Саясат • 20 Шілде, 2021

Мәдени байланыстың маңызы зор

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдени ынтымақтастықтың мәні зор. Мұнда ел мен елді, жер мен жерді байланыстырып тұратын ұлы күш бар. Ұлттың рухани түлеуіне өзге ұлттың да септігі тиетіні, бір-біріне ықпал ететіні белгілі. Оған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Анатолий Маркевичпен кездесу сәтінде тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Мәдени байланыстың маңызы зор

 Екі елдің мәдениет саласына жауапты министрлерінің жүз­десуіне Қазақ­станның Беларусь Республи­касын­дағы Төтенше және өкілетті елшісі, ТМД Жарғылық органдары жанындағы Тұрақты өкіл қызметін қоса атқарушы Асқар Бейсенбаев пен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы да қатысты.

 Алдымен Ақтоты Райымқұлова бүгінде екі ел арасындағы тату көрші­лік қарым-қатынас тұрақты дамып, мә­дени-гуманитарлық байланыс екі халық арасын байланыстырушы көпір­ге айналып келе жатқанын атап өтті.

«Ынтымақтастық аясында бірқатар ауқымды мәдени жоба жүзеге асып жатыр. Мәселен, еліміздің өкілдері «Беларусь кітаптары» халықаралық жәрмеңкесіне, Витебскідегі «Славян базары» халықаралық өнер фес­тива­ліне, «Лістапад» халық­ара­лық кинофестивалі сынды маман­дан­дырылған мәдени іс-шараларға тұрақ­ты түрде қатысады. Беларусь халқының мәдени мұрасын елімізде таныту шеңберінде Беларусь пен Қазақстанның мемлекеттік мұра­ғаттары мен мұражайлары арасында әріптестік орнатылды. Сонымен қатар әдебиет пен өнер, кинематография қай­раткерлері арасында серіктестік жанданып келеді», деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, биыл Беларусь Рес­пуб­ликасында режиссер Бекболат Шекеровтің «1941 жылдың жазы» атты көркем фильмінің түсірілімі өткен болатын. Бұл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, ғалым, жазушы және қоғам қайраткері Әди Шә­ріповтің жауынгерлік жолы жайлы тарихи туынды.

Оған қоса жыл сайын дәстүрлі түрде Витебскіде өтетін «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі ТМД көлемінде ғана емес, құрлық аралық деңгейде танылған жобаға айналып үлгерді. Біздің өнерпаздар ұзақ жылдан бері «Славян базарына» тұрақты қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Жалпы, онда қазақтың қанжығасы бос қайтқан емес. Кезінде дүлдүл әнші Димаш Құдайберген осы фестивальге қатысып, бағы жанған еді. Оны да айта кеткеніміз жөн шығар. Бүгінде сол додада қазылар қатарында отыр.

Ал биыл Қазақстан атынан эстрада орындаушылары байқауында Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті Рухия Байдүкенова бақ сынап, мерейімізді өсірді. Енді ХІХ халықаралық балалар музыкалық бай­қауына «Бозтор­ғай-2019» халық­аралық балалар шығар­машы­лығы байқауының жеңім­пазы 10 жастағы Амина Ас­гатова қатысады. Оның да жетіс­тік­ке жетеріне сенім сол.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова екі мемлекеттің мәдениет күндерін өткізу мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам екенін жеткізді.

«2018 жылы Беларусь Республика­сында Қазақстанның Мәдениет күн­дері ұйымдастырылды. Биыл 30 қыр­күйектен бастап 3 қазанға дейін елі­мізде Беларусь Республикасының Мәдениет күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәдениет күндері аясында Беларусь Республикасының үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Осы мәдениет күн­дері аясында Беларусь киносының күн­дерін өткізу жоспарда бар. Біздің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы Беларусь мемлекеттік филармониясымен Меморандумға қол қою мәселесін талқылауға дайын», деді А.Райымқұлова.

Сондай-ақ Беларусь Республи­касы­ның жеке орындаушылары мен шығар­­машылық ұжымдарын 2022 жылы өтетін «Опералия» ха­лық­аралық фес­ти­валіне, Бибігүл Төле­генованың Ха­лық­аралық вокалистер бай­қауы­на, музыка аспаптарында орындаушылардың халықаралық телевизиялық балалар байқауы сынды іс-шараларға қатысуға шақырды. Екі тараптың осы іс-шара­ларға қатысуы өзара іс-қимылға жаңа серпін беретініне, мәдениет пен өнер саласында байланыс орнатуға және тәжірибе алмасуға ықпал ететініне сенімді екенін жеткізді.

Өз кезегінде Анатолий Маркевич екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты Беларусь тарабы жандандыруға ниетті екенін тілге тиек етті.

 «Екі елдің өнер, әдебиет, спорт және өзге саладағы қайраткерлерінің байланысы ұзақ жылдан бері жалғасып келеді. Сіздердің осы кездесу барысында айтқан ұсыныстарыңызды қарастырып, пандемияға қарамас­тан әріптестіктің өрісін кеңейтуге дайын екенімізді жеткіземін», деді А.Маркевич.