Аймақтар • 23 Шілде, 2021

Жағажайдағы жаға ұстатқан жағдай

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы жағажайлардың бірінде болған жаға ұстатарлық жағдай өңір басшысы Ғали Есқалиев жетекшілік ететін коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жедел штаб отырысында талқыланды.

Жағажайдағы жаға ұстатқан жағдай

Оқиға былай болған: 17 шіл­де күні кешкісін Бәйтерек ауда­нындағы Жайық ауылы тұсында жағажайда 150-дей халық жиналған көпшілік іс-шара өткен. Арнайы құрылған, қызыл-жасыл шам­дар­­мен жабдық­талған сахнада екі еркек пен бір әйел тыр жала­ңаш шешініп, билеп жатқаны түсі­рілген бейнежазба аз уақытта әлеу­меттік желіге тарап, жұрт­тың ашу-ыза­сын туғызды. Бірін­шіден, пан­де­мияға байланысты «қызыл аймақ» мәр­тебесіндегі облыста мұн­дай көпшілік іс-шара қалай ұйым­дас­тырылған? Екіншіден, әдеп қағи­да­ларын аяққа таптаған мұн­дай арсыз көріністі ашық далада өткі­зушілер кімдер?

– Бәйтерек ауданындағы Трекин ауылдық округіне қарасты Жайық ауылында жаңа жағажайдың ашылуына орай іс-шара өтіп, оған 150-дей адам қатысқан. Бұл жөнінде біздің мекемеге полиция департаментінен іс материалдары келіп түсті. Осы іс-шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған кәсіпкерге 670 мың теңге айыппұл салу жөнінде шешім қабылдағалы отырмыз, – деді Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиялық бақы­лау департаментінің басшысы Мұ­хам­ғали Арыспаев.

Батыс Қазақстан облыстық по­ли­­ция департаменті басшысының бі­рінші орынбасары полковник Мер­хат Әженовтің айтуынша, жаға­­жайдағы арсыз көріністі ұйым­дастырғандар «Ұсақ бұзақылық» бабымен жауапқа тартылады. Қазір кінәлі адамдар анықталып жатыр.

Бір айта кетерлігі, ауданда ресми түрде ашылған екі-ақ жағажай бар екен. Атышулы оқиға есепке алынбаған әрі жекеменшік аумаққа тиесілі жерде өткен көрінеді. Сон­дық­тан да мониторингтік топтардың назарына түспей қалған. Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов болған оқиғаның мән-жайын анық­тап жатқанын, кінәлілер жауапқа тартылатынына уәде берді.

– Бір топ адам карантин талап­тарын бұзып, мәдениетке жат қы­лықт­арымен облысты ел алдында қара­бет қылды. Осындай көргенсіз әрекет жасағандарды, бейәдеп іс-шараны өткізуге атсалысқандар­ды қатаң жазалау қажет. Бәйтерек ­ауданында карантиндік талап­­тар­дың сақталуын қадағалау тиісті деңгейде еместігі белгілі болды. Сол себепті аудан әкімі Марат Тоқжановқа қа­таң сөгіс жария­лаймын. Осы аудан әкімінің идео­логияға жауап­ты орынбасарына, оқиға болған ауыл­дың әкімі мен оқиғаға жол бер­ген мониторинг топ басшысына қа­тысты тиісті деңгейде тәр­тіп­тік шара қолдануды тапсырамын. Жағажайды жалға берген кә­сіп­­керді және жалға алғандарды қа­таң жазалаған дұрыс. Демалыс күн­дері жағажайлар мен басқа да көп­шілік тынығатын орындар жа­был­сын деген бас санитар дәрігердің ұсынысын қолдаймын, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 

Батыс Қазақстан облысы