10 Қаңтар, 2014

«Магнитогор жұмысшысы» қандай газет?

318 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Аумалы-төкпелі 30-шы жылдары Кеңестер Одағында ірі құрылыстар басталды. Солардың бірі Челябі облысындағы Магнитогор металлургия комбинаты еді. 1932 жылы домна мартен пеші, 1933 жылы блюминг қатарға қосылды. Комбинат жыл өткен сайын іріленіп, қарыштап дамыды. Шикізатты Магнит тауымен қатар, кейінірек Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінен де алды.

Аумалы-төкпелі 30-шы жылдары Кеңестер Одағында ірі құрылыстар басталды. Солардың бірі Челябі облысындағы Магнитогор металлургия комбинаты еді. 1932 жылы домна мартен пеші, 1933 жылы блюминг қатарға қосылды. Комбинат жыл өткен сайын іріленіп, қарыштап дамыды. Шикізатты Магнит тауымен қатар, кейінірек Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінен де алды.

– Ашыққан қазақтар Қос­та­най­дан шұбап Магнитогор комби­натының құрылысына барған. Көп қазақтың сүйегі комбинат құрылысының астында қалған. Далада еркін мал баққан адамдар құрылыстың ауыр жұмысына шыдас бере алмаған. Ет жеп, қымыз ішіп өскен қазақтарға ондағы тамақ жақпай, ауруға ұшыраған, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзем­байұлы. Бұл, әрине, зерттеуін кү­тіп тұрған тақырып екендігін де айтқан еді тарихшы.

Магнитогор металл комбинаты құры­лысында он мыңдаған жұмысшылар мен мамандар жұмыс істеді. Сондықтан онда әлеуметтік желі дамыды. Бастауыш, жеті жылдық және зауыт-фабрика мектептері ашылды. Сонымен қатар, ұлттар тілдерінде газеттер шыға бастады. 1934 жылы Бүкіл­одақтық коммунистік (боль­ше­виктік) партиясы Маг­нито­гор округтік комитетінің, Магни­тогор округтік атқару коми­те­ті­нің, округтік кәсіпшілік кеңе­сі­нің және Сталин атындағы ком­би­нат басқармасының органы ре­тінде қазақ тіліндегі «Маг­нитогор жұ­мысшысы» газеті ұйым­дас­тырылады. Ол сол жылы 8 қаң­тарда жарық көреді. 1936 жыл­дың аяғына дейін шығып тұрды. Сол жылы редакция Челябіге кө­шіріледі.

Латын қарпімен шыққан га­зет­тен сол уақыттың лебі есе­тін­дей. Төте жазудан латын алфа­витіне ауысқан, одан қалды кирил­лицаның табалдырығында тұрған қазақ тілінің емлесі де әлі бой жазып кете қоймағаны көрінеді. Газеттің аты латын алфавитімен және оның астына «Магнитогор жұмысшысы» деп өзіміз қолданып жүрген кириллицамен жазылған. Біздің қолымызға тиген сандарынан басылымның Магнитогор металл комбинатының сыртында қазақтар Агапов, Нағайбақ, Қызыл аудандарына да шоғырланғаны байқалады. Сол өңірлердің тыныс-тіршілігін білдіретін хабарлар жиі басылған.

Газеттің сарғайып бүгінге жеткен аз ғана санында халқымыз, еліміз тарихының ізі сайрап жат­қандай. Газеттің 1936 жыл­ғы №90 санында «Аз ұлт жұмыс­шы­лары­ның арасындағы жұмыс» деген мақалада: «Бұдан 2-3 жыл бұрын аз ұлт жұмысшыларынан техни­ка тілін білген жұмысшылар бірен-саран ғана болса, қазірде зауытта істейтін 833 жұмысшының (қа­зақ, татар, башқұрт) 273-і түрлі жұмыс­тарда іскерленіп отыр» деп жазады.

