Белгілі суретшінің іргелі еңбегі ел ішінде үлкен беделге ие. Әсіресе өнер саласында жүрген жандар ә дегеннен-ақ таниды. Біз автордың «Портрет сестры» атты туындысын «Әпке» деп тәржімаладық. Себебі шығарманың дүниеге келуіне осы бір аяулы сөз негіз болғандай. Алыстан бір мейірім еседі. Ұлттық музейде орналасқан картина оқырманның ой уысында ұзақ сақталатыны анық.
1970-жылдардағы қазақ кескіндеме өнері 1960-жылдардағы жаңалықты логикалық және дәйекті түрде дамыта отырып, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Бейнелердің сәндік мәнерлілігімен, ырғақты тереңдігімен және символдық шарттылығымен көрерменді елең еткізді. Әрбірден соң алпысыншы жылдардағы романтикалық тұжырымдамаларды байыта отырып, ұлттық кескіндеме мектебінің тарихындағы жаңа маңызды кезең түзді. Осы кезеңде портрет басқа жанрлар иерархиясында өзін жай ғана нығайтып қойған жоқ, көшбасшысына айналды. Салихитдин Айтбаев осы жанрда жемісті еңбек еткен суретшілердің бірі болатын.
Қылқалам шеберінің «Әпке» туындысы реалистік мәнермен жазылған. Суретші кенеп бетіне жұмсақ орындықта отырған бойжеткенді бейнелеген. Автор пішіндеу үшін таңба түрін пайдаланады. Қыздың киіміндегі түстердің жалпақ тегіс таңбалары суық нақышты панно жасап тұр. Суретші қыздың артындағы фонды беру үшін түстер мен таңбаларды ерекше ойната отырып, реңі өте әдемі кілем тоқиды.
Әр алуан пішіндердің бояулары әртүрлі бағытта жағылған. Картинаның бүкіл бетін толтырып тұрған үйлесімді өрілген үшбұрыштар мен шаршылардың арасында портрет иесінің беті мен қолы ерекше көзге түседі. Бойжеткеннің байсалды жүзі, ойлы көздері назарды өзіне тартады. Бір қолын кітаптың ашық бетіне қойған. Ол көңілін бір сәтке оқудан бөліп, бізге қарап тұрғандай...
Автор үшін аяулы бейненің асқақ портретін жазу оңай болмаған секілді. Сұлудың жүзіне үңілсеңіз бір кірбің бар. Оқымысты арудың ойлы көзқарасы сіз бен бізді әртүрлі ойға жетелейді. Сыртқы болмысына емес, жан дүниесіне жарық шашқандай. Бояулар бізге бірнәрсе айтқысы келіп тұрғандай...
Шынында, Салихитдин Айтбаев өз туындыларында балалардың, әйелдердің, қарттардың бейнесін бар ынтасымен жазады. Мұндағы құпия кейіпкерінің сырт келбеті емес, ішкі әлемі. Шебер кез келген моделінің жан-күйін жанарынан сөйлетеді.