Қоғам • 23 Шілде, 2021

Адалдықты мұрат еткен

354 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кез келген саланың абырой-беделін ісіне мығым, мамандығына адал азаматтар асырады. Солардың бірі – Жамбыл облыстық жер­гілікті полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев десек, қателеспейміз. Өткен жылы ол Пре­зидент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Адалдықты мұрат еткен

«Әкеміз ұл-қыздарын еңбек­ке баулыды. Жұрттың ала жібін ­ат­тамауды санамызға сіңірді. Қа­­зір қарашаңырақта отырған анам үй шаруасында болса да ақылды еді. Әкені қалай қадір­леу керектігін анамыздың арқасын­да білдік. Ала таңнан қас қарайған­ша, кейде тіпті бірнеше күн бойы үйде болмайтын, жұмысымен жүретін әкеміздің қабағына қа­рап өстік», дегенді жиі айтады Рахымберді Дулатұлы.

Ол тәртіп сақшысы болатынын әу бастан білген. «Әлі есімде, бала кезімнен жол полицейі болуды армандайтын едім. Біздің аймақта құм көп, қолға түскен заттарды сым темірмен бір-бі­ріне байлап, бала қиялмен кө­лікке ұқсатып алатын едік. Ша­шылып жатқан дүниелерден МАИ бекетін тұрғызып аламын, өзге балаларға МАИ инспекторы болатынмын», дейді полиция полковнигі балдәурен бала кезін еске алып.

Отан алдындағы әскери борышын орындап қайтқан Рахымберді білімсіз болашақ бұлыңғыр екенін жақсы түсініп, керек құжаттарын алып, Алматыға жолға шығады. Сол кездегі В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын және көршілес Қырғыз елін­дегі И.Арабаев атындағы уни­верситетті «Жол қозғалысын реттеу» мамандығы бойынша бітірді.

Бұл кез – экономикалық дағ­да­рыс жылдары болғандықтан уақытша болса да әртүрлі шаруаларды атқаруына тура келді. «Білімім мынадай» еді деп таң­даған мамандық негізінде қызмет іздейтін кез емес.

Оның бала арманы еліміз өт­пелі кезең қиындықтарын еңсеріп, ес жия бастаған тұста ғана орындалды. 1997 жылы ол Алматы облысы жол полиция бөлімінің аға инспекторлығынан бастап, адал еңбегімен, зор жауапкершілігімен көзге түсіп, облыстық жол полициясы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Айналасы он жылдың ішінде бі­лімін шыңдап, біліктілігін қай­рап, Павлодар облысы жол по­лициясы басқармасының бас­тығына дейін жоғарылады. Ал ке­йінгі үш жылдан бері Жам­был облысы Жергілікті полиция басқармасының бастығы қыз­метін атқарып жүр.

Рахымбердінің еңбек жолы қыз­метіне байланысты есте қа­лар­лық оқиғалардан кенде емес. Талай қылмысты ізін суытпай ашты. Қиын да күрделі істердің басы-қасында болды.

Енді ғана полиция қызметіне кі­рісіп жатқан кезі. Жас маманға ең ауыр іс – жол бойында адам қағу фактісі тіркеліп, кінәліні табу, болған төтенше оқиғаның мән-жайын анықтау тапсырылады. Адам өліміне қатысты іс­ті жүргізу қанша қиынға соқса да, ақыры қылмыскерді қолға түсіреді.

«Көрші ауданнан газ таси­тын мекемеге жаңа «ЗИЛ» ауыр жүк көлігі келген екен. Әлі мем­лекеттік тіркеуге тұрмаған. Газ таситын мекеме өз ұжымы ішінен бір жүргізуші тағайындап, нөмі­рі жоқ жаңа машинаны бекітіп береді. Осы жерде жүргізушіге арам ой келіп, бұзылып тұрған ескі көліктің нөмірін шешіп алып, жаңа «ЗИЛ» көлігіне тағып алған. Сонымен көрші аудандағы бажасына барып, ішімдік ішіп, тойлап, күн бата ел көзіне түспейін деп жолға шығады. Осы жолда рульге мас күйінде отырған жүргізу­ші жол шетінде кетіп бара жатқан адамды басып өлтіреді. Оның кім екенін анықтау оңайға түскен жоқ», деп еске алады Р. Әшкеев.

Ал бұл кезде тергеушілер кү­дікті ретінде басқа көлікті тұраққа қойып, жазықсыз бір жүргізушіні алқымнан алып жат­қан. Жауапқа тартылған адам­ның бар кінәсі – жол бойындағы тексеру кезінде қайтыс болған адамның қасында суретке түсіп қалғаны. Демек, жазықсыз жапа шегетін түрі бар.

Рахымбердінің түйсігі алдамаса, кінәлі ол емес. Әрі қарай іздестіру жұмысын жалғастыра береді. Газ таситын мекемеге қайта-қайта барып жүріп, осы жақтан бір іліктің табылатынына іштей сенімді. Өйткені бір адам жол бойында осы мекеме­ге тиесілі ауыр жүк көлігін көр­генін айтқан. Ол жүк көлігі бор­тының алдыңғы жағындағы жо­ғарғы екі шетінде қызыл жалау бар дегені есінде қалған. Ол кез­­де газ таситын машина солай жабдықталатын. Сонымен бір­­неше мәрте барып, жаңадан кел­­ген «ЗИЛ» машинасының ал­­дыңғы бампері мен капотында аз­­дап майысқан із қалғанын бай­­қайды. Қоярда қоймай сарап­та­ма жасатып, ақыр соңында қыл­­мысқа қатысты жүргізушіні та­бады.

Тергеу кезінде жүргізуші өз кінә­сін мойындады. Сот оны 8 жыл бас бостандығынан айырды. Осы аралықта күдікті деп та­нылған адам қамаудан босатылды.

Полиция полковнигі мұндай оқиғалардың талайын көрген, талай іс-шараға жетекшілік жасап, көптеген қылмыстың дер кезінде бетін ашқан. Осын­дай абырой­лы қызметі үшін Тәуелсіздігіміз­дің 10, 20, 25 жыл­дығына бай­ланысты мерекелік медальдармен марапатталған. Іш­кі істер министрінің қолынан «Ең үздік қызметкер» құрметті атағының төс­белгісін алған.

Жамбыл облысы Жергілікті по­лиция басқармасының басшы­лығына Рахымберді Дулатұлы келгелі полицияға деген халықтың сенімі арта түсті деуге болады.

«Мен өз әріптестерімді адал болуға, халық игілігіне қыз­мет етуге, полицей атына кір кел­тір­меуге үндеуден жалыққан емес­пін. Өзім де сол үдеден шы­ғу­ға бар күш-жігерімді салып ке­лемін. Өмір бойы сол мұ­рат­тан танған емеспін. Менің кәсі­бімнің қиындығын отбасым да бі­леді. Әр кез қолдау танытып, тү­сіністікпен қарайды. Менің қыз­метімнің қаншалықты қиын екен­дігін көріп өскендіктерінен бе екен, әйтеуір, екі ұлым құқық қорғау саласына жақындаған жоқ. Өздері таңдаған мамандықтар­мен айналысып, елге қызмет жасап жүр», деп ағынан жарылды полиция полковнигі.

 

Жанкелді АМАНКЕЛДІҰЛЫ