Аймақтар • 22 Шілде, 2021

Ірі қара белгісіз індетке шалдығып жатыр

542 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстың бірнеше елді мекенінде жүздеген ірі қара бұған дейін кезікпеген мал ауруымен жаппай ауыруда. Басты белгісі – жемшөп жемей, тілін тістеп тұруы. Мал дәрігерлері себебін тап басып айта алмайды. Аяқастынан пайда болған індет көріністері Степногор қаласының төңірегіндегі елді мекендер мен Ақкөл ауданының ауылдарында орын алған.

Ірі қара белгісіз індетке шалдығып жатыр

Беймәлім індет әуелі Ақкөл ауданына қарасты Азат ауылында тіркеліпті. Бірлі-жарым емес, 400-ден аса ірі қара түгел індетке шалдыққан. Он шақтысы өліп те қалған. Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, індетке шал­дыққан малдың аузы уылып, тілі сабақтап, демігіп қалады екен. Мал дәрігерлері әртүрлі ем қол­данғанымен, қайыр болмай тұр.

«Сиырымның аузынан көбік аралас су ақты. Аяғына жара шы­ғып, баса алмай қалды», дейді Азат ауылының тұрғыны Тұр­сынхан Әмірханұлы.

Ал іргедегі Қарабұлақ ауылында 130-ға жуық ірі қара мал дәл осындай індетке шалдығып отыр. Мал сүмесімен күн көріп отыр­ған ауыл адамдары үшін бұл – үлкен соққы. Осы елді мекен тұр­ғындарының айтуына қарағанда, мал дәрігерлері әрқайсысы 2,5 мың теңге тұратын екпе еккен. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Қан алғанымен, анықтауы ұзаққа созылып кетті.

Мал індетке шалдыққан соң оның сүтін пайдаланудан ел қауіптеніп отыр. Бұрын-соңды малсақ қауымның назарына ілік­пеген, төтеннен келген індеттің жұқпалы емес екеніне кім кепіл?

«Біздің қолдан келер қайран жоқ. Індет белгісі пайда болғалы абдырап қалдық. Дәрі-дәрмегі де табылмай тұр», дейді мал дәрігері Олжатай Фазылов.

Зертханаға жіберілген сынамалардан нақты нәтиже шыға­рылмаған. Маманның уәжі осындай. Ал малсақ қауым бес бірдей ауылдың малы белгісіз індетке шалдыққан соң алаңдаулы.

 

Ақмола облысы