Аймақтар • 21 Шілде, 2021

Жамбылда сапасыз жолдар үшін 128 тұлға жауапқа тартылды

128 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 6 айында өңірдің автомобиль жолдарына 1026 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 6762 ақау анықталған, деп жазады Egemen.kz.

Жамбылда сапасыз жолдар үшін 128 тұлға жауапқа тартылды

Тексеріс қорытындысы бойынша жол ұйымдарының басшыларына кемшіліктерді жою үшін 1026 ұйғарым берілген. Автомобиль жолдарын күтіп ұстаудағы кемшіліктер бойынша тиісті мекемелерге 190 ақпарат жолданған. Сонымен қатар аймақтағы теміржол өткелдеріне де тексеріс жүргізіліп, оларды күтіп-ұстау бойынша 152 ақау анықталыпты. Өткелдерге жауапты ұйымдардың басшыларына да аталған кемшіліктерді жою үшін 56 нұсқама жіберілген. Осы орайда, автомобиль жолдарының қанағаттанарлықсыз күтімі және жол қауіпсіздігін тиісті қамтамасыз етпегені үшін 128 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Жолдарда жұмыс жүргізу, жолдарды, теміржол өткелдерін және басқа да жол құрылыстарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы әкімшілік-құқықбұзушылық туралы Кодексінің 631-бабының 1-бөлігі бойынша 81 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 1 лауазымды тұлғаға қатысты осыған ұқсас құқық бұзушылық және ол жол-көлік оқиғасына әкеп соқтырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды», дейді Жамбыл облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Николай Сон.

Сондай-ақ жолдарды, теміржол өткелдерін және басқа да құрылыстарды немесе жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын зақымдағаны үшін 46 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.