– Алексей Луценко қазір нағыз бабында. «Тур де Франс» додасында алғашқы жетілікке кірді. Аталған жарыстан соң Дмитрий Груздев де жақсы бабына енді. Вадим Пронский соңғы екі аптада биік тауда жаттығу өткізді, өзін өте жақсы сезінуде. Олардың ең негізгі міндеті – Алексейдің соңғы елу шақырымда өзгелерден алға қарай суырылып шығуына мейлінше жағдай жасау, – деген А.Базаев жеңіске жету үшін спортшыларға не істеу керек екенін айтты. – Жарыс өте қиын жағдайда өтеді. Оның үстіне, күн райы да 32 градустан жоғары болмақ. Жаңбыр мен ылғалдылық та жағдайды қиындата түсетіні бар. Десе де, Алексейдің мүмкіндігі жоғары деп есептеймін. Жалпы, рельеф бойынша жарыс Луценконың ыңғайына келеді. Тек 115-ші шақырымда басталатын 15 шақырымдық тау жолы қиындық туғызуы мүмкін. Одан кейінгі биік жерлер алты шақырымнан аспайды. Мақсатымыз – үздіктер қатарынан көріну.
Естеріңізге сала кетейік, велоспорттан Қазақстан құрамасы 24 шілде күні тас жолдағы топтық сайысқа қатысады.