Ол – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Химиялық физика және материалтану кафедрасының профессоры, химия ғылымдарының докторы, Жану мәселелері институты бас директорының кеңесшісі. Зұлхайыр Аймұхаметұлы – нанокөміртекті материалдар, көміртекті нанотүтікшелер мен графен өндірісін дамыту саласының Қазақстан ғылымындағы көшбасшысы. Ғалымның негізгі ғылыми нысанасы – көміртегі жануының кинетикасы мен механизмдерін зерттеу, көмірсутек жалыны мен күйенің құрылымы және нанокөмірсутекті материалдардың функцияларын зерттеу. Оның ғылыми нәтижелері нанотехнологияны дамытуға зор үлес қосып отыр. Біз Зұлхайыр Аймұхаметұлы еңбегінің әлемдік деңгейде бағаланғанын жақсы білеміз. Ол жетекші ғалымдарға арналған ЮНЕСКО-ның «Наноғылым мен нанотехнологияларды дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған. Ғалымның 1 мыңнан аса ғылыми мақаласы мен тезисі, 39 монография мен оқулығы, 50-ден астам авторлық куәлігі мен патенті сала деңгейін одан сайын көтерді. Ұлыбритания, Германия, Италия, Польша, Түркия, Қытай, Бельгия, АҚШ, Тайвань, Франция, Жапония елдерінің университеттері мен ғылыми орталықтарында жасаған ғылыми баяндамалары мен дәрістері жоғары бағаланғанын да айта кеткен орынды.
Мемлекеттік сыйлықтың және Қаныш Сәтбаев сыйлығының иегері Зұлхайыр Мансұровтың ғылыми жұмыстары мен еңбегін осы саланы түбегейлі зерттеген Фарадей, Дэви, Михельсондар деңгейінде қарауға болады.
Әрине бәрі де қарашаңырақ Зұлхайыр оқыған С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факультетінен басталды. Оның бойындағы білімге деген туа бітті құштарлығы табандылығымен ұласып, студенттік жылдарының өзінде-ақ ғылыми-зерттеулерге құлаш сермеді.
Ақыры биік асуларды бағындырып, ғылым кандидаты мен докторы, профессор, академик, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жану мәселелері институтының директоры және дамытушылардың бірегейі болды. Сол кезеңдерде академик Георгий Ксандопуло бастамасымен және әріптестерімен бірігіп «жану» проблемасына айрықша ден қойып, кейін ғылыми ұжым «Жану процестерінің химиялық негіздерін іргелі зерттеу» жұмыстар циклі үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды.
ҚазҰУ жанындағы Жану проблемалары институтының негізгі бағыты – қиын жанатын және отқа жанбайтын материалдар жасауға, лазерлі және микроэлектронды әртүрлі аспаптар мен құралдарға жұмсалатын материалдарды алуға жұмылдырылған. Ғалымдар түрлі газдар мен конденсацияланған заттардың атмосфералық жалын-
дарының құрылымын, төменгі температуралық күйенің түзілуін және микроэлектроника мәселелеріне қатысты кейбір полимерлік заттардың деструкциясын кешенді зерттеп, Жер атмосферасында ұшатын аппараттар үшін ыстықтан қорғайтын материалдар туралы ғылыми ұсынымдар береді. Отқа төзімді жоғары температуралық синтез материалдар, ыстыққа шыдамды бұйымдар өндіру, жану процестерін баяулату, табиғи газдар және мұнай көмірсутектерін олефинге дейін өңдеу, фильтрациялық жану сияқты мәселелерді зерттейді. Зұлхайыр Аймұхаметұлының ғылыми-зерттеулерінің нәтижесі саналатын отқа төзімді материалдар Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан және басқа ТМД елдерінің алюминий, мұнай өндіру, цемент, ауыр металлургия кәсіпорындарында, өнеркәсіп салаларында кеңінен пайдаланылады.
Өз басым Зұлхайыр Аймұхаметұлының көп монографиялары ішінде «Көмірсутектердің изотермиялық емес суық пламеналары» (1991) және «Химиялық процестерді құрастыру мен басқарудың кейбір мәселелері» (1994) зерттеулерін іргелі еңбектер ретінде ерекше бағалаймын.
Бұлардың нәтижесі қазіргі дамыған, дамушы елдерде де кең тараған экологиялық мәселелерді шешуде маңызды орынға ие. Еліміздің батыс өңірінде мұнай өндіру және тасымалдау кезінде мазутпен ластанған топырақты тазартудың жолын көрсеткенін де айта кеткен орынды. Яғни Зұлхайыр Аймұхаметұлы іс жүзінде табиғи ортаны жақсартуға көп еңбек сіңіріп келеді.
Кезінде ҚазМУ-дың аты аңызға айналған ректоры Өмірбек Жолдасбеков: «Зұлхайыр Мансұров сияқты талапты жастарды шетелге оқуға жіберсек, өзімізді қамшылап, университетімізді Кембридждегідей өзгертуі мүмкін» деген екен. Әрине ол заман басқа, бірақ Зұлхайыр Аймұхаметұлының серпіні, жігері өзінен кейінгі жастарға жақсы әсер берді.
Бүгінде ол НАТО, ТЕМПУС/ТАСИС аясындағы бірнеше халықаралық жобалар мен гранттарды жеңіп алды, өзінің тамаша ғылыми мектебін қалыптастырып отыр. Мысалы, Шанхайда өткен VI халықаралық симпозиумда дүние жүзінен келген әріптестеріне көмірқышқыл газын жоюдың жаңадан ашылған жолдарын көрсетуі – Қазақстан ғылымының абыройы еді.
Зұлхайыр Аймұхаметұлы іргелі де кешенді зерттеулері арқылы қоршаған ортаны табиғи қалпында сақтау, жерасты байлығын ретті игеру мәселелерін көрсетіп отыр. Ол химия ғылымының дамуын экономикалық және экологиялық дамумен тең қарастырып келеді.
Зұлхайыр Мансұров – үлкен ғалым. Ол – мансап жолын қумаған адам. Оның қарапайымдылығы мен даналығы тең. Нағыз туа біткен дарынды ғалым. Ұлттың абыройлы азаматының ғұмыры ұзақ болсын деп тіледік.
Әлия БЕЙСЕНОВА,
ҰҒА академигі