Өнер • 22 Шілде, 2021

Мүсінші әлемі

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Адамның ой-өрісі шарттылықтармен қаланса, одан ұлы дүние күту бос әуре. Біз қаламгер мен суретшіні ғана шығармашыл топтың өкілі есебінді бірінші қатарға қоямыз. Негізінде, бұл тізімнің басында ғалым да, құрылысшы да, инженер де тұруы қажет. Себебі әрбір мамандық иесі өз саласының алды болу үшін қиялына иек сүйеуі міндет. Әйтпесе талғамды штампқа салу идеяны мансұқ етеді.

Мүсінші әлемі

Кенеп бетінде тағы бір сұлба. Таңсық емес, тамырын ба­сып көрсеңіз өнерден алшақ жан еместей. Киім кию әдебі, үлкен көзілдірігі, шалт қимылы һәм саусақтарына дейін оның өмірінен хабар беріп тұрғандай. Портретке жан берген суретшінің шеберлігіне сұқтана қарап, кейіп­керінің кім екенін аңдауға болады. Адамның артына қарап-ақ алдындағы жолын бағдарлау оңай. Бізді осындай пікірге жетелеген картина иесінің шешімі өз орнын тапқандай көрінеді.

«Мүсінші Е.Мергеновтің портреті». Туындының толық атауы осы. Кімнің қолынан шыққан десеңіз? Халық суретшісі Леонид Леонтьевтің еңбегі. Шебердің же­ке шығармашылығына тоқта­лу­дың қажеті жоқ шығар, ой­лы оқырман осы есімнің өзін сурет­керліктің үлкен үлгісі ретін­де құрметтейді.

Вертикаль форматтағы кенеп бетіне көрерменге арқасын беріп тұрған мүсінші бейнелен­ген. Ол – Қазақстан бейнелеу өне­рінің тарихы мен дамуына өз қолтаңбасын қалдырған алпысыншы жылдары шыққан талантты буын өкілі. Мәселе мұнда емес. Портрет нағыз мүсіншінің тұлғасын тарту етеді. Жеке тол­ғанысты үстей отырып, келесі бір әлемнің есігін ашады.

Суретші өз картинасында бейдәстүрлі амалды қолданады. Міне, ең ғажап сәт. Қараңызшы, мүсіншінің портретін арқасынан қарап жазған. Еркін Мергенов басын жанына бұрып тұр. Біз атақты мүсіншінің қырынан қара­ғандағы байсалды таныс бейнесін көреміз. Бұл жерде кө­лемнен гөрі таңба басым. Қара шаш пен қоңыр желетке және ақ жейде мен ашық түсті шалбар қарама-қарсылық. Мүсіншінің өмірдегі қайшылықтары десек болатындай.

Қандай да болсын кездейсоқ элементтер жазылмаған. Біртүсті жазықтағы мүсіннің сұлбасы ерекше көңіл аудартады, осы арқылы ол фоннан бөлініп тұр. Өткір, кей жерлері жатық сұлба тік­сызықты торлардың ішіне кір­гізілген, содан мүсініміз аздап рабайсыз және тұлғалы көрінеді.

Шынтуайтында Еркін Мер­ге­нов мүсін өнерінде осындай дара болған. Ол – авангардшы және модернші, туындылары ешкімді де бейжай қалдырмайды. Біреу­лерді тәнті етіп таңғалдырса, ен­ді біреулерді қабылдай алма­са да, барлығының жадында қа­лып өнер және өмірдің мәңгілік құн­­дылықтары туралы ойлануға мәжбүрлейді.