақ халқының қанына сіңген қасиет.

Ел ішінде осындай небір асыл азаматтарымыз өтті. Күлжай жеңешем 90-жылдардың басында о дүниеге менің шаңырағымнан аттанды. Кешегісіз бүгін, бүгінсіз болашағымыз бұлыңғыр екенін ескеріп, өткенімізден өнеге, келешекке сабақ болсын деп осы шағын естелікті жазғанды жөн көрдім.

Рамазан САДЫҚОВ,

еңбек ардагері.

Қарағанды облысы,

Топар кенті.

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45