21 Шілде, 2021

Қайырымдылық жасау – қанымызда бар қасиет

6218 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес.

Қайырымдылық жасау – қанымызда бар қасиет

Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша жұртпен бірге қиналуды жөн көрген.

Мысалы, баяғыда қазақтың байлары жан-жағының жағдайын ойлап отыратын менеджер іспетті болған. Олар мал-дүниесімен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен, сақилығымен де сый-құрметке бөленген. «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген қазақ бір ауыз сөзбен-ақ ауқатты адамның қоғамдағы рөлін анықтаған. Себебі халқымыз ырыс-несібені Алла Тағаланікі деп білген. Сондықтан байлар да Құдайдың сүйікті құлы атану үшін туған-туыс, малшы-жалшысына қол ұшын созып, барынша көмектесуге тырысқан. Бұл көбіне-көп рулық қатынастардың негізінде орын алды. Осылай үйлесімді өмір сүргендіктен, қазақ қоғамында құл деген болмаған. Байдың малын баққандар оны өз малым деп есептеген. Өйткені ертең өз басына күн туса, байдың шарапаты тиетінін кәміл түсінген. Ал сараң байдың қашан да халық арасында қадірі қашқан. Ондайларды «сасық бай» деп атаған. Тіпті, ауыл-ауылды аралап жүретін сал-серілер де шықберместердің үйіне аттап баспаған. Атақты Ақтамберді жыраудың «Қайырлы болса баяжан, айдын шалқар көлмен тең, қайырсыз болса жаман бай, тартылып қалған шөлмен тең» дейтіні де сол.

Байларға деген көзқарасты Кеңес өкіметі өзгертті. Қарынбай, Шығайбай сынды ілуде бір кездесетін жағымсыз образдарға баса назар аударған «қызылдар» дәулетті жандардың бір ауылды, бір рулы қауымды асырағанын қасақана ескермеді.

Амал қанша, қайырымдылық сынды қайырлы қасиет бәріне бірдей тән емес.  «Қазіргі заманда оның қажеті жоқ» деген пікірлерді де кейде естіп қаламыз. Алайда олай дейтіндер қатты қателеседі. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын альтруист адамдар кез-келген қоғамның негізгі тірегі саналады. Өзіңіз ойлаңызшы, еліміз кілең енжар, өзімшіл азаматтардан құралса, қайтер едіңіз? Мұндай ортада өмір сүргіңіз келер ме еді? Әлбетте, жоқ дейсіз. Рас, «табиғатта тек мықтылар тірі қалады» дейтін заң бар. Бірақ адам саналы тіршілік иесі ғой. Homo sapiens-тің хайуаннан айырмасы жақынына жанашырлығымен өлшенеді. Бір данышпан: «Өркениетті қоғамды оның балалар мен қарттарға, яғни қорғансыз жандарға деген қарым-қатынасына қарап бағалауға болады» депті. Келіспеске амал жоқ.

Әлсіздерге, кедейлерге жәрдемдескен адам өзінің адамгершілігін айғақтайды. Біреудің қайғысына ортақтасу арқылы өз өміріне басқаша қарай бастайды, құндылықтарын қайта зерделейді. Кезінде маңызды көрінген, көңілге маза бермеген мәселелердің түкке тұрғысыз екенін түйсінеді. Қайырымдылық жүректі нұрландырады, өмірге мән дарытады.

Аға буынның есінде шығар, КСРО дәуірінде «Ерлік жасауға әрдайым жағдай табылады» деген ұран болатын. Біз осы ұранның мағынасын сәл-пәл өзгертіп: «Өмірде жақсылық жасауға әрдайым жағдай табылады» дер едік. Себебі айналаға көз салсақ, көмекке мұқтаж адамды оңай кездестіреміз. Қарт көршіміз, жалғызбасты ана, бәле-жалаға ұшыраған досымыз, танысымыз, тағысын тағылар...

«Адам – әлеуметтік жаратылыс» деп тұжырымдайды ғалымдар. Ағылшын ақыны Джон Донн: «Бір де бір адам жеке арал емес, ол – құрлықтың бір бөлігі, үлкеннің бір бөлшегі» дейді. Дамыған әлемдегі бір тамаша дәстүр  кәсіпкерлердің қайырымдылық қорын құрып, туған халқынан бастап атасы басқа адамзаттың баласына дейін көмектесуі. Жасыратыны жоқ, бұдан бұрынғы жылдары кейбір қазақ байлары қайырымдылық дейтін қастерлі ұғымды арзан атақ шығарудың құралына айналдырды. Ата-бабасына ас берді, тас орнатты, айтыс өткізіп, ат шаптырды, мансап қуды. Дегенмен кейінгі кезде әрқилы жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылықты мақсат тұтқан жомарт кісілердің көбейгені байқалады. Апат болған орындарға қомақты ақша атау, айықпас дертке шалдыққан балаға жылу жинау секілді дағдылар – шын мәніндегі ізгіліктің, биік мәдениеттің белгісі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, оларға ақпараттық қолдау білдіріп, әрбір әрекетін үлгі ретінде насихаттау керек.

