Аймақтар • 23 Шілде, 2021

Жеке азаматтардың жауапсыздығы бүкіл қоғамға қауіп төндіреді – М.Әйтенов

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеке азаматтардың жауапсыздығы бүкіл қоғамға қауіп төндіреді – М.Әйтенов

Онлайн форматта өткен жиында қаланың эпидемиологиялық жағдайы талқыланып, індеттің таралуына тосқауыл болатын мәселелер айқындалды.

Соңғы дерек бойынша қалада жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 14015 адамға жеткен. Оның ішінде 9075 адам емделіп шыққан. Соңғы тәулікте дерттің 488 жағдайы тіркелген. Ауру жұқтырғандармен байланыста болған 8576 адам анықталып, дәрігер қадағалауына алынған. 3277 адам үй бақылауында болып, 1853 адам стационарға жатқызылған.

Жедел жәрдем қызметі бойынша ең көп шақыртулар 20 шілде күні тіркелді. Ол күні тұрғындардан 2416 шақырту келіп түскен. Оның ішінде аурудың пневмония диагнозымен 223 шақырту болса, жедел респираторлық вирустық инфекция диагнозымен 437 шақырту түскен. 

Қалада вакцинаның бірінші компоненті 349 902 адамға егілсе, екінші компонентін 229 273 адам алған. Қаладағы медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмек қорымен толықтай қамтылған.

1

Эпидемиологиялық ахуалдың даму үрдісін талдаудан өткізген қала басшысы М.Әйтенов, індет таралуына себепші болатын барлық жағдаяттардың алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Оның ішінде инфекциялық науқастар жатқызылған емдеу мекемелерінің шайынды суын залалсыздандыруды, медициналық қалдықтарды жоюды тиісті талаптарға сәйкес атқаруды жүктеді.

Жиын барысында айтылған мәліметтерге сүйенсек, карантин талаптарының сақталуын бақылайтын мобильді топтар соңғы бір аптаның ішінде 3930 нысанға мониторинг жүргізіп, 186 нысанның режимді бұзғаны анықталған. Қала әкімі талапқа бағынбай отырған мұндай нысандар қоғамдық денсаулыққа нұқсан келтіріп отырғанын айтты.

Салалық мемлекеттік органдар халыққа ақпарат жеткізуде қоғамға ой салатын сараптамалар беруі керек екенін атап өтті. Мәселен, қазіргі деректер бойынша, вакцина алған медицина қызметкерлерінің арасында коронавирус індетін жұқтыру деңгейі вакцинаға дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда едәуір азайған. Вакцина алған тұрғындар арасында індеттен қайтыс болу дерегі тіркелмеген. Ауырғанның өзінде екпе алғандарда бұл ауру жеңіл өтіп, адам өміріне қауіп төндірмейтіні айтылды.

«Ашық» жобасына қатысатын бизнес субъектілерге келушілер арасында 208 адамның – «сары», 82 адамның «қызыл» статусы бар екені анықталған. Яғни, бұл азаматтар айналадағы адамдарға вирус жұқтыруы мүмкін екенін саналы түрде білген. Соған қарамастан, қоғамдық орындарға баруын доғармай, жауапсыздық танытқан. М.Әйтеновтің айтуынша, жеке азаматтардың жауапсыздығы – бүкіл қоғамға төндіретін қауіп. Сол үшін халық денсаулығын қорғауда жүйелі ақпараттық жұмыстар жүргізу керек.

2

«Сонымен бірге, мониторингтік топтардың қызметінде қателіктерге жол жоқ.  Анықталған әрбір науқас дәрігерлердің қадағалауында болып, онымен байланыста болғандармен жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек. Қажеттілік болған жағдайда аудандардағы мониторингтік топтар санын арттыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырамын», деді әкім.