Тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш тікелей сайлауға дайындық барысымен танысу мақсатында ауданға арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева бірқатар елді мекенді аралап, өңір тұрғындарымен кездесті.
Денисов ауданындағы Тельман ауылдық округінде өтетін әкім сайлауына түскен екі үміткердің бірі – Nur Otan партиясының мүшесі, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Арман Дабылов. Ол осы өңірдегі Антонов ауылында туып-өскен. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, туған жерге оралып, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мен Арман Дабылов ауылдық округтегі «Агрофирма Олимп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымымен кездесті. Мұнда 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Еңбеккерлердің көбі әкім сайлауына бірінші рет түсіп жатқан үміткерді жақсы білетін болып шықты. Ал Мәжіліс депутаты биыл ауылдық жерлерде алғаш рет өтейін деп отырған тікелей сайлаудың еліміздің саяси өміріндегі ең елеулі өзгеріс екенін, мұның ауылды дамытудағы маңызы зор екенін әңгімелеп, үміткерге қолдау білдірді.
Кездесу барысында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Сондай-ақ Арман Дабылов өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Ауыл тұрғындарының тарапынан көптеген тілектер пен ұсыныс айтылды. Депутат пен үміткерге түрлі сауалдар қойып, тұшымды жауап алған тұрғындардың дені алдағы маңызды саяси науқанға белсене қатысатындарын жеткізді.
Қостанай облысы