Білім мен ғылым саласындағы сапаны бақылау комитеті жанындағы Ғылыми кадрларды аттестаттау басқармасының басшысы Қарлығаш Сәкенова:
«Білім және ғылым министрлігіне тікелей қарайтын Жас ғалымдар кеңесі бар. Оның құрамына беделді де белсенді ғалымдар кіреді. «Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесін бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар осы кеңестегі талқылаулардың негізінде енгізілді. Бұдан бөлек министрлікте құрылған академиялық қауымдастық өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобының ұсынымдары да басшылыққа алынды. Одан кейін құжаттың жобасы Нормативтік-құқықтық актілер «Ашық үкімет» порталында талқыланады. Сондағы ұсыныс-пікірлер ескеріліп барып қабылданады. Аталған бұйрықта толықтырулар басым. Мысалы, 4-тармақтың 2-тармақшасындағы талап 2011 жылдан бері бар, яғни ғылыми атаққа үміткердің халықаралық базадағы ғылыми журналдарда мақаласы болмаса, атақ берілмейді. Сонымен қатар бұйрықта алып тастаулар да бар. Айталық, әскери ұйымдарда, спорт және өнер саласындағы ізденушілерге мақалаға қатысты норма қолданылмайды», деді.
Комитет өкілінің айтуынша, аталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы маңызды бұйрықта ғалымдардың жұмысын жеңілдететін нақтылаулар да қарастырылған. Ғылыми дәреже алуға септігін тигізетін мақала жалпылама жазылмай, «ғылыми мақала», «шолу» деп нақты көрсетілген. Әйтпесе мақаланың да түрі сан алуан. Және көп ізденуші зерттеу мақала жазудың орнына аналитикалық материал берумен құтылып кетіп жатады.
«Соңғы уақытта Scopus базасынан шығып қалған «жалған немесе жыртқыш журналдардың» қатары көбейіп келеді. Ал сол «жыртқыш журналдарда» қазақстандық ғалымдар жиі мақала жариялайды. Осы мәселеге аталған бұйрық нүкте қоятындай. Себебі жақында қабылданған өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, базаның тізімінен түсіп қалған «жыртқыш журналдардағы» мақалалар оның жарияланған уақытына, басылымның беделіне, процентиліне қарамастан ғылыми дәреже беруде есепке алынбайды. Әрине, талаптарға сай басқа басылымдарда шыққан еңбектері ескеріледі, бірақ дәл «жалған журналдардағы» жұмысы жойылады», деп түсіндірді Қ.Сәкенова.
«Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесін бекіту туралы» бұйрыққа енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда тағы бір өзекті мәселеге нақтылау бар. Бұған дейін қазақстандық ғалымның шетелден алған доцент немесе профессор атағы елге келгенде автоматты түрде (қажетті құжаттары болған жағдайда) расталып, Қазақстанның профессоры яки қауымдастырылған профессоры ғылыми дәрежесі беріле беретін. Білім және ғылым саласындағы сапаны бақылау комитетінің дерегінше, сол жағдай қолайлы болды ма, кейінгі кезде еліміздегі ғалымдар жақын маңайдағы шетелдерден ғылыми дәрежелерді күмән туғызатын жолдармен алып, бізде растайтын фактілер саны артқан. Жаңа бұйрық осы түйткілдің түйіні болғандай. Өйткені бұдан былай шетелден алынған кез келген қазақстандықтың ғылыми атағы осындай дәреже алуға үміткер ретінде құжаттарын өткізген барлық ғалым секілді іріктеуден өтеді.
Еліміздегі ғылым метрикасымен айналысатын санаулы ғалымның бірі, профессор Болат Кеңесовтен ғылыми атақтар беруге қатысты енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың оң және теріс жағын сұрадық.
«Аталған бұйрықтағы өзгерістердің ең маңыздысы және тиімдісі – әртүрлі бұзушылықтарға байланысты Web of Science, сондай-ақ Scopus базасынан шығып қалған «жыртқыш журналдардағы» мақалалардың ғылыми дәреже алуға жарамайтыны. Екіншіден, патенттер енді ғылыми мақаланы алмастыра алмайды, патент мақаланың тек 20 пайызы болып есептеледі. Беделді халықаралық журналдарда ғана жариялауды таңдаған ғалымдардың атақ алуы жеңілдеді, өйткені мұндай журналдағы бір мақала енді білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің жарияланымдар тізіміне енген журналдағы екі мақалаға тең болады», деп жауап берді Б.Кеңесов.
Оқырмандардың есінде болса, жыл басында жарияланған «Жыртқыш журналдарға» жем бола береміз бе?» атты сараптамалық материалымызда Scientometrics басылымындағы көлемді зерттеудің нәтижесі бойынша Қазақстан «жыртқыш журналдарға» мақала жариялағыш елдердің қатарына қосылғанын мәселе ретінде көтергенбіз. Енді қараңыз, халықаралық журналдарда мақала жариялау әдетте ғылыми дәреже алуға керек. Ал сол журналистік зерттеуімізде көрші елдегі жағдайда мысалға келтірген едік. 2018 жылғы атақты Nature ғылыми журналына шыққан «Қытай академиялық заң бұзушылықты жою үшін кең ауқымды реформалар жүргізеді» (China introduces sweeping reforms to crack down on academic misconduct) мақаласында аталған елде отандық және халықаралық сапасыз журналдардың «қара тізімі» жасалатынын, сол тізімдегі басылымдарға шыққан мақалалар қандай да бір ғылыми атақ немесе грант алуға жарамайтыны жазылған. Сондағы ойдың бұйрықта ескерілгені байқалады.
Бірақ сарапшы Б.Кеңесовтың айтуынша, әлі де шешімін таппаған мәселе бар.
«Мәселен, мақалалар дайындауға үміткерлердің үлесіне қойылатын талаптарды белгілеу мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесі ғылыми дәреже алуға үміткерлерден сырттай оқитын автор (ғылыми журналдарда ғалымдардың мақалаларын оқитын корреспондент мүшесі яки еңбектерге баға беретін рецензент) немесе бірінші автор ретінде мақалалары болуын талап етуді ұсынған еді. Мұндай мақалалардың болуы өтініш берушінің мақалаларды дайындауда, оларды рецензиялаудан өткізуде, сондай-ақ оқырмандармен байланыс орнатуда тәжірибесі бар екеніне дәлел болар еді. Алайда ұсыныс қабылданбады. Енді ешқашан өздері сапалы ғылыми мақалалар жазбаған, бірақ зерттеуге қатысқандар ғылыми атақ ала алады», дейді профессор Б.Кеңесов.