Газетте жергілікті партия ко­ми­тетінің пленумдары, КСРО Ор­та­лық атқару комитетінің қау­лы-қарарлары, «Правда» мен «Из­вестия», басқа да орта­лық басы­лымдардың материал­дары бері­ліп отырған. Хабарлардан 37-нің жойқыны да алыс еместігін байқауға болады. Тақырыбы «Троцкийшіл-зиновьевшілер қал­дықтарының соты басталды», «Сүйікті Сталиннің маңына бұрын­ғыдан да нық топтасайық» деп келетін орталық хабарлармен бірге, «Колхоз меншігіне зиянкестік жасаған Байжановқа қатаң соққы берілсін», «Нағашыбай жауапқа тартылсын» сияқты жергілікті хабар-ошарлардан да қасіретті дүмпу естілетіндей. Кемшілікті көрсеткен әр материалдың соңы «қатаң шара қолдансын» бо­лып аяқталады. Жа­ңа Конс­ти­ту­цияның жобасын тал­қылау­дың қызу жүргені байқалады.

Газеттің 1936 жылғы 1 тамыз күнгі санында «Спутник агита­тора» журналынан «1 ағус – соғысқа қарсы жер жүзілік күн» атты мате­риал көшіріліп басылған. Онда «Соғысқұмарлардың негіздісі фа­шис­тер Германиясы дүниені жаңа­дан бөліске салуға күресіп жатыр. Онымен бірге (Германия) Жапония, Польша да әуделесіп, үн қатысып отыр. Фашистер соғысқұмарлары ашықтан ашық бүкіл еңбекшілердің аталығы – Кеңестер Одағына қарсы, төң­ке­ріске қарсы соғыс дайындап жа­тыр» деп жазады. Осыдан бес жыл­дан кейін мұның шындыққа ай­налғаны белгілі.

1936 жылдың тамыз айын­да Магнитогор округіндегі қа­зақ мұғалімдерінің курсы ұйым­дастырылады. Оған қатысқан жиырма шақты кісі Челябі облы­сындағы барлық қазақ мұға­лімдеріне хат жолдайды. Ол «Магнитогор жұмысшысы» газе­тінің 1936 жылғы 21 тамыз күнгі санында бірінші бетке беріледі. Онда кеңес мұғалімдерінің қандай болуы, бұрын тиісті мектептер бітірмеген қазақ мұғалімдерінің білімін жетілдіруі керектігі айтыла келіп, курсқа қатысушылар жаңа оқу жылында атқаратын міндеттерін тізбелейді. Жаңа оқу жылында мектеп жасындағы балалардың барлығы оқуға тартылуы, мектеп пен мектеп, класс пен класс, жеке оқушылар арасында социалдық жарысты ұйымдастыру, коммунистік тәрбиені күшейту, мұғалімдердің қоғамдық жұмыс­тар­ға белсене қатысып, сауатсыздарды оқытуға, колхозшылар арасында газет, әдебиетті дауыстап оқу­ды ұйымдастыру керектігін жет­кізеді. Осы мақаладан кейін өткен ғасырдың 30-шы жылдары Оңтүс­тік Оралда қаншама қазақ мектеп­тері, сыныптары болғанын білу қиындыққа түспейтін тәрізді. Мы­са­лы, Нағайбақта 50-ші жылдар­дың аяғына дейін қазақ мектебі болған.

Газеттің 1936 жылғы 1 тамыз­дағы санында «Орал баласы» деген автордың «Мұқанұлы Сәбит жолдас Челябі трактор зауытында» атты мақаласы беріледі. Онда «24 июль күні Челябі трактор зауытының клубында қазақтың атақты жазушысы-ақыны Сәбит Мұқанұлы жолдастың Челябіге келуіне арналған әдебиет кеші» болып өткендігі айтылады. Онда Сәбит Мұқанұлы баяндамасын «Челябіге бұдан 11 жыл бұрын да келгендігінен, осы жолы мұндағы жұмыстарға таңқалғанынан» бас­тайды. Онда жазушы Қазақстанның жеткен жетістіктеріне тоқталады. «Қазақстанның алып отырған жері Германияның жерінен 7 есе артық. Қазақстанның жер байлығы есепсіз. Кеңестер Одағындағы түсті металл запасының 57 про­центі Қазақстан жерінде», дейді Сәбең. Жазушының челябіліктерге айтқанына қарағанда, сол жылы Қазақстанда 6699 бастауыш, 485 орта дәрежелі, 22 жоғары оқу орындары болған. Оларда 7960 қазақ оқушылары оқыған. 11 театр, 195 баспасөз болғандығынан да ха­бар­дар етеді жазушы. «Кеңес әде­биеті өсуде. Сейфоллаұлы Сә­кен, Майлыұлы Бейімбет, Жан­сүгірұлы Ілияс, Әбдіқадырұлы Қалмақан, басқалар көркем әдебиет майданында көрнекті орын алады» дейді Сәбит атамыз. Ол баяндамасының соңында жас жазушыларға «Маркс-Ленин-Сталин қисындарымен терең құралданып, тұрмыста марксизм көзқарастарынан шығып баға бере білу керектігін» айтады да, өзінің «Ақ аю» деген шығармасынан үзінді оқып береді.

Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» романында Челябіге барған сапары туралы өзі де жазады. Бұл сапарға оны сол кездегі Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы Леон Мирзоян жібереді.

«– Кеше, – деді Мирзоян, – Ор­талық партия комитетінің үйін­де мен Челябі облыстық пар­тия комитетінің секретары Кузьма Васильевич Рындин жолдасты жолықтырдым. Көптен бер­гі жақын жолдасым еді. Ол менен: егер мүмкін болса осы жазда Челябі облысына қазақ­тың артистері мен жазушыларын жіберіңіз, – деп өтінді. Се­бе­бін сұрасам, Челябадағы ірі өндірістерде қазақ жұмысшылары көп екен. Қиыншылық жылдары көшіп барған көрінеді. Облыстық партия комитеті оларға ерекше көңіл бөліп, түгелімен өнді­ріс­терге орналастырған, мәдениет­тік жұмыстарын да қолға алып, балаларына қазақ тілінде мектептер ұйымдастырған, «Магни­тогор жұмысшысы» деген газет шығарған. Рындин бұл жұ­мыс­тарды жеткіліксіз көреді, өркендете түсудің қажетін айтады, Қазақстаннан жәрдем сұрайды» деп жазады Сәбит Мұқанов «Өмір мектептерінде». Жазушының өзінің жазуына қарағанда, ол Челябіде бір ай, Магнитогорде бір ай жатып, осы аймақты түгел аралайды, сонда «Магнитогор жұмысшысы» газетінің редакторы Балтабек Асанов жанында жүргенін, кейін оның Петропавлдағы «Ленин туы» газетінің редакторы болғанын айта кетеді. Сәбит Мұқанов Челябі электр стансасында болғанда, сол жерде қазақ мектебінің бар екенін, осы қалада тұра­тын қазақ жұмысшылары тұрмы­сының жақсы екенін, мұға­л­ім­дерінің «Магнитогор жұмыс­шысы» газетімен бірге, Қазақ­станнан шығатын қазақ тілін­дегі газет-журналдарды жазды­рып алып оқитынын да әңгіме­лейді.

 Газеттің жауапты редакторы Бал­табек Асанов кім еді? Ол Пав­лодар облысындағы аудандық «Колхоз» газетінде редактор болып тұрғанда партияның жұмсауымен Магнитогорға келеді. Газетті ұйымдастыруға белсене атсалысады. Соғыс жылдары Балтабек Асанов «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде редактор болады. Оны замандастары баспасөз және партия ісін шебер ұйымдастырушы, адамгершілігі мол, үлкен азамат ретінде еске алады.

Газет тікпесінен таныс есімдер де кездесті. 30-шы жылдары Магнитогор комбинатындағы жұмысшылар барактарда тұрған. Ол кезде қазіргідей жаппай тұрғын үй құрылыстары басталмағаны аян. Газет «11 баракта тазалық жоқ» деген шағын сын жариялайды. Оған Магнитогор қалалық кеңесінің депутаты Өтеміс Қалабаев «Ба­ракты таза, мәдениетті ете­міз» деген шағын хабарында жау­ап беріп, газет сынының дұрыстығын, кемшіліктің орнына келтірілгенін, мәдени-көпшілік жұмыстардың жүргізілгендігін жазады. Өтеміс Қалабаев Қостанай облысында партия қызметінде көп жыл істеді. 40-шы жылдары облыста айтыс ұйымдастырушылардың бірі, айтыстың бас ақыны болып жүрді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жасы келгеніне қарамастан, ұлттық рухымыздың көтерілуіне көп қызмет етті, ақсақал тіл, өнер жанашыры еді.

