Тарих • 20 Шілде, 2021

Ақкөл мешіті қайта қалпына келтіріледі

758 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1905-1907 жылдары Сұлтан қажы Фазылбеков көпестің сібір татар стилінде салғызған Ақкөл мешітінің тозығы жетіп, құлаудың сәл-ақ алдында тұрған. Енді мұны Семей қаласы мен Бесқарағай ауданының тұрғындары асарлатып, жөндеуді бастады.

Ақкөл мешіті қайта қалпына келтіріледі

Мешітті қайта қалпына келтіру туралы хабар тарай сала Бесқарағай ауданы мен Семей қаласының тұрғындары ортақ қазанға қаржы құя бастаған. Материал алуға ақша жиналған соң мешіттің маңайындағы ауыл тұрғындары демалыс күндерін құрылысқа арнап жүр. Бірі кірпішін жеткізсе, енді бірі цемент алып келген. Айтқандай, көне мешіт Семей – Павлодар тас жолының бойын­да орналасқан.

Мешіт мәдени, тарихи нысан болғандықтан, қайта қал­пына келтіру жұмыстары алдымен талқыланды. Өңірдің өлке­танушылары, мешітті жөндеумен айналысатын белсенділер жиналып, ақылдасты. Әкімдік өкіл­дері құжат жұмыстарын реттеуді қолға алып, сараптама жүргізбек.

– Қалай болғанда да, алдымен сараптама жүргізу керек. Мешіт тарихи нысан ретінде мемлекет қорғауында. Жөндеуді ли­цензиясы бар компаниялар жүргізуі керек еді. Құжат жұмыс­тарынан кейін бұл нысанды 2022 жылға арналған жөндеу жос­парына қосу туралы ұсыныс енгізбекшіміз. Бірақ жұмыс басталып кеткендіктен, оларды тоқтатпаймыз, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облыстық та­ри­хи-мәдени мұраны қор­ғау жөніндегі мекемесінің қыз­меткері Мақсат Құсайынов.

Мешіт ағаштан көтеріл­ген­діктен, қайта қалпына кел­тіру оңай­ға түсе қоймайды. Мұнараның өзі қисайып кеткен. Биылша шатырын жауып, есік-терезелерін салып қоюды жоспарлаған. Алдағы жылдары нысан толығымен аяқталса, туристер тоқтайтындай танымдық орынға айналады. Қазірдің өзінде шетелдік сая­хатшылар қы­зықтап, бұрылып жатады. Кей­біреуі қаржы аударатындарын да айтып кеткен.

 

Шығыс Қазақстан облысы