Экономика • 21 Шілде, 2021

Ұлттық валюта және экономикалық ахуал

883 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаржы нарығындағы ахуал­ құбылып тұр. Бір тұр­ғыдан алғанда вакциналау қарқынының артуы, бизнес-процестердің пандемия зардаптарына бейімделуі жағдайдың оң бағыт ала бастағанын аңғартады. Алайда екінші тұрғыдан вирустың мута­цияға ұшырап, түрлі штам­­дар­дың пайда болуы, адам­заттың әлі де болса COVID-19-бен белсенді кү­рес жүргізіп жатқаны тәуе­келдерді арттыра түседі.

Ұлттық валюта және экономикалық ахуал

Әлем экономикасының қал­пына келіп жатқанының әсері ме, Brent маркалы мұнай бағасы жедел екпінмен өсе бастаған еді. Маусым айындағы ең қатты өсу көрсеткішіне жетті – барреліне 75,13 доллар. Ал шілде айының басында ОПЕК+ өндірісті шектеу­ге байланысты ортақ мәмілеге келе алған жоқ. Нәтижесінде, қара алтын құны барреліне 77 доллардан асып түсті. Бұл сонау 2018 жылдың 30 қазанынан бері алғаш рет тіркеліп отыр. Қазір ол деңгейден қайта төмендеді. Мұнай бағасы 75 долларға жеткен кезде теңге бағамы 424,95 болып, сәл болса да нығайып еді. Бірақ мұнай бағасы бір межеге тұрақтай алмай, мың құбылуда. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, теңгенің нығаюына бірқатар ішкі фактор да қысым көрсетеді.

«Іскерлік белсенділіктің қал­пына келуі және кейінге қал­дырылған сұраныстың іске асуы аясында тауарлар импорты өсті. 2021 жылғы қаңтар-сәуірде импорт тұтынушылық өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 11,4 млрд долларға, 11,5 пайызға артты. Шетел валютасына сұра­ныстың өсуі сауда-саттық кө­лемі ұлғаюынан байқалады. Шетел валютасына сұраныстың артуы шетелдік инвесторларға дивидендтер төлеу сияқты мау­сымдық факторларға да байланысты. Былтыр дағдарыс аясында дивидендтер төлеу өте шек­телді, осы жылы бұл фактор мамыр және маусымда валю­та нарығындағы сұраныс жағынан маңызды болып табылады. Атал­ған факторлардың барлығы ұлт­тық валютаның одан әрі нығаюын шектеді», дейді сарапшы.

Ұлттық банк өкілінің сөзінше, елдің алтын-валюта қоры бір ай ішінде 1,4 млрд долларға төмен­деп, 30 маусымда 35,1 млрд долларды құрапты. АҚШ дол­ларының күшеюі алтын бағасын төмендетіп жіберген. Маусымда металл бағасы унциясына 1892 доллардан 1758 долларға дейін төмендеген. Бұл ретте ол теңге баға­мына әсер ететін негізгі үш факторды атайды.

«Біріншіден, бұл мұнай ба­ғасы – негізгі экспорттық тауар және ішкі валюта нарығындағы ұсы­нысты анықтайтын фактор. Мұнай нарығы құбылмалы болып қала береді, өйткені ОПЕК+ мүшелері өндірісті ұлғайту және 2022 жылғы сәуірден кейін мәмілені ұзарту туралы келісе алмады. Екіншіден, бұл дамушы елдердің валюталарына деген жалпы нарықтық сентимент. Біздің ойымызша, дамушы елдерге инвесторлардың қызы­ғушылығы коронавирусқа қатыс­ты жағдайдың дамуына және АҚШ ФРЖ-нің монетарлық ынталандыруларын азайту жөнін­дегі одан әрі іс-қимылдарға бай­­ланысты қалыптасады. Дель­т­а штамының таралуына бай­­­ланысты дамушы елдерде – Бразилиядан Ресейге дейін, Индонезиядан Жапонияға дейін тағы бір агрессивті COVID-19 өршуі байқалады. ЕО мен АҚШ-тан вакциналардың экспор­ты алдағы айларда осы елдер­де вакциналаудың қажетті дең­гейіне қол жеткізуге байланысты айтарлықтай өседі, бұл дамушы нарықтар үшін маңызды фактор болуы мүмкін. Жаһандық вакциналарды жеткізудің өсуі дамушы елдерге 2021 жылдың екінші жартыжылдығында қор­ғанудың жоғары деңгейіне қол жет­кізуге мүмкіндік береді, бұл Еmerging Markets активтерінің тартымдылығының өсуіне қолдау көрсетуі мүмкін. Үшіншіден, экономикалық белсенділіктің үздік­сіз қалпына келуі және фис­калдық ынталандыру шетел валютасына сұранысты қол­дайды. Қазақстандағы іскер­лік белсенділік индексі өсу аймағында қалуда», дейді Мол­дабекова.

Сарапшы халықаралық ұйым­­­­дардың болжамы опти­мис­тік бағытта екенін айтады. Мысалы, Дүниежүзілік Банк әлемдік экономиканың өсуін 4,1 пайыздан 5,6 пайызға дейін, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі өзі қатысатын өңірлерде – 3,6 пайыздан 4,2 пайыз­ға дейін өседі деп болжайды. Өз кезегінде Ұлттық банк те жаһандық ІЖӨ-нің тез өсуі мен эко­номикалық белсенділіктің жан­дануы есебінен әлемдік эко­номиканың өсу перспективаларына оптимистік көзқараспен қарайды.