Газеттің қолымызға түскен бірнеше санында Бажақов, Әл­менов, Басантаев С, Зубәйіров, Бекеев, Омарханов секілді авторлар кездесті. Сын материалдар негізінен «Тілші», «Колхозшы», «Халық» секілді лақап ныспымен беріледі. Авторлардың ішінде Омарханов Ахметтің осы газетте әдеби қызметкер болғанын анықтаудың сәті түсті. Меңдіғара ауданындағы Шөптікөл деген жерде туған Ахмет үш ағайынды болады. Ахмет Уфадағы «Ғалия» медресесінен білім алады. Журналистикаға маманданады. «Магнитогор жұмысшысы» жабылған соң, Ахмет Ақтөбеге барып, сонда «Қызыл ту» және «Социалдық жол» газеттерінде қызмет істейді. Қостанайда тұратын ұлы Мұхит әкесінің 30-шы жылдардың аяғында қуғындалғанын айтады.

Ахмет соғыс басталмай тұрып, 1940 жылы 20 мамырда Ақтөбеден Қызыл армия қатарына алынады да, Кушка қаласындағы «За Родину!» корпустық двизиялық газетіне хатшылыққа жіберіледі. Соғыс басталғанда батыс майдандағы ұрыстарға қатысып, 1942 жылы шілдеде немістердің тұтқынына түсіп қалады. Ол алдымен Кау­нас қаласында, сол жылдың тамы­зы­нан бастап Германияның Делен­бург қаласындағы «Цеген­хаим» лагерінде отырады. Оларды 1945 жылы наурызда америкалық әскер босатып алады.

– Соғыс басталғанда анам Қан­тай әкеме барамын деп, май­данға сұраныпты. Ол адам­дардың барлығы бір жерде соғысып жатыр деп ойлапты, жастық қой. Қайдан жолықсын, мұны байланысшы етіп дайындап, Украина майданына жіберіпті, содан Берлинге дейін барады. Соғыста кеудесінен оқ тиіп, жараланады да, госпитальде бір емшегін операция жасап, алып тастайды. Анам бір емшекпен алты бала тауып, тәрбиелеп өсірді, – дейді Мұхит Ахметұлы.

Ахмет Омарханов соғыс біткен соң, елге кешігіп келсе керек.

Соғыстан кейін ол журналистік мамандығына қайтып оралмайды. Меңдіғара ауданындағы Қаратал ауылында тұрады, мал шаруашылығында зоотехник болып еңбек етеді. Оның өмірбаяны ауылдастарына да, балаларына да жұмбақ болыпты. Ол кісі ештеңе айтпаған. Баласы Мұхит коммунистік партия қатарына өткісі келіп төрт рет арыз берген, соның барлығында Мемлекеттік қауіпсіздік коми­те­ті­нен келген анықтама, яғни әкесінің «өмірбаяны» кедергі жасаған.

70-ші жылдары әкем туралы ақиқат бізге керек болған жоқ. Ол кісі де үндемейтін. Бі­рақ шалымды кісі еді, қолына Орын­бордағы Ауылшаруашылығы инс­титутының дипломын түсіріп алған, зоотехник мамандығы бол­ды, туған жылын 1912 жыл емес, 1916 жыл деп өзгертіп жібер­ген. Оны да қалай жасағаны біз­ге жұмбақ күйінше қалды. Журна­листика туралы ләм деп ауыз ашқанын естімедім. Мен жігіт болып қалғанда Ресей жағынан келген бір орыс кісінің: «Балам, сенің әкеңнің арқасында мен бүгін тірі, жер басып жүрмін» дегені бар. Үйге орыстар келсе, анам бізді далаға шығарып жіберетін, олар әкеммен жеке сөйлесетін, – дейді Мұхит Ахметұлы. Ал інісі Әбдіхалық Омарханов та журналист болады, «Магнитогор жұмысшысы» газетінде ол түсірген суреттерді біз де кездестірдік. Ол соғысқа өзі сұранып кетеді, Ленинград маңында қайтыс болады.

Бар болғаны оншақты саны сақталған «Магнитогор жұмыс­шысы» газетінің сарғайған бет­терін парақтағанда осынша тарихпен, адамдар тағдырымен кездескендей болдық. Біздің шамалауымызша 1934-1936 жылдар арасында газеттің кемінде 300-дің сыртында саны жарық көрген тәрізді. Әттең, түгел сақталғанда, қызықты мақалалар бүгінге жетер еді. Баспасөз тарихы – елдің, адамдардың тарихы.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ-ЧЕЛЯБІ-ҚОСТАНАЙ.