Көлемі 14 гектар жерге орналасқан базарда 3 мыңға жуық сауда орыны ашылады. Атап айтқанда: 900 орын-азық-түлікке, 1500 орын - киім-кешекке, 500 орын - тұрмыстық тұтыну тауарларына арнайы жабдықталып, жиһаздарға 1000 шаршы метр орын дайындалды. Жалпы жаңа нысанның құрылыс алаңы 5 гектарға жуық.
Заманауи экобазарда диқандар өз өнімінін бір қолдан, делдалдарсыз, тікелей сату мүмкіндігіне ие. Ол үшін қажетті жағдай толықтай жасалып, жазда салқын, қыста жылы температуралық режим қамтамасыз етіледі.
Экобазардың құрылысы барлық санитарлық нормаларға сәйкес, төбесі жабық, жеңіл автокөліктер мен жүк автокөліктерінің еркін кіріп-шығуына арналған кең жолдар ашылып, әрқайсысына бөлек автотұрақтар ұйымдастырылуда.
Ең бастысы, экобазар барлық азық-түлік тауарлары көтерме бағамен сатылатын ең ірі сауда орнына айналады. Бұл диқандар үшін тауарын жылдам өткізуге, азық-түліктің сапасын сақтауға, тасымалдаумен байланысты шығынды азайтуға өте қолайлы болмақ. Осыған орай, базарда сауда орындарынан бөлек, тоңазытқыш орнатылған 200 қойма орыны күзде жинаған өнімді келесі маусымға дейін халыққа арзан бағамен сатуға мүмкіндік береді.
Базарда халыққа тиімді бағада азық-түлік ұсынуды қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс әкімдігі мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен 2-3 пайыздық жеңілдетілген несие беру ұйымдастырылуда.
Бұл базарда сиыр, қой, жылқы еттері мен ет өнімдерін сатуға үлкен мән берілмек. Мұнда еттен дайындалған шұжықтар, тұзды-ысталған өнімдер және консервілер, қазы, қарта сынды өнімдердің барлық түрлері болады.
Осы тұста ерекше айта кетерлік жайт, соңғы жылдары ірі қара мал етін өндіруде және экспорттауда Түркістан облысы елімізде көш бастап келеді. Өңіріміздің ет өнімдері Қытай, Өзбекстан, Ресей, Иран елдерінде, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде жоғары сұранысқа ие болып отыр. Ал, қауынға деген сұраныста Германия 1-ші орында тұр.
Аталған көрсеткіш, біздің еліміздің азық-түлігінің жоғары сапалы, экологиялық таза екендігінің бір көрсеткіші деп айтуға болады. Әрине, экобазар шетелдерге де тауарларды экспорттайтын болады.
Аталған мақсатта, экобазарда кәсіпкерлер, туристер, өнім өндірушілермен және шетелдермен байланыс орнату үшін арнайы «Кеңсе» ашылып, онда заңгерлер, аудиторлар, мамандар, кәсіпкерлер жұмыс жасайтын болады. Кеңседе әлемдік нарыққа тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, тауар өндірушілерге, тауарды сатып алушыларға, соның ішінде шетелдік сатып алушыларға тиісті кеңестер беріледі және шетелдерге тауарларды экспорттау, өнімдерді жеткізу мәселелері бойынша келісім-шартқа отыру сынды процедуралар жүргізіледі. Сонымен қоса, туристер де өздерін қызықтыратын мәселелері бойынша тиісті ақпараттар ала алады.
Экобазарда тек ет өнімдері емес, азық-түлік тауарларының барлық түрлері болады.
Әсіресе, Түркістан өңірінің кептірілген жемістері әркез елімізде жоғары бағаланып, ерекше сұранысқа ие болып келеді. Сондықтан, бұл базарда тамақ өнеркәсібінде кең қолданысқа ие кептірілген жемістер мен көкөністердің түр-түрі сатылады. Өйткені, кептірілген азық-түлік түрі мезгіларалық жеміс тапшылығы кезінде халықты жеміс-жидек өнімдерімен үздіксіз және уақтылы қамтамасыз етуде қолайлы.
Экобазардың тағы бір ерекшелігі, мұнда азық-түліктерден бөлек, өндірістік тауарларды, тіпті үй жиһаздарын да тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік туады.
Мұнда еліміздегі мықты тауар өндірушілерге арналған орындар және сауда қатарларындағы барлық өнімдер көрмеге орнатылғандай ерекше көрікпен, туристер үшін келіп тамашалауға ыңғайлы етіп қойылады.
Сонымен қатар, мұнда барлық аудан, қалалардың жәрмеңкелері өтіп, өз өнімдерін өткізуге таптырмас орын болмақ.
Барлығымызға белгілі, бүгінде диқандар өз өнімдерін «екінші, үшінші қолдар» арқылы тым арзан бағамен саудалауда, ал арадағы алып сатушылар өзара келіскен түрде азық-түлік бағасын жасанды көтеріп жатады.
Жалпы бағаны тұрақтандыру үшін өндірілген өнімді өндірушінің халыққа тікелей ұсынуына қолайлы жағдайлар жасау қажет. Сол себептен де, Түркістан қаласында осындай ауқымды экобазардың іске қосылуын бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесі зор деп айтуға болады.
Экобазар қаланың мақтанышы болып, тұрғындардың тұрмыс-тірлігін де байқататын халық ең көп шоғырланған тамаша орынның бірі болады деп күтілуде.
«Экобазар» әмбебап сауда орталығында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің алғашқы жәрмеңкесінде Ордабасы, Отырар, Сайрам, Шардара, Келес, Бәйдібек, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласының 30-дан астам тауарөндірушінің 20 тоннадан аса өнімі шығарылды.
Жалпы, Түркістан облысы мен Түркістан қаласы әкімідігінің ұйымдастыруымен өткен жәрмеңке аясында өнімдер 10-15 пайыз төмен бағада сатылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өткен жәрмеңке апта сайын жалғасатын болады.
Жалпы, шығыс халықтарында базарға қатысты «киелі орын» деген түсінік бар. Базар деген қала жұртшылығының тек сауда-саттық емес, сауық-сайран құратын, демалып, көңіл көтеретін орны болып келді.
Осы орайда, киелі шаһардың туристік әлеуетін арттыру мақсатында экобазар қалаға көрік беретіндей сәулетті де сәнді, тынысы кең, заңғар биік болып салынуда.
Мұнда балаларға арналған ойын-сауық орталығы, банктер, фуд-корттар, санитарлық қызмет орындары сынды тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, еңбек етуіне қолайлы орындардың барлығы болады.
Жалпы, бұл жоба өңір экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сол себептен таяуда іске қосылған экобазар ыңғайлы әрі тиімді көпфункционалды сауда орны болғалы тұр.