Қазақстан • 22 Шілде, 2021

Тәуелсіздік мерекесіне – 800 іс-шара

668 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдің төрі елорда да Тәуелсіздік мерекесіне ерекше дайындықпен келіп отыр. Ұлы мейрамды тойлау мақсатында қалалық әкімдік бас-аяғы 800-ден астам іс-шараны қамтитын бірыңғай жоспар құрыпты.  

Тәуелсіздік мерекесіне – 800 іс-шара

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мере­ке­леуге байланысты өткен онлайн бри­фингте Нұр-Сұлтан қаласы ішкі сая­сат басқармасының басшысы Дәу­рен Бабамұратов бүгінге дейін халық­аралық, республикалық, қалалық және аудандық деңгейде 300-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылғанын атап өтті. Отыз жылдықты мерекелеуге қатысты әртүрлі форматтағы тағы 800-ден астам шара өткізілмек. Оның 700-ден астамы қалалық және аудандық деңгейде болса, 80-і халықаралық және республикалық деңгейде ұйымдастырылмақ. 

«Жастар арасында спортты насихаттау, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеу мақсатында қала әкімдігі Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғын ме­рекелеу аясында бірқатар респуб­ликалық және қалалық спорттық іс-ша­­ралар өткізді. Сондай-ақ қала тұр­ғындарын бұқаралық спортқа тарту үшін спорт нысандары да ашылды. Атап айтқанда, Бокс орталығы, Көркем гимнастика орталығы және Жекпе-жек залы қазір жұртшылықтың жиі баратын мекеніне айналды. Қаланың шеткі елді мекендері де назардан тыс қалған жоқ. Өндіріс, Көктал сынды алаптарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жауынгерлік өнер орталықтары ашылды», дейді Д.Бабамұратов.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілетін шараларға елорданың барлық мәдениет мекемесі жұмылмақ. Мереке барысында офлайн және онлайн режімде арнайы тақырыптағы концерттік бағдарламалар, спектакльдер, қойылымдар, шығармашылық кештер, көрмелер, экскурсиялар өткізіледі.

Бүгінге дейін қалада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 қайырымды іс өткізілетіні хабарланған еді. Жалпы, мұндай шаралар жыл сайын қолға алынады. Бірақ отыз жылдықтың аурасы ерекше. Осыған орай ұйымдастыры­ла­тын мерекелік шаралардың ауқымы да бөлек. Мейрамда мерекелік көңіл күйді көтеру мақсатында концерттік бағдарламалар ғана емес, елдің есінде қаларлық қайырымдылық акциялары, қамкөңіл жандарға қолұшын беру, әлеуметтік көмек жасау,  асар өткізу секіл­ді шаралар да қамтылмақ.

Айтпақшы, дарынды жастар да назардан тыс қалмайды. Олардың талантын ұштау, қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты 30 грант берілгелі отыр. Елорда Инфо сайтының хабарлауынша, жастар «Ғылым», «Мәдениет», «Бизнес», «Ақ­па­раттық технологиялар», «Медиа» бағыттары бойынша өз жобалары мен жаңа идея­­ларын ұсынып, бақ сынай алады. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары дарынды әрі қабілетті жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын беріледі. Үміткерлердің конкурстық өтінімдерін қабылдау 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл – талантты жастарға үлкен мүмкіндік», дейді Жастар және отбасы істері коми­тетінің төрағасы Шахмардан Бай­манов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығына арналған шаралар көп. Әлбетте, пандемияға байланысты жоспарға өз­герістер енгізіліп, форматы түзетілуі мүм­кін дейді ұйымдастырушылар. Де­ген­мен де басты шаралар өткізі­леді. «Жыл соңына дейін қалада ел еге­мен­дігі­нің 30 жылдығына арналған жүз­де­ген спорттық, мәдени, ғылыми-та­ным­­дық, қайырымдылық іс-шара­сын өт­кізу жоспарда бар. Бұл жағдайда са­ни­тар­лық нормалар мен шектеу ша­ра­лары қатаң сақталады», дейді Д.Бабамұратов.

Басқарма басшысы, сондай-ақ мау­сым-шілде айларында Нұр-Сұлтанда Мемлекеттік рәміздер күні, Медицина қызметкерлері күні, Қазақстан полиция­сы күні және Елорда күні сияқты мерекелерге арналған 200-ден астам түрлі іс-шара өткеніне де тоқталды. «Биыл Елорда күнін мерекелеу әлеуметтік жобаларға арналды және тек әлеуметтік сипатта болды. Осылайша, халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кезекте тұрғандарға пәтер кілті тапсырылды, құрылысы ұзаққа созылған 20 үй аяқталды, Өндіріс және Көктал елді мекендерінде ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Сонымен қатар көру қабі­леті бұзылған балаларға арналған маман­дандырылған балабақша ашылды, 50-ден астам ауланың, 10-ға жуық қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқ­талды», деді ол.

Бұдан бөлек, елордада қазақ хал­қы­ның белгілі тұлғалары — Дина Нұр­пейісоваға, Қаныш Сәтпаевқа, Әли­хан Бөкейханға, Ахмет Байтұр­сын­ұлы­на және Міржақып Дулатұлына ескерт­кіштер орнатылды. Сондай-ақ Тәуел­сіздік мерейтойына орай Нұр-Сұлтанда «Құтқарушылар саябағы» ашылды.