Өнер • 21 Шілде, 2021

Рухияны Димаштың жанкүйерлері демеді

369 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Славян базары-2021» байқауының жеңімпазы Рухия Бай­дүкенова елге оралды. Халықаралық өнер фестивалінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер иесін көпшілік ыстық ықыласпен қарсы алды. Жеңісті сәттің желпінісі басылмай жатып, ақпарат өкілдеріне ашық сұхбат берген әншінің қуанышында шек жоқ. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингтің біз де куәгері болдық.

Рухияны Димаштың жанкүйерлері демеді

1992 жылдан бері Витебскіде дәстүрлі түрде өтетін өнер додасы қаншама өнерпаздың жұлдызын жақты. Әсіресе еліміз үшін айтулы мерекеге айналғаны жасы­рын емес. Тіпті шетелдіктер бүгінде «Славян базары» байқауын «Қа­зақ базары» деп өзгерту керек деп әзілдейді екен. Тереңнен ойлаған жанға мұның өзі ел үшін үлкен мәртебе.

Алғашқы болып сөз тіз­гі­нін алған Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуе­шов Рухияның жеңісі – Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдығына арналатынын тілге тиек етті.

«Осы жерде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құ­­лованың атынан арнайы ал­ғы­сымызды білдіргіміз келеді. Же­ңістің жолы қашанда ауыр. Сіз­дің шығармашылық ізденісіңіз, ерекше талантыңыз әлемді таң­ғалдырды. Бұл – мемлекетіміздің абыройы. Өнер саласында қан­дай да бір бәйге болсын, қан­жығамыз бос қайтқан емес. Әсі­ресе, «Славян базарында». Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев та әлеуметтік желі арқылы жеке құттықтауын жолдады. Қазақ қызының топ жаруы тәуелсіз еліміздің жастарын жігерлендіретініне сенім мол. Оған қоса жеңісті жалғап, балалар арасындағы байқауда да біздің Амина Асхатқызы да дипломат атанды. Бұл да үлкен дәреже», деді Н.Дәуешов.

Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта өнер иесінің бұ­дан да үлкен сахналарды бағын­дыруына жағдай жасалады. Бұл сөзді «Қазақ ұлттық музыка ака­демиясының» ректоры Айман Мұсақожаева да қолдады.

«Біздің шәкіртіміз 7 жыл бойы үзбей ізденудің нәтижесінде ел­­дің мәртебесін асқақтатты. Ұс­­таз­дардың еңбегі көл-көсір. Оны айтпай кеткеніміз болмас. Ру­хия – жаңа жұлдыз. Қа­зақ эстра­дасын жаңа белеске кө­тере­тініне сенімдіміз. Ал­дағы уақытта Норвегияда Қазақ­стан­ның мәдениет күндері өтеді. Бұ­йырса, сол шарада Рухия да өнер көрсетеді. Одан да басқа жас әншілер бүгінде әлем сахнасын бағындырып жүр. Бүгінде еліміздің мәдени жетістіктері кө­ңілге қуаныш ұялатады», деді А.Мұсақожаева.

Баспасөз мәслихаты барысын­да «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина бай­қаудың тікелей эфирден көрсе­ті­луі ұлт үшін үлкен мақтаныш еке­нін жеткізді. Алдағы уақытта да халықаралық өнер фестивалін көрерменге дер кезінде ұсынып, ха­лықтың жеңісті сәттің куәгері бо­­луына жол ашатынына уәде етті.

Одан кейін Рухия Байдүкено­ваның өзі сөз алып, ел-жұртына ізгі ілтипатын білдірді.

«Мен әнші болуды бала кү­німнен армандайтынмын. Тіпті тұғырға қонған сәтті халықпен бірге тойласам деп те қиялға шом­ған кездерім болған. Арманым алдамапты. Бұл – менің ғана емес, сіздердің де жеңістеріңіз. Шы­ны керек, 3 жыл қатарынан ірік­теуге қатыстым. Алғашында қа­зы­лар алқасы арықтауымды талап етті. Ол кезде 95 килограмм бо­латынмын. Солай сүріндім. Екінші жолы жұлдызым жанбады. Қанша тырысқаныммен байқауға жолдама ала алмадым. Содан үмітім үзіліп, биыл бармай-ақ қойсам ба деп ойлағанмын. Бірақ Димаш Құдайбергеннің өзі қолқалады. Мені іріктеуге же­тектеп апарғандай болды. Бұл маған үлкен сенім берді. Қазы­лар алқасының мүшесі, халық әртісі Роза Рымбаеваның көзі маған түсті. Бірден менің лайық екенімді айтып, арқама қанат бітіргендей күйге бөледі», дейді Р.Байдүкенова.

Өнерпаз мектеп табылды­ры­ғын аттаған сәттен бастап во­кал­мен айналысып келеді екен. Өзінің туып-өскен жері Тал­ды­­қорған қаласындағы өнер мек­­тебінде Серікжамал Нүсіп­қы­зынан 7 жыл сабақ алған. Ұс­тазының үнемі қасынан қал­май, бар білгенін бойына сіңірген. Сөйтіп 15 жасында Қазақ ұлт­тық өнер университетінің коллед­жіне түседі. Бүгінде сол білім ор­да­сының 3-курс студенті.

Брифингте «Славян база­ры» халықаралық өнер фестивалі­нің елдегі ресми өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова жерлесінің жеңісіне шүбә келтірмегенін айтады. Ол 20 жылдан бері байқаудың ішінде жүргеннен кейін, өзі топқа қосар түлектің қарым-қабілетін, шығар биігін алыстан аңдайтын болған.

«Біздің әрбір қатысушымыз сахнадан түскенге дейін уайым­дап жүремін. Әрине, өзіңнің ба­лаларыңның жақсы өнер көр­сеткенін қалайсың. Біздің ұтқан жеріміз, іріктеуді әділ өткізіп, ең мықты жүйрікті таңдағанымыз. Рухия негізгі қарсыласынан жал­пы есепте 4 ұпай жоғары бол­ды. Бұл – оңай шаруа емес. Он­дағы көрермендер талғампаз, кімнің кім екенін, оның талабын бірден аңғарып қояды. Меніңше, Ру­хия жергілікті көрерменнің есін­де қалары анық», деді Қ.Әбді­кәрімова.

Ең ғажабы, байқау барысын­да Димаштың жанкүйерлері Рухия­ға жақтасқан екен. Дода бас­талмас бұрын, түскі тамаққа ән­ші қыз көже ішкісі келеді. Себе­бі ұйымдастырушылар ұсын­ған мә­зір оның көңілінен шық­паса керек. Мұны естіген Димаш­тың жан­күйерлері жиналып, қазақ­тың қызына арнайы көже әзірлей­ді. Мұндайды күтпеген өнер иесі тосылып қалады. Қазақтың атын әлемге шығарған Димашты қай жерде де қолдайтын осындай шы­найы жанкүйерлері барына риза­шылығын білдіреді. Олар­дың барлығы қазақтың көк Туын ұстап, байқау бойы Рухияны қолдаған көрінеді.

Баспасөз соңында «Славян ба­зары-2021» байқауының жеңім­пазы Рухия Байдүкенова ата-анасына, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталовқа және қолдау біл­дірген барша халыққа ілти­патын білдірді.