Қайбір жылы ғалымдар түрлі мемлекет тұрғындарына «Танымайтын адамдарға қаншалықты көмектесесіз?», «Қайырымдылық қорларына ақша аударасыз ба?», «Еріктілер жұмысына қатысасыз ба?» деген сұрақ қойып, зерттеу жүргізді. Charities Aid Foundation деп аталатын британдық ұйым Дүниежүзілік қайырымдылық индексін жасап, Қазақстанды 78-орынға қойыпты. Бірақ сауалнама нәтижесі менің көңіліме қонбады. Бір күдік жаныма жай таптырмады. Неге десеңіз, жаңағы зерттеуде екінші орын рохинджа мұсылмандарын басып жаншыған Мьянмаға бұйырыпты. Ал мәдениеті мен менталитеті бізге ұқсайтын Өзбекстан 25-орынға орныққан. Меніңше, зерттеушілер қазақтардың әлеуметтік желі арқылы жылу жинайтынын, банк картасына ауыстыра салатынын, әр жұмада садақа беретінін ескермеген сияқты.

Ақиқатында, қазақ – табиғатынан қайырымды халық. 2020 жылды Президентіміз «Волонтер жылы» деп жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейтуді аса маңызды міндет деп атады.

Қазақстан секілді этносаралық және дінаралық келісімнің өзіндік моделі қалыптасқан көп ұлтты мемлекетте қайырымдылық жасауға барлық негіз бар. Бұған  бірлік, бейбітшілік пен қайырымдылықты ту еткен еліміздегі діндер мен конфессиялар да септігін тигізуде.

Бұл аз десеңіз, Конституциямызың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – ел байлығын тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, білім алуына мүмкіндік жасауға, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейде қолдауға арнайтын мемлекет. Бір ғана мысал: 2020 жылғы республикалық бюджеттің жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалды. Былтыр шамамен бюджеттің 46 пайызы, яғни 6 трлн теңгеден астам сома тұрмысы нашар халықты қолдауға бөлінді. Бұл – шын мәнінде орасан зор қаражат. Жоспар бойынша 2022 жылы бұл көрсеткіш 54 пайызға жетпек. Салыстырсақ, социализм бағытын темірқазықтай ұстаным еткен Совет Одағының өзі ең бір дүркіреген шағында әлеуметтік салаға жалпы шығыстарының тек 30 пайызын арнай алған екен.

Бірақ, солай екен деп бар салмақты Үкіметтің мойынына артып қоюға болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президентіміз Қ.К.Тоқаев әрқашан алқалы жиындарда бизнес өкілдеріне әлеуметтік жауапкершілікті артып отырады. Өйткені, бұл бір жағынан бизнестің қарапайым бұқарадан ажырап кетпеуіне септігін тигізеді. Соның бір дәлелі ретінде 2020 жылдың 20 наурызында Тұңғыш Президенттің бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры құрылды. Қорды құрудағы ілкі мақсат – тұрғындарға, оның ішінде COVID-19 індетінен зардап шеккендерге атаулы және әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ республикалық және аймақтық деңгейде жұмыс жүргізу болатын. Игі бастамаға елдегі ірі компаниялар, танымал кәсіпкерлер  қолдау көрсетті. Қорға түскен қаражат аса мұқтаж отбасыларға белгілі мөлшерде таратылып берілді. Жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы өрттей өршіген сындарлы сағатта бизнесмендер ғана емес, ниеті түзу, жүрегі кең қатардағы қазақстандықтар мен еріктілердің де еңбегі зор. Қор жұмысының ашықтығын көрсету мақсатында «Birgemiz» Қоғамдық қоры өзіне түскен қаражат пен аймақтар бойынша көрсетілген көмек туралы барлық ақпарат тұрақты түрде жарияланатын birgemiz2020.kz ресми сайтын іске қосып, әлеуметтік желілерде парақшаларын ашты.

Тағы да тарихтан тартып, Қарға бойлы Қазтуған жыраудың өлеңімен өрсек:

«Жабағылы жас тайлақ,

Жардай атан болған жер.

Жатып қалып бір тоқты,

Жайылып мың қой болған жер.

Жарлысы мен байы тең,

Жабысы мен тайы тең,

Жары менен сайы тең»...

Осынау толғауда суреттелген жерұйық мекен – қазақы танымдағы қайырымды қоғам. Міне, бізге осындай қоғам қажет. Оны құру өз қолымызда.

 

Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасының орынбасары, «Birgemiz» қоғамдық қорының төрағасы Руслан Сакеев